Бүгінгі таңда Алматы облысында алты апатты жағдайдағы мектептің бесеуі күрделі жөндеуден өтіп, біреуі ғана қалып тұр. Оның өзі 2016 жылы толық жөндеуден өтіп, қалпына келтіріледі. Нәтижесінде өңірде апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі толықтай шешілетін болады. Бұл туралы Алматы облысының әкімі А. Баталовтың қатысуымен ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде белгілі болды.
Мәлім болғандай, үш ауысымды 59 мектептің орнына жаңадан 11 мектеп салынып, бүгінде тағы 6 мектептің құрылысы жүргізілуде. Алдағы жылдары қосымша 36 мектеп салынатын болады.
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 — 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында үстіміздегі жылы 19 мектеп пен 7 балабақша пайдалануға берілді. Ал «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 6 мектеп пен 3 балабақша салынуда. Олардың құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталатын болады.