Домой Блог Страница 106

Астанада Алматы облысының күндері басталды

Астанада Алматы облысының күндері басталдыКеше Астанада Алматы облысының күндері басталды. «Қуатты аймақ – қуатты Қазақстан» тақырыбымен өтетін мәдени-әлеуметтік шара барысында бірқатар игі істер атқарылу көзделген. Осы мәселеге орай Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Алматы облысы әкімінің орынбасары Бахтияр Өнербаевтың қатысуымен баспасөз брифингі өтті.

Брифингте Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өтіп жатқан облыс күндерінің аясында Жетісу жерінің жетістіктері жайлы сөз болды.

Брифингте облыс әкімінің орынбасары Алматы облысының әлеуметтік – экономикалық дамуы мен өңірдің тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткізген жетістіктеріне тоқталды.

Журналистер алдында сөйлеген сөзінде облыс әкімнің орынбасары Б. Өнербаев Елбасының тапсырмасына сәйкес Алматы облысында аграрлық кешенді дамытуға үлкен көңіл бөлініп жатқандығын да тілге тиек етті.

Өздеріңіз жақсы білетіндей, біздің облыс аграрлы өңір болып санала ұзақ жылдар бойы еліміздегі қызылша өсіретін өңір мәртебесін иеленіп келді.

Былтыр 4020 гектарға тәтті түбір отырғызылса, биыл 6500 гектарға орналастырылды. Сондай-ақ, бірнеше жыл тұрып қалған Көксу қант зауыты былтыр инвесторлардың арқасында қайта іске қосылды. Биыл бұл кәсіпорында жаңғырту жұмыстары орындалды. Ал Ақсу қант зауытын қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Биылғы жылы өңірдің қант қызылшасын өсірумен айналысатын шаруалары мол өнім алуды жоспарлауда. Атап айтар болсақ, өткен жылы орташа өнімділік гектарынан 300 центнерді құраса, ағымдағы жылы диқандар әр гектарынан 350 центнер өнім алуды көздеуде. Осылайша, Алматы облысы болашақта еліміз тұрғындарын өзіміздің қантпен қамтамасыз ету және біртіндеп экспортқа шығару мақсатында қолда бар мүмкіндікті белсенділікпен пайдалануда. Үстіміздегі жылдың 7 айында ауылшаруашылығы саласы жалпы өнімінің көлемі 176,4 млрд. теңгеге жетіп, нақты көлемнің индексі 102,7%-ды құрады, — деді облыс әкімінің орынбасары Бахтияр Әлтайұлы.

Алматы облысы әкімінің орынбасары өз сөзінде өңірге инвестиция тарту, туризмді дамыту, сондай-ақ мектепке дейінгі білім берумен қамтамасыз етуге үлкен көңіл бөлу, тұрғын үй және өзге де әлеуметтік нысандардың құрылысын белсенді жүргізу жұмыстары облыс басшылығының басты назарында екендігін жеткізді.

Брифинг барысында Бахтияр Өнербаев мемлекеттік қолдаудың арқасында облыс орталығы Талдықорған қаласын дамытуға үлкен көңіл бөлініп отырғандығын, оны соңғы кездегі қаладағы құрылыс жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқандығымен түсіндіруге болатындығын түсіндірді.

Жетісулықтардың өнері астаналықтарды шаттыққа бөледі

Жетісулықтардың өнері астаналықтарды шаттыққа бөледіКеше Астанада Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған Алматы облысының Астанадағы «Қуатты аймақ — қуатты Қазақстан» атты күндері аясында бірнеше ауқымды шаралар болып өтті. Ұлттық кітапханада «Жерұйық мекен – Жетісу» атты жетісулық ақын-жазушылар кітаптарының көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге келушілер киелі Жетісу жерінің ақын-жазушыларының қаламынан туған шығармаларымен кеңінен танысуға мүмкіндік алды.

