Байдаркамен каноэда ескек есу бойынша облыс тарихында алғаш рет Әлем кубогі үшін таласта жерлесіміз алтыннан алқа тақты. Тимур Хайдаров каноэда есуден 200 метрге жарыста жекелей қайықта сынға түсіп, үздік атанды. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Бұл — олимпиадалық қашықтық болып есептеледі. Оның үстіне Тимур Риоға жолдама жеңіп алған ең жас ескекші болып есептеледі. Жерлесіміздің бұл жеңісі байрақты сынаққа дайын екенінің айғағы.
Әлем Кубогі үшін талас биыл Чехияда жалауын көтерген болатын. Рачицада облыс қоржынына тағы бір жүлде салынған. Күмістен алқаны да Тимур жеңіп алды. Екінші орынды ол командаласы Мерей Медетовпен бірге иеленген еді.
Сонымен қатар, Оңтүстіктің ескекшілері Ұлттық құраманың сапында Германияда өткен Әлем Кубогінің алғашқы кезеңінде де жүлделі болды.Дуйсбургте Сергей Емельянов каноэда ескек есуден 500 метрге жарысып, қола жүлдеге ие болды.
Әлем Кубогі үшін бұл сынақтар отандық ескекшілердің Рио Олимпиадасының алдында дайындығын пысықтауға жақсы мүмкіндік болып табылады.
Естеріңізге салайық, ел тарихында алғаш рет Оңтүстіктің 6 ескекшісі Олимпиадаға лицензия жеңіп алған болатын. Әлем, Азия ойындарында алтыннан алқа таққан жерлестеріміздің ендігі белесі олимпиадалық медаль болып отыр.