Талдықорғанда атауы қызық жарыс өтті. Қазақшасы «алып адам» деген мағына беретін тартысты бәсекеге Жетісудың ең мықты жігіттері қатысты. Олар 200 келіден асатын зілтемір мен бөренелерді көтерді. Ауыр доңғалақтарды итеріп, машиналарды сүйреді.
«Жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға үндейтін бүгінгі заманның экстремалды спорт түрлерін дамыту өте маңызды. Сондықтан облыстық деңгейде өтіп жатқан жарысты республикалық дәрежеге көтергіміз келеді», — дейді ұйымдастырушылар.
Алып жігіттер айқасында топ жарған үш спортшыға бағалы сыйлықтар мен дипломдар тапсырылды.
Бағдат Науқанов, облыстық жастар саясаты орталығының бөлім басшысы:
— Балуан Шолақ атамыз секілді алып та мықты жастардың бізде барына нық сенеміз. Сондай жастарды осындай спорт түріне шақырып, бүкіл дүние жүзіне осы спорт түрінен өзіміздің елімізді паш ететіндей жастарды дайындау – біздің мақсатымыз.