Сондай-ақ осы күні Ұлттық мұражайда да көрме ұйымдастырылды. Көрмеге Алматы облысы мұражайларындағы экспонаттар, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың қолданған жеке заттары, көне ыдыстар, тұрмыстық және зергерлік әшекей бұйымдар, өзге де көптеген экпонаттар қойылды. Сонымен қатар көрмеге жетісулық қылқалам шеберлерінің портер, пейзаж және тарихи тақырыптағы шығармалары да қойылды. Бүгінгі күнге жоспарланған шаралар соңы «Жастар» театрының сахнасында Алматы облысының Б. Римова атындағы драма театры әртістерінің орындауындағы «Керей — Жәнібек» атты спектаклін қоюмен өз мәресіне жетті.

Осылайша Алматы облысының делегациясы облыс күндері шеңберінде әзірлеген бағдарламасының бірінші күні Елордалық тұрғындар мен қала қонақтарының көңілінен шығып, ыстық қошеметіне бөленіп үлгерді.

Ертеңгі күні де астаналықтарды таңның атысынан кештің батысына дейін қызықты шараларға толы күн күтуде…

Астана жұртшылығы жетісулық жәрмеңкеден дәм татты

Астана жұртшылығы жетісулық жәрмеңкеден дәм таттыҚазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Астана қаласында «Қуатты өнір — қуатты Қазақстан» атты Алматы облысы  күндеріне жоспарланған бағдарлама аясында Астана қаласы Оқушылар сарайы  ғимаратының жанында Алматы облысы ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің қатысуымен облыстық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі  өтті. Оған Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев пен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысты.

Жәрмеңкеге облыстың 16 ауданы, 3 қаласы және «Жетісу» ӘКК» ҰК» АҚ-ы  қатысты.

Астана тұрғындары мен қала қонақтарына жалпы көлемі 340 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерінің 38-ден астам түрі ұсынылды. Алматы облысынан жеткізілген тауарлардың жалпы құны 160 млн. теңгені құрады.

Оның ішінде: жылқы еті — 1,8 тонна, құс еті — 7,0 тонна, балық өнімдері — 11,8 тонна, көкөніс — 100,2 тонна, алма, жеміс-жидек — 30,5 тонна, картоп — 47,0 тонна, сүт өнімдері — 13,8 тонна, шұбат пен қымыз — 2,9 тонна, күріш —16,5 тонна, ұн — 5,8 тонна, қант –6,0 тонна, бал — 3,9 тонна, жұмыртқа — 16,0 мың дана, бакалея өнімдері — 2,4тонна және басқа өнім түрлері 106,9 тонна.

Тұтынушылар жетісулық өнімдер бағасының қаладағы бөлшек сауда бағасынан 15-20 пайызға төмен және өнімдердің сапалы екендігі жайында ойларымен бөлісіп жатты.

Монументтің құрылысымен танысты

Монументтің құрылысымен танысты

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары-облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі М.Қалмұратов Шымкент қаласында құрылысы жүріп жатқан «Қазақ еліне мың алғыс!» монументімен танысты, деп жазады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Биіктігі жеті жарым метр болатын монумент өңірдегі этномәдени бірлестік төрағаларының бастамасымен қолға алынған болатын. Оңтүстіктегі жүзден астам этнос өкілдері атынан тұрғызылып жатқан нысанның құрылыс барысы туралы облыстық грузин этномәдени бірлестігінің төрағасы З.Бочорошвили жан-жақты айтып берді.

Қазақ жерін мекендейтін түрлі этностардың қазақ еліне деген ыстық ықыласы мен шынайы алғысының көрінісі ретінде бағаланған монументті алдағы айда аяқтау жоспарлануда.

«Қазақ еліне мың алғыс!» монументі еліміздегі барлық этностарға ортақ Отанымызды қос алақанымен көкке көтеріп тұрғандай күн бейнесін сипаттайтын шаңырақтан, іргеміздің берік болуын көрсететін керегеден және болашаққа басқан әрбір қадамымыздың нық болуын әлпеттейтін таға іспеттес жарты шеңберден жасалған. Жарты шеңберге «Тағдыр тәлкегімен қазақ жеріне қоныстанған барлық этностар атынан ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ МЫҢ АЛҒЫС!» деген жазулар бар.

