Бұл өмірде адамдардың жан-дүниесін танып-білудің, әрқайсының сана-сезімімен санаса келіп, олардың жеке-дара өзгешеліктерін түсіне білудің маңызы айрықша. Ол әрине, өзара қарым-қатынас жасау, сыйласу барысында анықталатын қасиеттер. Тек есте болатын бір жағдай, жеке адамның әртүрлі ерекшеліктерінің дамып, қалыптасуы оның өзі өмір сүріп отырған ортасына, ондағы қоғамдық қатынастарға (экономикалық, саяси) тәуелді. Өмірдің бір орында тұрмайтыны белгілі. Адамның айналасындағы жағдайлар үнемі өзгеріп отыратындықтан, оның әртүрлі психикалық өзгешеліктері де біртіндеп өзгеріске түседі. Соған қарамастан, адамның сыртқы кескін-келбеті, жүріс-тұрысы, сөйлесу, сәлемдесу әдебі, ұйықтау, отыру мәнері арқылы-ақ оның қандай мінезді, ақыл-парасатының, ерік күшінің, белсенділігінің қаншалықты екенін аңғаруға болады, деп есептейді адам тану бойынша зерттеу жүргізушілер.
Кімнің кім екенін кескін-келбетіне қарамай-ақ, ісінен де білуге болады ғой. Бұл орайда біздің данагөй қазақ былай дейді:
Туыстың кім екенін, басыңа іс түсіп, жалалы болғанда білерсің.
Бауырдың кім екенін, жаның күйзеліп, жаралы болғанда білерсің.
Достың кім екенін, өмір өткелдерінен өтіп, саналы болғанда білерсің.
Жолдасың кім екенін, басыңнан бақ тайғанда білерсің.
Баланың кім екенін күш-қуатың кетіп, қартайғанда білерсің.
Келіннің кім екенін, жағдайың кетіп, жантайғанда білерсің.
Әйелдің кім екенін, шаңырағың шайқалғанда білерсің.
Адам тану – даналықтың қайнар көзі. Ағат айтқан бір сөзі, жаңсақ басқан бір қадамы, өтініш, тілегіңді кешеуілдетуі – асығыс шешім қабылдауға, ол кісі туралы теріс пікірде болуға негіз емес. Өйткені, оның әртүрлі себебі бар болуы мүмкін. Ал адамдардың кейбірі сылтау, себеп айтуға ұялады, тіпті арланады да. Осы есіңізде болсын. Кінәсіз бола тұра ақталғысы келмейтіндер де, «менің ақтығыма сенеме, сенеді, сенбейді ме, өзі білсін», — дейтіндер де бар. Оның бәрі адам жанының күрделілігінен.
Жүсіп Баласағұни айтқан екен: «Кісі танымақ болсаң, ісіне қара», — деп. Адамның уәдесінде тұра білуі, өзгеге жақсылық жасауы, малға да, жанға да мейірімді болуы, жомарттығы, кеңпейілділігі, қарапайым, мәдениеттілігі, еңбекқорлығы оның қандай адам екенін айтқызбай-ақ танытады, өскен ортасы мен алған тәлім-тәрбиесінен де мол мағлұмат береді. Ал мұның сыртында адамның киген киімі мен үйінің тазалығы, ұстаған құрал-жабдықтарының, көлігінің жағдайы, қатысатын ойын-сауығы, әуес әдет-ғұрыптары да оның жан-дүниесінің айнасы. Бұл орайда біздің қазақ тағы да былай дейді:
Жігіттің астындағы атын көріп, жетер жерін біл.
Атының ер-тұрманын көріп, жігіттің шыққан тегін біл.
Үстіндегі киген киімін көріп, кісілігін, жігіттігін біл.
Сөйлеген сөзін тыңдап, алған білімін, тәлім-тәрбиесін біл.
Алайда біздің қазақ осылай деп отырып, ойын былайша да қорытады:
Алтын табақтан ас іш-кеніңнің керегі не, ішкен асыңның дәмі болмаса.
Ұзақ ғұмыр кешкеніңнің керегі не, ғұмырыңның мәні болмаса.
Еңсесі биік шаңырағыңның керегі не, астында сәні мен әні болмаса…
Мамандардың айтуынша, қоғамдық орында сөз сөйлейтін болсаң, кәсіп таңдап, жұмыс іздесең, біреумен танысып, әңгімелесуге ниеттенсең, бастықтарыңнан еңбекақыңды өсіруді өтінгің келсе, ең бірінші, бойыңды түзе, кескін-келбетіңе, киім-кешегіңе көңіл бөл, айтатын сөзіңді алдын-ала дайындап ал, өзіңе-өзің сенімді бол. «Біздің қимыл-қозғалысымыз өзіміздің жеңісімізді белгілеп келеді. Біз өзіміздің қимыл-қозғалысымызды меңгеріп алуымыз керек», — деп жазушы Георги Еллиот айтып кетпекші, адамның дене бітімі мен іс-әрекеті оның психологиялық бейнесін өзгертуге, тіршіліктегі жапа-машақатты кедергілерді жеңуіне көмектеседі.