Алматы жастары 2017 жылы өтетін қысқы Универсиаданы қолдап, флешмоб өткізді. Оған қаладағы 10 жоғары оқу орнының студенттері қатысты.
Бір қызығы, бұл мәдени шара байқау ретінде ұйымдастырылды. Сайыс нәтижесінде, әртүрлі музыкаға билеген үздік топтар анықталды. Мұндағы мақсат — жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау.
«Байқау шарты бойынша әр топ 10-15 адамнан тұруы тиіс. Сондай-ақ командаларға бір киім үлгісін кию ұсынылды. Қазылар алқасы осы талаптардың орындалуын және таңдалған әнге де мән берді. Сайысқа барлық топ жақсы дайындалғаны көрініп тұр»,- деді Алматы қаласы салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігерлік-дене шынықтыру бөлімінің меңгерушісі Рыскүл Мирманова.
Байқау қорытындысы бойынша, Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының студенттері бірінші орынды иеленді. Алдағы уақытта мұндай би сайысы колледж түлектері арасында өткізілмек.