«Жетісу – жұмақ мекенім»

«Жетісу – жұмақ мекенім»Алматы облысының Астанадағы «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» атты күндерінің аясында Конгресс-холл ғимаратында өткен Алматы облысының тауарөндірушілерінің көрмесіне Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев қатысты.

Көрмеге өңірдің ірі кәсіпорындары өз өнімдерін шығарды. Оның ішінде «Голд продукт» АҚ, «Жаркент крахмал – сірне зауыты» ЖШС, «Талдықорған кабель зауыты» ЖШС, «Тиккурила» ЖШС және өзге де кәсіпорындардың өнімдері бар. Көрмеге қатысушылар қызығушылық танытқан көрме қонақтарына өз өнімдерін таныстырып, олардың ерекшеліктері, сапасы және жалпы кәсіпорын жұмысына қатысты ақпараттарымен бөлісті. Көрмеге қатысқан барлық кәсіпорындарға естелік сыйлықтар мен дипломдар табысталды.

Конгресс-холлдың кіре берісінде қонақтар назарына облыс орталығының даму тарихынан сыр шертетін «Талдықорған – кеше, бүгін, ертең» тақырыбында фотошежіре ұсынылды.

Осы күні Алматы облысының туризм саласындағы әлеуеті, өңірдің этномәдение орталықтар мен спорт саласындағы қол жеткізген жетістіктер де назардан тыс қалмады.

Көрменің жалғасы облыстың өнер ұжымдарының әзірлеген «Жетісу – жұмақ мекенім» атты әсерлі гала-концертіне ұласты.

Жыр алыбының рухына тағзым етілді

Жыр алыбының рухына тағзым етілдіАлматы облысының Астанадағы күндері аясында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, ақын рухына тағзым етілді.

Гүл қою рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Бахтияр Өнербаев құттықтау сөз сөйлеп, Жетісу өренінің қазақ әдебиеті мен өнеріне сіңірген ерекше еңбегін атап өтті.

Шараға ардагерлер, мәдениет және өнер қайраткерлері, сондай-ақ журналистер қатысты.

Астананың дағдарыстық орталығында Отбасы күні аталып өтті

9816053201efe3d07cc6f2758feБүгін Астана қаласы әкімдігінің Дағдарыстық орталығында Отбасы күні аталып өтті. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер мен балаларды құттықтауға цирк, қуыршақ театрының әртістері, бишілер мен танымал орындаушылар келді.

Қазіргі кезде орталықта 7 әйел мен 16 бала тұрып жатыр. Мекемеде барлық маңызды мерекелер аталып өтілгенімен, қызметкерлер түрлі шараларды өз бетінше жиі ұйымдастырады.

— Отбасылық құндылықтарды нығайту үшін отбасы күнін тойлаймыз. Негізінен, отбасын сақтап қалуға тырысамыз. Орталықта әйелдерге әлеуметтік қызметкер көмектеседі. Балалармен күн сайын тәрбиешілер жұмыс істейді, олармен ойнайды. Оқу сыныбы да бар. Ажырасуға бел буғандарға заңгеріміз көмектеседі, алимент алып береді, — дейді Астана қаласы әкімдігінің Зорлық-зомбылық немесе зорлық-зомбылық қатерінің салдарынан қиын жағдайға тап болған тұлғаларға арналған дағдарыстық орталықтың директоры Нұрбол Зұлқарнаев.

Бүгін аналар мен балалар конкурстарға қатысып, цирк, қуыршақ театрының қойлымдарын, түрлі билер тамашалады. Белгілі әнші Бауыржан Исаев баршаға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

— Мен әрқашан да әлеуметтік жобаларға қолдау көрсетемін. Өкінішке орай, бүгінде Астанада тұрмысы төмен отбасылар аз емес. Дағдарыстық орталыққа екінші рет келіп отырмын, алдағы уақытта қайырымдылық концерттерді мұнда ғана емес, қарттар мен балалар үйлерінде де өткізу жоспарда бар, — дейді орындаушы.

