Домой Блог Страница 201

Алматы облысының алғашқы кеңейтілген жәрмеңкесі өтті

Алматы облысының алғашқы кеңейтілген жәрмеңкесі өттіАлматы қаласы маңында азық-түлік белдеуін дамыту бағдарламасы шеңберінде ағымдағы жылдың 14 мамырында «Астана» алаңында Алматы облысының 16 аудан, 3 қала, «ЖетісуАгросауда» мен «Алматы» ауыл шаруашылығы өндіріс кооперативтерінің қатысуымен биылғы жылдың алғашқы кеңейтілген ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жәрмеңкеге көлемі 170 тонна сапалы, экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдері әкелінді. Қала тұрғындарына жалпы сомасы 111,2 млн. теңге болатын ауыл шаруашылығы тауарларының 50-ге тарта түрі ұсынылды. Оның ішінде 44,3 тонна ет өнімдері, 4,1 тонна балық еті, 13,9 тонна сүт және сүт өнімдері, 38,1 тонна картоп, 38,2 тонна көкөніс, 9,9 тонна алма мен жеміс-жидектер, сол сияқты бал, күріш, ұн, жұмыртқа, бакалея және басқа да өнім түрлері саудаға шығарылды.

Көктемгі жәрмеңкеге Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек барды.

—     Алматы маңында азық-түлік белдеуін дамыту – Мемлекет басшысы алдымызға қойған үлкен міндеттердің бірі. Бұл бағытта біз қала басшылығымен бірлесіп жұмыстар атқарып келеміз. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін өткізу – азық-түлік белдеуін дамыту жолдарының бірі, — деп атап өтті А. Баталов.

Жалпы, азық-түлік белдеуін дамыту мақсатында Алматы облысында өсімдік және мал шаруашылықтары өндірістеріің көлемін арттыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, азық-түлікті сақтауға инфрақұрылым жүргізу, типтік және шағын отбасылық жылыжайлар жүйесін, сонымен қатар сүт-тауарлы фермалары мен мал бордақылау алаңдарын көбейту жұмыстары жүргізілуде.

Талдықорғанда «Футбол мерекесі» шарасы өтті

Талдықорғанда «Футбол мерекесі» шарасы өттіТалдықорған қаласындағы «Жетісу» орталық стадионында өткен «Футбол мерекесі» кезінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жас спортшыларға балалардың спорттық киімдерінің 1000 дана жиынтығын және 160 доп тапсырды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

«Болашақ» балалар футбол орталығының тәрбиеленушілері мен «Жетісу» ФК негізгі құрамының арасында ұйымдастырылған ойын мерекенің айтулы оқиғасы болды. Жас футболшылар командасының құрамында облыс әкімі Амандық Баталов пен облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиев те ойнады.

Кездесуді қорытындылай келе облыс әкімі А. Баталов облыста спорттың көптеген түрлерімен айналысуға өңірде жақсы жағдай жасалып отырғанын жеткізді. Балалардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, спорттық машықтарын жетілдіруге де мүмкіндіктер бар екенін атап өтті.

—  Спортпен шұғылдану тәртіпке үйретеді, тән мен жанды қатар дамытады, денсаулықты шыңдайды, мінез қалыптастырады. Сондықтан біз балалардың спортпен жан-жақты айналысуына қолдау білдіреміз. Өздерінің спорттағы мүмкіндіктерін балалар бізге қазірдің өзінде көрсетіп отыр. Жас футболшылар болашақта кәсіби спортшы болады деп сенемін, — деді А. Баталов балаларға спорттық киімдер мен допты берген сәтте.

Өз кезегінде жас спортшылар көрсетілген қолдаулар үшін рахмет айтып, облыс басшысына өз командаларының барлық мүшелерінің қолы қойылған допты сыйға тартты.

Жалпы, «Жетісу» КФК-да 13 жас мөлшеріндегі балаларды, оның ішінде «Болашақ» балалар футбол клубының жасөспірімдерін де спортқа тегін баулитын футбол орталығы жұмыс істейді. Футбол орталығы барлық қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген, балаларды тәжірибелі жаттықтырушылар жаттықтырады. Кәсіби футбол клубының фуболшылары балаларға мастер-кластар өткізіп тұрады.

