ОҚО-да Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай 30 мың студенттің қатысуымен таңертеңгілік жаттығу өтті.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығының құрметіне орай, Оңтүстік Қазақстан облысындағы 11 жоғары оқу орнында 30 мыңға жуық студенттің қатысуымен бір мезетте таңертеңгілік жаттығу өтті. Іс-шараның негізгі бөлігі Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Педагогикалық институты мен М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да өтіп, оған 1 мыңға жуық студент қатысты.
Ұйымдастырушылар бір мезетте бірдей жаттығу жасау арқылы өңір жастарын отансүйгіштікке тәрбиелеп, салауатты өмір салтын ұстануға, елін, жерін қорғаған өрендерімізге құрмет көрсетуге баулуды мақсат тұтты.
Айта кетейік, облыстағы 11 жоғары оқу орнының 9-ы Шымкентте, 2-уі Түркістан мен Мақтаарал ауданында орналасқан. Бұл оқу орындарында бүгінгі таңда 66,5 мың ізденуші білім алады. Оның 45 мыңнан астамы күндізгі бөлімде оқыса, 8 мыңнан астамы сыртқы, 13 мыңнан астамы кешкі бөлімдерде оқиды. Еске салсақ, жалпы облыста бүгінде 800 мыңға жуық жас тұрады.