Ақтауда ретро-көрме өтті. Музейге келушілер ХІХ-ХХ ғасырларға жататын ең көне бұйымдарды тамашалап, тіпті кейбірін қолданып та көрді.
Көрмеге қойылған жәдігерлердің сыры кетсе де, сыны кетпепті. Мысалға, өткен ғасырдың күйтабағы мен магнитола әлі сайрап тұр. Көне бұйымдар арасында үй жиһаздары, фотоаппарат, диктофон мен киім-кешектерге дейін бар. Ал шоқпен қызатын үтіктер жұрт назарын аудармай қоймады. 1909 жылы шығарылған «Зингер» тігін машинасы көрмедегі ең ескі әрі құнды дүниенің бірі болды. Қойылған экспонаттардың барлығын мұражайға облыс тұрғындары сыйға тартқан. Ретро-көрмеге қойылған 50-дей көне бұйым 1 ай бойы келушілер назарына ұсынылады.
Раиса Путилина, Алматы қаласының тұрғыны:
— Көрмедегі әрбір дүние менің балалық шағымды еске салады. 60-жылдардағы радиола, патефон, бәрі-бәрі де үйімізде болған. Ал мына ескі үтіктер мен тігін машинасы әжемнің үйін есіме түсірді. Өткен ғасырдың заттары болғанымен, өз құндылығын ешқашан жоғалтпақ емес.
Нұршат Қалкенбаева, мұражай қызметкері:
— Көпшіліктің қызығушылығын тудырып отырған 50-жылдары шыққан патефон ПТ-3 деп аталады. Әлі күнге дейін жұмыс істейді және қасында Роза Бағланованың пластинкасымен бірге тапсырылған. Сол патефонды жиі тыңдауға келеді адамдар. Шамамен 60-жылдардан бері қарай келе жатқан фотоаппарат және 70-жылдардағы диктофон бар. Көп журналистердің қолына түсе бермейтін диктофондардың бірі. Қасында дыбыс тыңдағышы да бар.