Ертең, яғни 20 шілдеде УЕФА чемпиондар лигасының екінші біліктілік раунды аясында «Астана» футбол клубы литвалық «Жальгирис» командасымен кездеседі. Матч кезінде кейбір көшелерде көлік қозғалысы жартылай шектеледі, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Кешкі сағат 18.00-ден матч аяқталғанша Қабанбай батыр және Тұран даңғылдары Керей мен Жәнібек хандар көшесінен Хусейн бен Талал көшесіне дейін жабылады. Әуежай ауданына баратын астаналықтар мен жақын маңдағы кенттердің тұрғындарынан айналып өту жолдарын алдын ала жоспарлауды сұраймыз. Сондай-ақ, Орынбор арқылы жүруге кеңес береміз.
Әдеттегідей, жанкүйерлер үшін арнайы трансфер ұйымдастырылады. Автобустар «Қазақстан» СК, Астаналық цирк, Қ. Мұңайтпасов атындағы стадион, «Әзірет Сұлтан» және «Нұр Астана» мешіттерінің жанындағы (шығыс жағынан) тұрақтардан жүреді. Жол жүру билетінің құны – 90 теңге.
– Матчты көруге адамдар көп келеді деп ойлаймыз, 25-30 мыңға жуық. Осыған байланысты қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылдайтын боламыз. Екі мыңнан астам полиция және ішкі әскер қызметкерлері тартылады, – деді Жергілікті полиция қызметінің басшысы Бақытжан Малыбаев.
Сонымен қатар, сағат 20.30-да «Астана Арена» стадионы арқылы жүретін № 10, 12, 27, 40, 43, 53, 51 маршруттар жиілейді. Жапы алғанда, 100-ге жуық автобус жүреді.