Оған Қазақстанның алты облысы, Ресей Федерациясының Башқұрт Республикасы мен Орынбор облысынан ауыл жастар қозғалыстарының көшбасшылары қатысты. Шара қонақтарының қатарында Нидерландыдан келген саяхатшылар да бар, деп хабарлайды Baq.kz.
Слет жұмысына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. Өзінің сәлемдемесінде өңір басшысы кез келген мемлекеттің тірегі жастар екенін мәлімдеді.
— Мемлекет басшысы жастардың өздерін дамыту үшін қажетті жағдайлар жасап жатыр. Бүгінде жастарды қолдауға бағытталған көптеген мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Мәселен, «Болашақ» бағдарламасы. 20 жылдан бері осы бағдарлама бойынша еліміздегі ЖОО түлектері әлемнің жетекші оқу орындарында тегін білім алып келеді. Бүгінде аталған бағдарламаның 10 мың қатысушысы экономиканың түрлі салаларында еңбек етіп келеді. Біз қолдау танытып келе жатқан екінші бағдарлама — «Жасыл ел», — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Оның айтуынша, 2016 жылы Ақтөбе облысында осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін 300 млн теңге бөлінді. Облыс әкімі аймақта жас ғалымдар кеңесі құрылғанын, оған көптеген талантты жастардың кіргенін, жастар ресурстық орталығы мен «Ақтөбе жастары» ұйымының жұмыс жасап келе жатқанын жеткізді.
— Біз жастар мәселесімен айналысатын жастар ұйымдарының бір бағытта бірлесе отырып жұмыс жасағандарын қалаймыз, — деді Бердібек Сапарбаев.
Өткізіліп жатқан шараның маңызы туралы «Жасыл ел» жастар еңбек тобы республикалық штабының жетекшісі Рахат Хамидуллин айтып өтті. Өздеріңіз білесіздер, 2005 жылы ел Президенті «Жасыл ел» қозғалысының тұсауын кескен болатын. 10 жылда оның қатарында 250 мың жас азамат ебек етті, ел аумағында 45 млн-нан астам тал екті.
Орынбор облысы жастар қозғалысының өкілдері Ақтөбе облысында үлкен тәжірибе барын алға тартып, тіпті үлгі алуға болатынын жеткізді.
Слет барысында ауыл жастары арасынан шаруалар мен бизнесмендердің, жастар ұйымдары көшбасшыларының жобалары таныстырылды. Шара барысында, сонымен бірге, республикалық «Гүлдене бер, туған ел!» марафон-эстафетасы акциясы және формальды емес пікірталас алаңдары ұйымдастырылды.