Тимур Бекмамбетовтың «Дневной дозор» фильмінде қатардағы рөлдердің бірін сомдап кино әлеміне енген ол — бүгінде танымал тұлға. Театр және кино актері, тележүргізуші Әділ Ахметовпен Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Жастар саясаты орталығының» ұйымдастыруымен кездесу өтті. Еркін атмосферада өткен кеште актер қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға бүкпесіз жауап берді.
— Балалық шағыңыз жайлы айта кетсеңіз.
— «Жалпы қаладан келдің ба? Ауылдан келдің ба» деп бөледі ғой. Оның үшінші жағы – қаланың сыртындағы ауылдар бар. Менің туып-өскен жерім Алматының сыртындағы «Қалқаман» деген ауыл. Сондықтан да мен қаланың өмірін де, ауылдың өмірін де білемін деп айта аламын.
— Кино мен қатар театрды да қоса алып жүресіз. Театр әлеміне қалай келдіңіз?
— Кино актері боламын деп өнер жолын таңдадым. «Бауыржан шоуда» ойнауды армандайтынмын. Жүргеновке түсіп, Нұрғали Жақыпбаевтың шеберханасында оқыдым. Ол кісі менің театрға деген махаббатымды оятқан еді.
— Танымал болғанғаннан кейін өміріңіз қалай өзгерді?
— Мен бірден танымал болып кеткен жоқпын. Біртіндеп өз уақытында болды бәрі. Сондықтан бірден танылу қандай сезім екенін айта алмаймын. Оны «Жау жүрек мың бала» фильміне студент болып жүріп, түскен Асылхан, Аяндардан сұрау керек шығар.
— Алдағы жоспарларыңыз қандай?
— Жуырда «Анаға апарар жол» атты жаңа тарихи фильмнің тұсаукесері өтеді. Мен бұл картинада басты рөлде ойнаймын. «Халық қалай қабылдар екен» деген қобалжу жоқ емес. Жазда «Қазақстан» телеарнасы жаңа үлкен жоба бастамақ. Сол жобаның жүргізушісі ретінде шақырылдым. Ал күзде «Жастар» театрында жаңа спектакль қоюды жоспарлап отырмыз.
— Жалпы жүргізушілікке қалай келдіңіз? Басқа саланың адамдары жүргізуші болып жатқанда журналистер ренжіп жатады. Осыған өзіңіз қалай қарайсыз?
2007 жылы Астанаға көшіп келдім. Ол кезде театрымыздың өз ғимараты да болмайтын. «Жастар» сарайындағы аядай бөлмеде дайындалатынбыз. Жалақымыз 19 мың. Ештеңеге жетпейді. 5 адам болып, бір бөлмелі пәтерді жалдап тұрдық.
Бір күні Ғани Құлжанов хабарласты. «Шұғыл шаруаларым шығып қалды. Даусымды салып жүретінің бар ғой, менің орныма елбасын хабарлайсың» деді. Сөйтіп жаңа көпірдің ашылу салтанатында жүргізуші болдым. Содан кейін ұсыныстар түсе бастады. «Әнші балапанның» соңғы түсірілімдерін, «Шабыт» фестивалінің ашылуын жүргіздім.
Айналып келгенде ең мықты, сауатты жүргізушілер ол — журналистердің өздері. Ал актер, жұлдыздарды көбіне жеңіл бағдарламаларды, шоуларды жүргізуге шақырады.
— Образдарыңызды қалай шығарасыз?
— Көбіне кішкентай балаларға қарап, солардың эмоциясынан көп нәрсе аламын. Осы кеш барысының өзінде әр студентке мұқият қарап, бақылап отырмын. Көшеде бір адам кетіп бара жатса да, оның жүрісіне, іс-қимылына қарап тұрамын. Кейін жаңа образға енгенде, соның бәрін есіме түсіремін.
— 2013 жылы берген сұқбатыңызда «кино актері ретінде әлі толық ашылған жоқпын» деген екенсіз. Бүгінде бұл жағдай өзгерді ме?
— Одан бері «Қара шаңырақ», «Анаға апарар жол» сияқты фильм, телехикаяларда түстім. Бірақ бұл әлі де актерлік жолымның кіріспесі деп есептеймін.
— Сіздің көпшілік біле бермейтін тағы бір қырыңыз- футболшылығыңыз бар екен ғой.
— Иә, бала кезімнен спортпен әуестенемін. «Алатау» футбол клубының мүшесі ретінде, жазда Мәсеуде өтетін футболдан жарысқа қатысамын.
— Қандай кемшіліктеріңіз бар?
— Кемшіліксіз адам болмайды. Алайда, өз кемшіліктерің жайлы басқаларға айту дұрыс емес деп ойлаймын. Ал, егер жақындарыңыз сіздің кемшіліктеріңізді байқап, айтып жатса, оны қабылдау керек. Себебі кемшіліктеріңізді түзету арқылы дамисыз.
— Неден қорқасыз?
— Бүгінгі кездесуге келер алдында жүрексіну болды. Жалпы өмірдің өзі – қорқыныш қой. Бұдан кейінгі өмір де – қорқыныш тудырады. Барлығынан қорқамын. Бәлкім солай болу керек шығар.
Кездесу соңында актер студенттердің өтінішімен Ахмет Байтұрсыновтың мысалын оқып берді. Содан соң актерлік шеберлігін көрсетіп, тағы бір өлеңді түрлі образға еніп айтты.
Кеше «Абылайхан» пьесасы керемет өтті. Рахмет, Әділ бауырым! Театрда да, кинода да, өмірде де осындай биік, асқақ қалпыңда, адамдық шыңыңда қал! Тілектеспін!!! 30. 03. 2017.