ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Бейжің шет тілдері университеті (БШТУ) жанындағы «Қазақстан орталығын» ашу рәсіміне қатысты.
«Қазақстан орталығы» Қазақстанның тарихын, тілін және мәдениетін, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясының құндылықтарын, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саяси бастамаларын ілгерілетуге және дәріптеуге арналған көпшілік дипломатия саласындағы функционалды алаңға айналады.
Келер жылы БШТУ базасында «Қазақ тілі және елтану» мамандығы ашылады. Алғашқы 15 қытайлық студент қыркүйек айынан бастап оқуға кіріседі.
Бақытжан Сағынтаев БШТУ мен «Назарбаев Университет» арасында ғылыми-академиялық ынтымақтастық орнатуды ұсынды, онда Қытайды зерттеу бойынша Еуразиялық орталық құру жоспарланған.
Бейжің шет тілдері университетінің негізі 1941 жылы қаланған, қазіргі таңда аудармашы-синхроншыларды, дипломатия, сыртқы сауда саласындағы мамандарды даярлайтын әлемдік деңгейдегі мамандандырылған ең ірі оқу орындарының бірі болып табылады. Оның жанында 20-дан астам шет тілдері орталықтары жұмыс жасайды.