Алматы облысында аудандар дамуындағы теңсіздікті төмендету мақсатында 11 өндірістік алаңдар құрылуда. Экономикалық дамудың жаңа нүктелерін қалыптастыру үшін жалпы алаңы 477 га болатын жер учаскелері белгіленді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов айтты.
Аймақ басшысының айтуынша, үш индустриалды аймақта («Боралдай», «Арна», «Талдықорған») және Шамалған өндірістік аймағында 28 кәсіпорын орналастырылып, бес мыңға жуық жұмыс орны құрылған. Бүгінгі күні өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемінің 23,3% (128,7 млрд. теңге) солардың үлесіне тиесілі.
Бұл орайда қаржылық сауықтыру мен кәсіпкерлік субъектілерін қолдауға бөлінген қаржы үлкен көмек болғанын да атап өтті А. Баталов. Жалпы, несиелендіру көлемі 41 млдр. теңгені құрап, үш мыңнан астам жұмыс орнын құрып, сақтап қалуға мүмкіндік берген.