Twitter қазір қаржылық қиындыққа тап болды. 24 мамырда MoffetNathanson брокерлік фирмасы компания акцияларына қатысты ұстанымын “бейтарап” мәртебесінен “сату керек” дегенге өзгерткен соң, оның бағалы қағаздары 4,8 пайызға – ең төменгі көрсеткіш 13,72 долларға құлдырады. Бірақ соған қарамастан, twitter микроблогтар сайты қолданушыларға жаңа мүмкіндіктер беретін өзгерістер туралы хабарлады.
Өзгерістер бірнеше айдан кейін ғана пайда болады деген мәлімет бар, әзірге компания олардың нақты уақытын айтпады. Сайтты қолданушылар үнемі хабарлама ұзындығы сілтемені қосқанда 140 белгіден аспайтынына наразылық білдіреді. Өзгерістерден соң бұл ереже сілтемелерге жүрмейді деген болжам бар. Одан бөлек, мәліметтермен жедел әрі оңай бөлісуге, басқа қолданушыға жіберуге мүмкіндік беретін “Ретвит” батырмасы пайда болады.