Өзің қандай болсаң, айналаң да сондай

Өзің қандай болсаң, айналаң да сондайҚоршаған ортаны қалпына келтіру немесе сақтап қалу өзекті әрі ауқымды мәселе. Ұзақ жылдар бойы адамзат табиғатты барынша пайдаланудың нәтижесінде климатта айтарлықтай өзгерістер орын алды.

«Өзің қандай болсаң, айналаң да сондай». Сондықтан, заң шығару, реформа жүргізу, қылмысқа тарту, жазалау сынды әрекеттерді алдыңғы орынға қойып алып, қадағалауды күтіп отырғанша, табиғатқа зиян келтірмеуді әр азамат өзінен бастағаны дұрыс.

Нұсқаулық:
1. Кішкентай ғана олқылықтың арты үлкен мәселе тудыруы мүмкін. Мысалы, қарапайым бөлменің жарығы. Ерініп, өшірмей жатамыз. Ал бір шамды өшірмеудің кесірінен қаншама артық энергия көзі босқа жұмсалып жатады. Біздің планетамызда жарықсыз өмір сүріп жатқан халықтар да бар екендігін ұмытпайық.

Шешім: бүгіннен бастап жарықты үнемді пайдалану. Бұл нұсқаулық суға да қатысты.

2. Әр қаланың сыртында қоқыс тастайтын үлкен жер бар. Сондағы қоқыстан тараған улы газ адам ағзасына қандай зиян келтіретінін бір сәт ойланып көрдік пе?

Шешім: үйден қоқысты шығарарда оны іріктеген абзал. Яғни, шыныларды бөлек, пластик заттарды бөлек т.б.

3. Жұмыс барысында қағазды үнемдеп, ретімен пайдалану да қоршаған ортаны қорғаудың бір амалы.  Қағаз жеткілікті екен деп ысырап етудің қажеті жоқ. Макулатура қабылдайтын орындар бар. Соларды пайланыңыз.

4. Біздің қоғамымыздың дерті — полиэтиленді пакет. Оның орнына майлық пакет немесе қағаз пакеттерді қолдансақ, айналамыздың таза болуына тағы бір қадам жақындай түсеміз.

5. Бір рет қолдануға арналған пластикалық ыдысты қолданыстан алып тастаған жөн. Соның арқасында жұмысшыларды утилизация үдерісі қиын жүретін қоқыстардан арылтуға болады. Пластик заттарды қайта өңдеу барысында ауаны зиянды газдар ластайтынын есте сақтайық.

Бағила Ағайдар

Талдықорғанда 120 отбасы пәтерлі болды

Талдықорғанда 120 отбасы пәтерлі болдыБүгін Талдықорған қаласында 120 отбасы пәтерлі болды. Кезекте тұрған азаматтар, соның ішінде мүгедектер, жетім балалар, көпбалалы және толық емес отбасылар, ауғандық ардагерлер, бюджеттік сала қызметкерлері қаланың Оңтүстік-Батыс ауданындағы екі коммуналдық үйдің кілтін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов тапсырды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

— «Өңірлерді дамыту — 2020» және «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру шеңберінде тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келеді. Бүгін біз кезектегі азаматтарға мемлекет қолдауының нәтижесінде жаңа Оңтүстік-Батыс ауданнан 120 пәтердің кілтін беріп отырмыз. Мұнда инфрақұрылым жасалып, алдағы уақытта балабақша, мектеп, Салтанат сарайы, Көрме павильоны, Драма театры ғимараты сияқты көптеген әлеуметтік маңызы зор нысандар осы маңда салынып, жаңа аудан көркейе түсетін болады, — дей келе облыс әкімі А. Баталов қоныстой иелерін қуаныштарымен құттықтап, олардың отбасыларына амандық тіледі.

Сондай-ақ балаларын жалғыз тәрбиелеп отырған ана Күлән Жинақова да елімізде жүргізіліп отырған мемлекеттік саясаттың арқасында баспаналы болғанын, бұл ең бірінші балалары үшін аса маңызды екенін жеткізді.

