Наурыз көже — Ұлыстың ұлы күні жасалатын қасиетті ас. Оған тары, арпа, бидай, бұршақ, күріш сияқты жеті түрлі дән мен ақ қосылады. Түркі халықтарының ұғымында жеті саны қасиетті саналғандықтан, наурыз көжеге жеті түрлі дәм қосылады. Оған қоса, ол — тоқшылық пен ырыс құттың жоралғысы.
Төменде наурыз көженің даярлану үлгісін ұсынып отырмыз.
Құрамы: 1 келі ет
Қазы, қарта
100 грамм бидай
100 грамм күріш
100 грамм жарма (перловка)
100 грамм тары
Тұз
3 литр су
1 литр айран
Қазанға су құйып, ет, қазы-қартаны салып, қайнатыңыз. Алғаш қайнағанда сорпаның көбігін алуды ұмытпаңыз. 1,5-2 сағаттай қайнатып, етті сүзіп алыңыз. Енді дәндерді жақсылап жуып, бірінші бидайды салып, 5 минут қайнатыңыз. Екінші жарманы және күрішті салып, 5 минут қайнаған соң, тарыны салыңыз. Талғамыңызға қарай тұздаңыз. Дәндер пісіп болды-ау дегенде оттан түсіріп, салқын жерге қойыңыз. Қазаннан түсірілген еттерді ұсақтап турап, барлығын сорпаға айранмен қосып араластырыңыз.
Наурыз көже ішілерде ақсақалдар:
Қарық қып құтты Наурыз,
Қазанға толсын сары уыз.
Қайнасын Наурызкөже де,
Толтырып ішкей кесеңе.
Ұлыстың ұлы күнінде,
Көппенен бірге күлімде.
Көбейсін жаңа достарың,
Молайсын елге қосқаның.
Жарасып көңіл хоштығы,
Бекісін халық достығы.
Ішінде жүрсе азғана,
Шайылсын өкпе, наз-нала.
Алдыға сыймай сәбилер,
Құшағын жайсын жаңа үйлер.
Жастардың самсап отауы,
Мейірім төксін Отаны.
Әспеттеп ата дәстүрін,
Әсем боп өссін жас буын.
Кірбің тартпасын кәрілер,
Барыңның дәмді нәрін бер! — деп бата берген.
Ақпарат ғаламтордан алынды