Бүгін Елбасының туған жері — Алматы облысындағы Үшқоңыр ауылында Тәуелсіздік күніне арналған «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік!» атты салтанатты жиын болып өтті деп хабарлайды jas.kz порталы.
Оған Қарасай аудандық әкімдігі, Үшқоңыр ауылдық округының өкілдері, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлері қатысты.
Алматы облысы, Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Жұмаділ Нұрсұлтан жиналған қауымды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, бұл күннің ел тарихындағы маңызын атап көрсетті.
«Тәуелсіздік — ұлт тарихындағы жеңістеріміз бен табыстарымыздың бастауы. Мемлекетіміздің іргесі нығайды, ынтымағы жарасқан тату елімізде достығымыз бен экономикамыз өркендеп, халықтың әл-ауқаты жоғары деңгейге көтерілді. Қазақстанның көпұлтты халқы өзінің 2050 жылға дейінгі даму жолын белгілеп, нағыз қуатты да табысты ел болуға ұмтылуда. Тәуелсіздіктің 24 жылында еліміз қиян асулар мен қилы белестерді артта қалдырды. Мәңгілік ел болуды мұрат етіп, экономикалық өсім мен халықты жұмыспен қамтуды мақсат тұтқан «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауы, дағдарыс салдарына қарсы ұтымды шаралар мен көпсалалы бағыт-бағдарлар ұсынып отыр. Жолдау тапсырмаларын мерзімінде және сапалы орындауда жұдырықтай жұмылып, ұйымдасып ұмтылыс жасасақ, біз дағдарысты еңсеретінімізге сенімдімін», — деді Ж. Нұрсұлтан.
Мерекелік шара барысында ауданның әлеуметтік экономикалық дамуына қомақты үлес қосқан азаматтар марапатталды. Сонымен қатар, Тәуелсіздік мерекесіне орай ауданның жас мемлекеттік қызметкерлері адал қызмет етуге ант берді.
Салтанатты жиынның соңы мерекелік концертке ұласты.