Астанада «Rixos» қонақ үйінде, қазақ тілді журналистер арасында өткізілетін дәстүрлі «Алтын қалам» байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Байқаудың қорытындысына сәйкес, «Үздік мақала» номинациясы бойынша — облыстық «Ақтөбе» газетінің тілшісі Кәмшат Қопаева, «Үздік сюжет» аталымы бойынша — «Астана» телеарнасының тілшісі Айгүл Шайхимова 1-орынға ие болса, 2-орынды «Үздік мақала» номинациясы бойынша — республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Қостанай облысындағы тілшісі Нәзира Жәрімбетова, ал «Үздік сюжет» аталымы бойынша — «24KZ» телеарнасының Павлодардағы меншікті тілшісі Қарлығаш Қасиетова иеленді.
«Үздік сюжет» аталымы бойынша 3-орынды екі жеңімпаз бөлісті, олар — «Қазақстан» РТРК Қарағанды облыстық бөлімінің журналисті Әшмұқан Жампейісов және Павлодар облыстық «Халық» радиосының тілшісі Раушан Сабынжанова.
Жеңімпаздар мақтау қағаздарымен бірге, қосымша ақшалай сыйақымен марапатталды. Бірінші орын иегерлеріне — 500 000 теңгеден, екінші орынға — 300 000 теңгеден, ал үшінші орын иегерлеріне 200 000 теңгеден берілді.