Кеше Алматы облысы Талғар ауданында «Жетісу Инвест — 2016» — «Жібек жолын жаңғыртудың жаңа мүмкіндіктері» атты халықаралық инвестициялық форум өтті. Оған шағын және орта бизнестің әулеуетті инвесторлық компаниялар мен ұлттық компаниялардың, жергілікті атқарушы органдардың жалпы саны 400-дей өкілі, сонымен қатар Таяу және Қиыр шетелдердің өкілдері қатысты. Форумды Алматы облысының әкімдігі ұйымдастырды. Шараның мақсаты – Алматы облысының инвестициялық тартымдылығына бизнес-қауымдастық пен халықаралық қаржы ұйымдарының назарын аудару. Сонымен қатар форумға Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев, ҚР Инвестиция және даму вице-министрі Ерлан Хайыров, «Қазақстан Темір жолы» АҚ вице-президенті Қанат Алпысбаев, сол сияқты «Атамекен» ҚР Кәсіпкерлер ұлттық палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов қатысты, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Пленарлық отырыста Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысушыларға ризашылығын білдіре отырып, өңірге инвестиция тартудағы оң нәтижелерді атап өтті.
— Республика бойынша инвестиция көлемі жағынан 2015 жылы облысымыз 4-ші орыннан көрініп (490 млрд. теңге), 2014 жылғы деңгейді 37 млрд. теңгеге арттырдық (нақты көлем индексі 105,3%). 2015 жылы жалпы сомасы 34,7 млрд. теңге болатын 170 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Бұл өз кезегінде 3,6 мың жаңа жұмыс орындарының құрылуына ықпал етті. 2016 жылы сомасы 94 млрд. теңге болатын 115 жоба қолға алынып, 4,4 мың жұмыс орнын құру жоспарланған. Барлығы 2016 жылдан 2020 жылға дейін жалпы құны 2 триллион теңгелік 443 жобаны жүзеге асыру, соның негізінде 23 мың жұмыс орнын құру межеленіп отыр, — деді А. Баталов.
Алматы облысының географиялық жағынан қолайлы орналасуы заманауи технологияны қолдана отырып, азық-түлік өнімдерімен 100 млн.-нан астам адамды қамтамасыз ете алады. Сонымен қатар облыс басшысы облыстың инвестициялық мүмкіндіктері туралы кеңінен әңгімелей келе, облыстың аграрлық-индустриалдық бағытын ескере отырып, ауыл шаруашылығы өндірісін интенсивтендіру мен ауыл шаруашылығы өнімдерін тереңнен өңдеуге мамандану негізгі бағыттар ретінде белгіленіп отырғанын тілге тиек етті. Облыста жүгері өндірісіне, сүт-тауарлы фермалар мен өңдеу кәсіпорындарын құруға, туризм саласына, әлеуметтік нысандарды салуға, оның ішінде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде балабақшалар салуға, оған қоса жел-, және күн электр станцияларын салуға инвестиция тартуға резервтер бар.
Пленарлық отырыстан кейін форум бірнеше бағыт бойынша, атап айтқанда агроөнеркәсіптік сектор «Алматы облысының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудағы басымдық», мемлекеттік-жекеменшік әріптестік «Мастер-жоспарлар құру мен МЖӘ тетігін қолдану», «Туризм және көлік логистика», «Алматы облысында жаңартылған энергия көздерін дамыту» тақырыптарындағы дискуссиялық секцияларымен жалғасып, мұнда әрбір қатысушы өз пікірін білдіріп, ұсыныстарын айтты.
Форумның қорытындысында Алматы облысы мен Жамбыл облысы әкімдіктері арасында өзара ынтымақтастық туралы, сонымен қатар Алматы облысының аумағында жұмыс істейтін компаниялармен 900 млн.-нан астам АҚШ доллары көлемінде түрлі келісімдер жасалды.