«Шие бағы» — Чеховтың әйгілі әрі соңғы пьесасы. Оны «Шие» атымен Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының сахнасында қойған Саханың режиссері Сергей Потапов.
Өз сөзінде режиссер «Мұражайлы қойылым қойғым келмейді. Спектакльдерімді қазіргі көрерменге арнап қоямын. Чехов халықаралық драматург болғандықтан, оның пьесасын әр халық өзіне қарай бейімдей алады. Қазақтың мәдениеті мен тариxын есепке алып, қазақ өнеріне де неге солай жасамасқа?» деген еді. Қойылымда кейіпкерлердің есімін өзгертіп, ұлттық нақыштағы атрибуттарды қосып қана қоймай, режиссер өзіндік жаңашалығымен дамытқан.
Басты рөлді жас актриса Ақмарал Танабаева ойнады. Күліп, секіріп, билеп жүрді ол қойылым бойы. «Сендер бәрін қартайып кетіпсіңдер ғой» дейді, әр қайсының жүзіне үңіліп.
«Түпнұсқада Раневская орта жастағы әйел емес пе еді?» деген ой туады көрерменде. Алайда, шие бағымен соңғы рет қоштасып жатып, қартайып шыға келгенде, режиссердің бұл ойы айқындалады. «Шие бағы» Шие ханымның балдәурен өмірі өткен жер, мұнда ол өзін жасарып кеткендей сезінеді. Пәтөнай (Петя) — пәлсапалы ой қозғайды, көп сөйледі, бірақ өзі ештеңе жасамайды. Ондай адамдар қазіргі қоғамда да толып жатыр. Ол кейде Раневскаяның суға батып өлген ұлының кейпіне еніп кеткендей болады. «Кішкентай ұлдың өліміне оның кінәсі бар шығар. Сондықтан баланы жаны оған кірген болар» деп түсіндіреді Сергей Потапов.
Чеxовтың өзі «Лопаxинның образы дұрыс ашылмаса, барлық қойылым құрдымға кетеді» деген. Бұл жауапкершілікті Нүркен Өтеуілов шебер орындады. Гаев — қарындасы сияқты үй мен бақшаның иесі болғанымен, Раневскаяның ағасы деп таныстырылған. Бұл кейіпкердің өзіндігінше өмір сүре алмайтын адам екендігін көрсетеді. Осындай кейіпкерді Қуандық Қыстықбаев жақсы алып шықты. Дарақылана күліп, оғаш қылықтар жасайтын жеңілтек қыз Дарияны (Дуняша) дарынды актриса Алтынгүл Серкебаева ойнайды. Ескеннің (Епиходов) рөлін сомдаған Сырым Қашқабаевты актер ретінде жаңа қырынан, өзгеше образда көрдік.
Бәлкім «Шие бағын» сақтап қалуға болатын ба еді? Бірақ ешкім мәселені шешіп, бас қатырғысы келмейді. Алаңсыз өткен өмірлерін, жоқ, сол кездің елесін ұстап алып, айрылғысы келмейді. Шынайылықты қабылдап, уақыттың талабына төселгісі келмейді. Бір-бірін тіпті тыңдамайды, естімейді де олар.
Спектакльді қайта-қайта көре беруге болады. Себебі әр тамашалаған сайын айтылған сөз, әрекеттерден жаңа мән байқайсыз. Оның тереңдігі де, кереметі де осында.
Суреттер тетардың баспасөз орталығынан алынды.