«Тауына қарасам, Алматы секілді, өзеніне қарасам, Астана секілді, терегіне қарасам, Тараз секілді. Үшеуін қосып қарасам, Талдықорған екен!»
Бұл жас ақын, Ерлан Жүністің Талдықорған туралы айтқаны. Жақында ғана Алматы облысының орталығына қоныс аударған ақын алғашқы шығармашылық кешін өткізіп үлгерді.
«Сәрсенбінің сәтінде» деп аталған жиынға Жетісу жеріндегі ақын-жазушылар мен оқырмандар қатысты. Олардың алдында Ерлан Жүніс соңғы жазған туындыларын оқып, пікір-алмасты. Сұрақтарына жауап берді. Ерлан Жүніс қазақ поэзиясында өзгеше үні бар, сарыны бөлек ақын. Оқырмандарына ойлы, мәнді жыр ұсынуға шебер.
Оның 2001 жылдан бері бірнеше жыр жинақтары жарық көрді. Алғашқысы — «Жыр-перзент». Сосын «Киелі түндердің дұғасы», «Хауас», «Үміт жырлары» атты өлең кітаптары бар. Жетісулық жас ақын халықаралық «Шабыт» фестивалінде «Әдебиет» аталымы бойынша гран-при және Президент кубогын иеленген. Бұл 2006 жылы болатын. Ал араға алты жыл салып мемлекеттік «Дарын» сыйлығын иеленді.