Өткен аптада Екібастұзда жеткіншектермен жүздескен спортшы бүгін астаналық балғындарға өз білгенін паш етті.
Биыл жұптық сында екі бірдей үлкен шлем жарысының финалында ойнаған жерлесіміз демалысты Қазақстанда өткізіп, ракетка ұстаған кейінгі буынмен жаттығу жасауды жөн көріпті. Елордадағы Теннис академиясының жасөспірімдерімен кортқа шыққан Шведова теннистің қыр-сырымен бөлісті. Соққы жасаудың түрлі әдіс-тәсілдерін көрсеткен теннисші дұрыс жаттығуда үлкен мән бар екенін тілге тиек етті. «Мұндай шеберлік сабағының берері мол», – дейді спортшы. «Үлкен жетістіктерге жету жолы – алдыңғы буынға еліктеуден басталады». Ярослава жексенбі күні жаңа маусымға дайындықты бастау үшін шетелге аттанады.