Айта кетейік, әйелдер орталықта бір айдан алты айға дейін, кейде комиссияның шешімімен бір жылға дейін болады. Зардап шеккендердің ниетімен олардың күйеулерімен жұмыстар жүргізіледі, кейбір ерлер психологпен сөйлесуге өздері сұранады.

Үш жылда орталықта 329 адам, соның ішінде 222 бала болған.

Үш тұғырлы тіл саясатының іске асырылу барысы талқыланды

Үш тұғырлы тіл саясатының іске асырылу барысы талқыландыОңтүстік Қазақстан облыстық ассамблея хатшылығының бастамасымен облыстық этномәдени бірлестік өкілдері мен білім саласының жауапты қызметкерлері «Қоғамдық келісім» КММ-нің мәжіліс залындағы дөңгелек үстел басында кездесті, деп жазады «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі.

Жиынға қатысушыларға еліміздің білім беру жүйесіндегі үштұғырлы тіл саясатының іске асырылу кезеңдері түсіндіріліп, ұсыныс-пікірлер алмасылды.

Кездесу барысында үштұғырлы тілді білім беру саласына енгізу барысындағы мемлекеттік деңгейдегі тапсырмалар және оның қоғамның бірігуі мен қазақстандық біртектіліктің қалыптасуындағы рөлі туралы облыстық білім басқармасының бөлім басшысы А.Кенжебаев пен А.С.Пушкин атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі пәні мұғалімі Д.Манкеева айтып берді.

Сонымен қатар, жиында сөз алған орыс, славян және казак ұйымдары бірлестіктерінің облыстық филиал төрағасы Ю.Кирюхин тіл саясатындағы міндеттерді тиімді іске асыру аясында білім беру саласы мен этномәдени бірлестіктер арасында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

ОҚО-да «Тамақ өнеркәсібі» — Аgroprom Shymkent 2016 көрмесі өтті

ОҚО-да «Тамақ өнеркәсібі» - Аgroprom Shymkent 2016 көрмесі өттіОңтүстік Қазақстан облысында тамақ өнеркәсібіне жаңа серпіліс беретін «Тамақ өнеркәсібі» — Аgroprom Shymkent 2016 көрмесі өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары С.Тұяқбаев, ОҚО кәсіпкерік, индустриялды-инновациялық даму және туризм басқармасының басшысы М. Қарабаев және Жамбыл облысынан келген қонақтар қатысты, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Көрмеде азық-түлік және сусын түрлерін, оларды шығаруға арналған жабдықтар мен технологияларды, ыдыс пен қаптаманы өндіруге арналған материалдар мен жабдықтарды ұсынылды. “AgroProm Shymkent 2016” көрмесінің  аясында толыққанды іскерлік бағдарламалар қарастырылды.

Атап айтқанда, шара кезінде «Оңтүстік Қазақстан облысында тамақ өнеркәсібін дамыту: үрдістері мен перспективалары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Сондай-ақ,  Оңтүстік өңірі мен Жамбыл облысының арасында кооперацияны дамыту аясында меморандумға қол қойылды.

Айта өту керек, жыл басынан бері Оңтүстік өңірінде тамақ өнеркәсібіне 3 млрд. теңгеден астам инвестиция салынған. Дәл осы көрсеткіш жыл соңына дейін еселене түседі деген жоспар бар. Мәселен, таяуда Қазығұрт ауданында “Lotus Food Company LLC” ЖШС тез дайындалатын кеспе жобасы жүзеге асырылды. Дәл осы жобаға 471 млн. теңге көлемінде инвестиция салынған.

Елбасы ОҚО әкімі Б. Атамқұловты қабылдады

Елбасы ОҚО әкімі Б. Атамқұловты қабылдадыБүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұловты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында өңірді әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту, оның ішінде ауыл шаруашылығы, өңдеу саласы, халықты жұмыспен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Нұрсұлтан Назарбаев облыстың инвестициялық тартымдылығын арттыру, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын қолдау жөніндегі міндеттердің орындалуын жалғастыруды тапсырды.

Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.