Желтоқсан айының 3-5 күндері аралығында Тараз қаласында Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай, Қазақстан Республикасы қазақ күресі федерациясының кубогы өтеді. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәжілісінде ҚР Күрес федерациясының президенті Арман Шораев айтты.
– Биылғы жылы алғаш рет Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай қазақ күресінен федерация кубогын өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл жарысты өткізуге ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы» және Жамбыл облысы әкімдігі ат салысады. Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында өтетін федерация кубогына жалпы саны 14 команда қатысады. Олардың қатарында қазақ күресінен мамандандырылған мемлекетттік және жеке спорт клубтары, құрамында қазақ күресі бөлімі жұмыс жасайтын балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебі, олимпиадалық резерв орталығы, жоғарғы спорттық шеберлік мектебі, қазақ күресі бөліміне жағдай жасалған мамандандырылған арнайы орта оқу орындары мен ЖОО-ның командалары бар, – дейді А. Шораев.
Сайыс барысында палуандар 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100 және +100 келі салмақ дәрежелері бойынша командалық сында бақ сынайды. Іріктеуден финалдық кезеңге жеңіске жеткен 8 команда жолдама алады.
Айта кетейік, Федерация кубогының жүлдегерлеріне қомақты ақшалай жүлде қоры тағайындалған. Бұл республика бойынша жүлде қоры жағынан алғашқы үштікке кіретін жарысқа баланып отыр.
1-орын – 10 млн. теңге;
2-орын – 5 млн. теңге;
3-орын – 2 млн. теңге;
4-орын – 800 мың теңге;
5-орын – 700 мың теңге;
6-орын – 600 мың теңге;
7-орын – 500 мың теңге;
8-орын – 400 мың теңге.