Жалпы, бұл 60 пәтерлі екі үйдің құрылысы 2014 жылы басталған болатын. «Өңірлерді дамыту — 2020» бағдарламасының шеңберінде тұрғын үй құрылысына 765 577,94 мың теңге бөлінген. 120 пәтердің 56-сы бір бөлмелі, 64-і – екі бөлмелі. Оған қоса жыл басынан бері Талдықорғанда 5 көп пәтерлі тұрғын үй берілген болатын. Жылдың соңына дейін тағы 3 көп қабатты үйді пайдалануға беру жоспарланған.

Мидың жұмысын жақсартуға арналған 15 сайт

Мидың жұмысын жақсартуға арналған 15 сайтКөпшілігіміз бос уақытымызды мидың жұмысын жақсартуға қимаймыз. Бірақ, түрлі ойындар мен видеоларға уақыт табамыз. Осыны ескере отырып, біз сіздерге  ойын ойнап отырып та, миды дамытуға арналған ресурстарды ұсынамыз.

1. https://www.cognifit.com/ru
Сайтта миыңыздың жұмыс жасау деңгейін тест арқылы тексеріп, өзіңізге арнайы жеке тапсырмалар аласыз. Сайт жақсы жабдықталған. Басты кемшілігі – тегін жаттығулар саны шектеулі.
2. https://wikium.ru/start/test
Бұл сайтта ойлауыңыздың, есте сақтау қабілетіңіз бен назарыңыздың сапасын тексере отырып, соларды дамытуға бағытталған жаттығулардың бағдарламасын ала аласыз. Сайт екі бөлімнен тұрады: ақылы және тегін. Әрине ақылы бөлімінде көптеген мүмкіндіктер бар. Бірақ, егер сіз тегін бөлімінде де жалықпай жаттығуларды жасап отыруға бел бусаңыз, әжептеуір нәтижеге қол жеткізе аласыз.
3. http://www.mnemonica.ru/
«Есте сақтау қабілеті нашар адам болмайды. Тек жадыны дұрыс пайдалана алмайтын адамдар болады». Бұл сөз осы сайттың басты бетінде жазылған. Аталмыш ресурста мақалаларды оқып, жаттығуларды орындап, жадының мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған контент жинақталған.
4. http://www.happymozg.ru/
Мұнда да тест тапсыру арқылы сіз өз миыңыздың мүмкіндігін қандай деңгейде пайдаланып жүргеніңізді тексере аласыз.
5. http://petruchek.info/online-games/
Бұл жерде ми жұмысын дамытатын барлық ойындар топтастырылған. Ойындарды онлайн ойнау мүмкіндігі бар.
6. http://brainscale.ru/
Бұл сайтта «Задача N-Назад» деп аталатын миға арналған жаттықтырушы бар. Мидың оперативті жұмысын, интеллекттің даму жолдарын анықтау арқылы, мидың жұмыс жасау қабілетін жақсартатын сайт.
7. http://uplift.io/
Шапшаңдық, ұзақ мерзімді есте сақтау, ширақтық, ойлау сияқты дағдыларды қалыптастыруда ойынның рөлі орасан. Көрсетілген сайтта сондай ойындар топтастырылған.
8. http://fitnessbrain.ru/flash/
Осы сайтта сіз логикалық ойлау қабілетіңізді паззл, түрлі басқатырғыш ойындар арқылы дамыта аласыз.
9. http://www.zanimatika.ru/ps…/opredelitel-vozrasta-mozga.html
Бұл жерде миыңыздың жасын тест тапсыру арқылы біле аласыз.
10. http://s-mind.ru/
Көрсетілген ресурста интеллекттің дамуы мен адам миының мүмкіндіктерін бастапқы мидың құрылысынан бастап түсіндіретін материал бар. Мәселен, сіз «Қысқа мерзімді жадыны қайтып жақсартамын?» деген сияқты сұрақтарға толыққанды жауап мен бірнеше кеңес аласыз.
11. http://chisloboi.ru/
Жылдам реакция беру үшін жасалған онлайн ойындар жүйесі.
12. http://www.quantified-mind.com/%20-%20en
Ағылшын тілін еркін меңгерген болсаңыз, осы сайттан сіздің көңіліңізден шығатын көптеген тесттер мен қызықты зерттеулер таба аласыз деген сенімдеміз.
13. http://litlbetr.ru/razvitie…/igry-dlya-intellekta/index.html
Көрсетілген ресурстағы «Ақылдың формасы» атты бөлімде қабылдау, есте сақтау, қайта жаңғырту, шапшаңдыққа арналған көптеген көңілді жаттығулар бар. Әсіресе, басқатырғыштар мидың қабылдау тетігін дамытуға жақсы әсер етеді.
14. http://mozgame.ru/
Онлайн ойындар жиынынан тұратын портал. Бақылау және есте сақтау қабілетінің дамуына арналған.
15. http://ru.brainexer.com/
Мидың жұмысын жақсартуға арналған түрлі жаттығулардан тұратын сайт.

