Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының жанынан «Ақ сезім» қыздар бірлестігі құрылды. Бойжеткендерге саналы тәрбие беріп, халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін дәріптеуді мақсат тұтатын бірлестіктің тұсаукесер рәсіміне Жамбыл облыстық Іскер әйелдер қауымдыстығының мүшелері, институт оқытушылары мен студенттері қатысты.
Жиынның ашылу салтанатында институт ректоры Дария Қожамжарова қыз баласының тәрбиесі турасында тоқталып, оның қай кезде де үлкен жауапкершілік жүктейтіні жайында баяндады.
«Іргетасының қаланғанына 50 жылға жуық уақыт өткен Тараз мемлекеттік педагогикалық институты осы жылдар белесінде мыңдаған маман тәрбиелеп, білікті ұстаздардың санын арттыруға сүбелі үлес қосты. Оқу орнында білім алатын студенттердің 88 пайызы қыздар болса, мұнда еңбек ететін ұстаздардың 90 пайызы әйелдер. Институт кәсіби сапалы маман ұстаз дайындаумен қатар, бойжеткендерге саналы тәрбие беріп, халқымыздың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін дәріптеуді қолға алып отыр. Бүгінгі ару қыздар, білімді бойжеткендер асыл әжелеріміздің тағылымды тәрбиелерін бойларына сіңіріп өсу қажет. Елдің мұраты, ұлттың ұяты саналар қазақ қыздарына ата-бабаларымыз қырық үйден тыйым салып, көзінен таса қалдырмай, тәрбиесіне үлкен мән берген. Әйел – шаңырақтың құты, бағы мен берекесі, отбасының ұйытқысы, тұрмыстың сәні мен салтанаты. Дүниедегі мейірім мен махаббат ана сүтінен дарып, әйел жүрегіне ұялаған дейді. Сондықтан да олардың бойына қазақы тәрбиені мықтап сіңіруді басты парызымыз санаймыз», – деді Д. Пернешқызы.