21 мамыр күні Астана қаласында елордалық саябақтарды тазалау мен көгалдандыруға бағытталған жыл сайын өткізілетін «Саябақтар маршы» акциясы бастау алды.
Шараның басты мақсаты – жас ұрпақты патриотизм және еңбекті қадірлеу бағытында тәрбиелеу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және де Отанға сүйіспеншілік негізінде азаматтық сана-сезімді дамыту.
Акция аясындағы шара барысында белсеңді жастар Алматы ауданындағы саябақтарды тазалап қана қоймай, елорда демалыс аймақтарын көгалдандырып көріктендірді.
«Саябақтар маршы» акциясы еліміздің барлық аймақтарында жыл сайын өткізіледі және акцияға қатысып, саябақ қызметкерлеріне ағаш егу, тазалық жұмыстарын жүргізу және қоршаған ортаны жақсартуға көмектесуге ниет білдіруші жандардың қатары жылдан жылға артуда.
« Саябақтар – қала адамдары үшін табиғат құшағына батып, демалып, ой сергітетін бірден-бір орын. Сол себепті баршамыз саябақ аймақтарын сақтауға және де көбейтуге ат салысып, тазалық және көгалдандыру жұмыстарын жүргізуіміз қажет», – деп атап өтті «Жас Отан» жастар қанаты Хатшылығының басшысы Аян Сакошев.
Шара ұйымдастырушысы – Астана қаласы жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанаты.