Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойына арналған “25 Игі іс” атты республикалық акция аясында астаналық энтузиаст жастар аз қамтылған, көп балалы және толық емес отбасыларға көмек көрсетті.
Рамазан айында осындай игі істің бастамашысы болған — Олжас есімді жас жігіт. Ол инстаграмдағы парақшадан Астанадағы көмекке зәру отбасылар туралы ақпарат оқып, оларға мүмкіндігінше көмектесуді ұйғарыпты. Содан соң өзі сияқты жастарды шақырып, қаражат жинаған.
Олжастың жанына топталған адамдардың әлеуметтік деңгейлері әртүрлі. Араларында жұмыс істейтіндері, жұмыссыздары, студенттер де бар. Олардың бірі — ақша берсе, бірі — киім-кешек, бірі — ойыншық берген.
Шара барасында жастар қаланың әр шетінде тұратын көмекке зәру он бес жанұяға қайырымдылық жасады. Жиналған қаражатқа бір қап картоп, ұн, ет, күріш басқа да қажетті азық-түліктер алып, әр отбасыға таратып шықты.
«Біз бұған дейін тіпті таныс та емес едік. Біздің басымызды қосқан – осы игі іс. Ешкім ешкімді қыстаған жоқ. Мұнда келгендердің бәрі көмекке зәру жандарға бейжай қарамайтын жастар» дейді Ару Байғалиева.