Шығыс әйелдерінің бейнесі дегенде алдымен ауызға оралатыны – «байсалдық», «ұстамдылық», «құпия», «жұмбақ» сияқты сөздер екені баршаға аян. Ендеше, шығыстық сұлулықтың сырлары не, құпиясы қандай? Осыны танып көрелік.
Шығыстық сұлулықтың негізі – ежелден келе жатқан түрлі рецептілер. Шығыстың дана халқы сан мыңдаған жыл бұрын сұлулықтың құпиясын ашып, олардың нақты «формулаларын» жазып кеткен және олар бүгінге дейін еш қасиетін жоймай, кеңінен қолданылуда. Жан сұлулығы – тән сұлулығы екенін түсінген халық тек табиғи өнімдер ғана шынайы сұлулықтың негізі екенін ежелден білген. Сондықтан да өсімдік майлары мен тұнбаларының қасиеттерін жіті зерттеп, оларды жөнімен қолдана алған.
Арган ағашының майы – араб әйелдерінің сұлулығы үшін таптырмас құрал. Арман майын олар ежелден қолданып келеді екен. Бұл өнімді олар шаш пен тері күтімі үшін пайдаланады. Бір қызығы, араб сұлулары арган майын терінің біркелкі тегістігі үшін ғана емес, оның хош иісі үшін де қолданады екен.
Амла тұнбасы немесе үнді тұшаласын шығыс әйелдері шаш күтімі үшін қолданады. Бұл өнім ұнтақ күйінде де, тұнба күйінде де сатылымда бар. Оны маска ретінде шашқа жағады. Нәтижесінде шаш қалыңдап өседі. Амла ұнтағын қолданып жүрген сусабынға қосып қоюға да болады.
Раушан суы – бет терісі үшін таптырмас құрал. Хош иісінің өзі қандай керемет?! Соңғы кезде көптеген қыз-келіншектер оны мицеллярлы су ретінде де жиі пайдаланып жүр. Раушан суы теріні тыныштандырып, беттегі қызылды, қабынуды жояды. Шығыс әйелдерінің тағы бір құпиясы – раушан суын олар тоңазытқышта сақтайды. Суықта тұрса, оның пайдасы артатын көрінеді.
Куркума – жастық пен сұлулықты сақтаушы күш. Әсіресе, бет терісі үшін таптырмас құрал. Шығыс әйелдері сондықтан да оны көп қолданады. Ал пәкістандық, үндістандық сұлулардың күйеуге шығар алдында беттерін куркумамен бояйтын дәстүрлері барын баршамыз білеміз.
Қына ұнтағының бояушы қасиеті барын баршамыз білеміз. Жасанды, түрлі химикаттар қосылған бояушы құралдардан қарағанда бұл табиғи өнімнің пайдасы мол және еш зияны жоқ. Сондықтан онымен шаш, қас бояйды. Сонымен қатар түссіз қынаны шашқа маска ретінде қолдануға болады.
Лимон қышқылы – теріні ағартушы табиғи құрал. Шығыс әйелдері беттерін ағарту үшін лимон шырынымен сүрткен. Сонымен қатар лимонның ішкі жұмсақ жағын бет терісіне скраб ретінде қолданған.
Қыша дәнегінің майын шығыс сұлулары шаш күтіміне кеңінен қолданған. Қыша майымен шашты сүртіп, оның өсуін жылдамдатқан. Бұл өнім шашты қалыңдатып, жылтырата түскен. Сондықтан шашыңыз жұқа немесе қысқа болса, қыша дәнегінің майын қолданыңыз.
Halawa табиғи балауызы шығыс елдерінде кеңінен танылған, әрі қолданысқа енген. Halawa балауызы табиғи майлардың қоспасынан, парафин мен ара балауызынан тұрады. Оны сұлулар көп қолданады. Мысалы, балауызбен тырнақты сүртіп, оның беріктігін арттырады, сондай-ақ балауызды дезодорант ретінде де қолданады.
Хаммам немесе монша. Оларсыз шығыс мәдениетін көзге елестету қиын. Моншаның денсаулық пен сұлулық үшін тигізер пайдасы мол. Моншадағы бу мен ылғал теріні тереңнен тазалайды. Сондай-ақ артық салмақтан арылу үшін де моншаға жиі бару пайдалы.
Табиғи парфюмерия. Шығыс парфюмериясы спиртсіз, май негізінде дайындалады. Сондықтан да хош иісін ұзақ сақтайды. Осы орайда шығыстық сұлулар табиғаттың сан түрлі хош иістерін кеңінен пайдаланғанды жөн көреді. Түрлі өсімдіктермен табиғи өнімдер қолданады.