Ауыл шаруашылығында өңдеу секторының үлесін арттыру – уақыт талабы. Кластерлік жүйені дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, шикізаттық бағыттан арылып, өңдеуші бағытқа көшудегі қадамдар өз нәтижесін байқатуда.
Алматы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, аграрлық сала кәсіпорындары 2016 жылдың қаңтар-мамыр айларында өнеркәсіп өндірісі өнімінің 61%-ін және өңдеу өнеркәсібінің 72%-ін өндірді.
Тамақ өнеркәсібі өнімінің көлемі биылғы жылдың 5 айында 133,3 млрд. теңгені құрады, бұл 2015 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 8,2%-ке артық.
Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы тапсырмаларға сәйкес ет және сүт өнімдерінің өндірісі жандандырылуда. Азық-түлік өндірісінің құрылымында негізгі үлес сүт — 27%, ет — 22%, дәнді-дақылдар — 20%, жеміс пен көкөніс — 13,5% және 5 % майлы дақылдарды — өңдеу салаларына тиесілі.
Сүт өңдеу өнеркәсібінде жүктемелік 64%-ті құрап, 13,3 млрд. теңгеге 53,6 мың тонна сүт өнімдері өндірілді. Ет өңдеу өнеркәсібінде 9,0 млрд. теңгеге 26,8 мың тонна дайын өнім өндірілді, құс фабрикаларының қуаттылығы 61,9%-ке, ет комбинаттарының қуаттылығы 72,2%-ке игерілді.
Жеміс, көкөніс өңдеу кәсіпорындары 3,4 млрд. теңгенің өнімін өндірді, қуаттылығы 26,8%-ке игерілді.