Бүгін байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күніне орай облыс әкімі Амандық Баталов Талдықорғандағы І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында салтанатты қабылдау өткізді. Шараға республикалық, облыстық, аудандық БАҚ өкілдері, блогерлер, журналистика ардагерлері – жалпы саны 150-ге жуық адам қатысты.
Салтанатты шараға жиналғандарды құттықтаған облыс әкімі Амандық Баталов:
— Телеарналар, радиолар, басылымдар, интернет ресурстар бүгінгі күні облыстың қоғамдық өміріне белсене араласып, өңірдің жетістіктері мен табыстарын көрсетуге, маңызды экономикалық және әлеуметтік міндеттерін шешуге жәрдемдесіп келеді. Президенттің бастамасымен жүргізіп отырған әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси реформаларды насихаттай отырып, журналистер еліміздің дамуына елеулі үлес қосуда, — деді өз сөзінде.
Мұнан соң облыс басшысы баспасөз қызметінің өкілдері мен бірқатар журналистерге ҚР Ақпарат және коммуникация министрінің, облыс әкімінің Құрмет грамоталарын және естелік сыйлықтар тапсырды.
«Хабар» телеарнасының меншікті тілшісі Тілеуғабыл Мыңжасар, облыстық «Жетісу» телеарнасының редакторы Наталия Хоменко, биылғы жылы «Үздік блогер» атанған белгілі қаламгер Қанат Әуесбай облыс басшылығына ризашылығын білдіріп, әріптестеріне құттықтау тілектерін жеткізді. Мереке соңы концерттік бағдарламаға ұласты.