Республика сарайы мен «Ақтөбе» футбол клубы ұстағанның қолында кеткелі тұр. Олар жекешелендіруге жататын нысандар қатарына енді. Ең қызығы олардың 100 пайыздық үлесі бір теңге тұрады екен. Тиісті ақпараттты мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті ресми сайтында таратып отыр деп хабарлайды Астана арнасы.
«Қайрат» футбол клубы акциясының 30 пайызы да жекешелендіруге шығарылды. Құны 1,3 млрд теңге. Жекешелендіру тізімінде Алматы циркі де бар. Бірақ бағалау құны 0 теңге деп көрсетілген. Келер жылы жекешелендіру науқанының аясында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры 10 нысанды сатылымға шығармақ. Олардың арасында ең қымбаттары – “Қазатомөнеркәсіп». 10 пайыздық үлесінің бағалау құны – 20,87 млрд теңге. «Қазақстан темір жолы» – 122,3 млрд теңге. Қазақ-Британ техникалық университетінің бағалау құны – 14,7 млрд теңге. «ҚазАгро» холдингі де активтерін сатылымға шығармақ. Олардың құны бір теңгеден бастап 3,8 млн теңгеге дейін жетеді.
Осы уақытқа дейін жекешелендіру аясында құны 70,75 млрд теңгеден асатын 216 нысан жекенің қолына өткен.