«Хан Шатыр» сауда орталығында «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы шеңберінде мектеп оқушылары мен студенттердің қатысуымен «Біз зорлық-зомбылыққа қарсымыз!» флешмобы өтті. Еріктілер балалар мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық пен дискриминация мәселелері бойынша кітапшалар таратты. Адамдар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шараларымен таныстырылды. Заңгерлер мен психологтар азаматтарға отбасын сақтау жөнінде кеңестер берді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, «Біз зорлық-зомбылыққа қарсымыз!» акциясы қарашаның 25-інен желтоқсанның 10-ына дейінгі аралықта өтуде. Шараны Астана қ. ІІД жергілікті полиция қызметі, ҮЕҰ ұйымдастырған. 16 күн бойы барынша көп адамды қамту үшін мектептерде, жоғары оқу орындарында акциялар мен дөңгелек үстелдер өткізіліп, дәрістер оқылды.
«Бұл бастама мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың, ҮЕҰ мен қоғамның назарын тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелеріне аударуға бағытталған. Осы уақытта 500 азаматты қабылдап, сенім телефоны арқылы 370 кеңес бердік»,- дейді Астана қ. ІІД жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің аға инспекторы Ақмарал Серікбаева.
Жыл басынан бері Астанада отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы заңға қайшы әрекеттері үшін 600-ден аса құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 4500-ден аса қорғау ұйғарымы шығарылған.