Хиромант мамандар саусақты пішіміне қарай үшкір, төртбұрышты, доғал, салалы, қысқа деп беске бөледі.
Үшкір саусақ— Хирономия ілімі бойынша мұндай саусақ іскер,қызуқанды,әсершіл,шешемтал адамға бітеді. Сондай-ақ хироном мамандар үшкір саусақ иелері не нәрсеге де шыдамсыз, тұрақсыз, құбылмалы, жұрттың айтқанына ергіш, сенгіш келеді деп есептейді. Кейбірінің тіпті жеңілтек, қатыгез болуы да ықтимал екенін ескертеді.
Төртбұрыш саусақ- Хирономия мұндай саусақты адамның тәртіпті, жинақы, табанды, ынталы һәм досқа адал болатынын айтады. Салт-дәстүрді ұстануға, адам сыйлауға бейім келеді. Нақтылы ғылымдарды игеруге қабілетті, ерік-жігері мықты. Алайда төртбұрышты саусақ иелерінен өзгеге ұқсамайтын ерек қасиет иелері шыға бермейді, өзі түсініп, ұғуға шамасы жетпейтін нәрсені мойындауы қиын. Ойламы да, іс-әрекеті де тек нақтылыққа, материалдық негізге табан тірейді. Мұнысы оның адымын аштырмай, күнделікті ұсақ-түйек тірліктің қызығына байлап тастайтын жағдайларда аз ұшырыспайды.
Доғал саусақ- Саусақ бітімі мұндай жандар қайратты, жігерлі, дербес іс-әрекетке құштар һәм мақтан сүйгіштеу келеді. Басқаның ой-пікірімен санаса қоймайды, үнемі дерлік өзім білемін, өзімдікі дұрыс деген сенім жетегінде жүреді. Хирономия доғал саусақтылардан жұртты соңынан ерте білетін шешен-көсемдердің, мықты актерлардың жиі шығатынын алдыға тартады.
Салалы саусақ- Мұндай адам қандай қиын шаруаны да қиналмай һәм мінсіз атқаруға қабілетті. Бауырмал, жақын-жуықтарына, дос-жарандарына қамқорлық жасауға әзір тұрады. Бірақ басына іс түскен, тығырыққа тірелген кездері тым ұсақтап, өзіне лайықсыз әрекеттерге бару, жоқтан өзгені қазбалап, жөн-жосықсыз қазымырлыққа салыну да салалы саусақтыларға жат қылық емес дейді хирономия.
Сұқ саусақ- Оның ұзындығы ортаңғы саусақпен бірдей болса,онда ондай адамның әміршіл болу, даңқа жету мүмкіндігі өзгелерден әлдеқайда жоғары. Наполеон т.б. көптеген даңқты қолбасшылардың, елбасылардың саусақ бітімі осының дәлелі,- дейді мамандар.
Шынашақтың салалы болуын да хирономия билікке, байлыққа қол жеткізетіндіктің нышаны деп біледі.