Астаналық суретші Боз Жеңісбекұлы қала орталығынан «Алтын бесік» кешен салуды ұсынды, деп хабарлайды kazmuseum.kz «Егемен Қазақстан» газетіне сілтеме жасап.
«Алтын бесік» кешені 3 қабаттан тұрады, 1-қабат қазақтың жартылай киіз үйі пішіндес. Онда үйдің ішкі интерьері және бесікке салу рәсімі бейнеленеді. 2-қабатта шағын музей, салт-дәстүрден мағлұмат беретін кітапхана, ұлттық дәстүрді ұлықтаған суретшілер картиналары, кабинеттер орналасады. Ал 3-қабатта салт-дәстүрді өткізу залдарында мерекелік шаралар ұйымдастырылып, отау құрған жастарға ақ жол тілеп, бата беретін орындар ұлттық стильде безендіріледі. Сондай-ақ, түбек іспеттес шынылы лифті арқылы отау құрған жастар жоғарғы қабатқа көтеріледі.
Кешеннің сыртқы ою-өрнектері автордың нобайымен өзгертіледі және «Бесікке салу», «Тұсау кесу», «Сүйінші» және тағы басқа да ұлттық рәсімдерге байланысты рельефтік мүсіндермен, оюлармен өрнектеледі.
«Алтын бесік» ұлттық кешен ретінде тәрбиенің іргелі орталығына айналып, онда «Бесікке салу», «Ат қою», «Тұсау кесу», «Сүндетке отырғызу» және басқа да ұлттық тәрбиеге қатысты арнайы кабинеттер болады. Орталықта халық дәстүрін терең білетін педагогтар, этнограф ғалымдар еңбек етіп, болашақ ұрпақтың ұлтжанды болып өсуіне өз үлесін қосады. Ұлттық кешен тек тәрбие орталығы ғана емес, Астана қонақтарына, шетелден келген туристерге қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттайтын, ұлттық қазынамызды шетелдіктерге таныстырып, ұлықтайтын алтын қазыққа айналар еді», — дейді Боз Кенжеахметов.