Бағила Ағайдар

«Жастар — Қазақстанның болашағы» тақырыбына КТК фестивалі өтті

"Жастар - Қазақстанның болашағы" тақырыбына КТК фестивалі өттіБүгінгі күні жастар үшін ең қызықты және бәрін біріктіретін ойын — бұл КТК. КТК ойындарының ең басты ерекшелігі — жастардың өз өмірлерін, саясатты, қоғамда болып жатқан оқиғаларды өз көздерімен  көруі. КТК өткізудегі негізгі мақсат — жастардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға көмектесу, олардың зияткерлік әлеуетін іске асыру, патриоттық сезімдерін, жауапкершілік мінез-құлық дағдыларын тәрбиелеу.

Бүгін Астанада М. Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында  «Жастар – Қазақстанның болашағы» тақырыбына КТК фестивалі өтті.

Осы КТК фестивалін өткізудің басты мақсаттары — нашақорлықтың алдын алуға көмектесу, сондай-ақ жастардың назарын салауатты өмір салтына тарту.

«Жастар саясаты мәселелері басқармасы»  және «Астана қаласы Білім басқармасы»  қолдауымен «Право» ҚҚ бірлесе ұйымдастырылып отыр.

КТК фестиваліне жоғары оқу орындарының (колледждер) студенттерінен 18-ден астам команда мен 250-ден астам көрермен қатысты.

Фестивальге кімдер қатысады? Олар – жастар, студенттер, креативті және белсенді өкілдері, олар қазірден бастап шығармашылық жоспарлар құрып, алдағы уақытта әзіл майданында болатын шайқасқа дайындалуда. Бұл КТК әлеміне қосылуға ниет білдіруші жаңа балалар, олардың да КТК жоғарғы лигасына кіру мүмкіндіктері бар.

Нұрлан Қоянбаев, Тұрсынбек Қабатов сияқты және басқа да көптеген белгілі тұлғалар КТК-дан шығып, оның жарқын ойыншылары болғаны мәлім.

Фестиваль конкурсанттары іріктеу барысында, жеткілікті дайындық деңгейін көрсетті, жаңа әзілдерін, қойылымдарын, әндерін ұсынды. КВН форматында жастар оларды толғандыратын тақырыптар туралы айтылды: карьера, ата-аналары, жастар арасындағы, полициямен өзара қарым-қатынас, өздерінің есірткіге көзқарасы туралы.

Фестиваль шеңберінде мынадай номинациялар жеңімпаздары жарияланды:

— ең үздік әзіл «Легион» командасы,»Технологиялық колледжі»;

— ең үздік дауыс «Туран Профи» командасы;

— ең үздік ерлер ролі «Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі»;

— ең үздік әйел ролі «Менеджмент және бизнес колледжі»;

Бұл кезеңнің жеңімпаздары «Елорда» 3-ші орынды иеленді, «Грация» командасы 2-ші орын алды және әділ лауреат деп «Свой выбор» командасы танылды.

zhastar.astana.kz

Алматыда «Музей түні» акциясы өтеді

Алматыда «Музей түні» акциясы өтеді18 мамыр күнгі сағат 18.00-ден 19 мамырдағы сағат 02.00-ге дейін Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде жыл сайынғы «Музей түні» көркемдік-мерекелік акциясы өтеді.

Тарихқа «Музейлердің ұзақ түні» деген атпен енген «Музей түні» алғаш рет 1997 жылы Берлин қаласында өтті. Мереке идеясы әлдеқайда бұрынырақ, 1970-жылдары Еуропада музейге келушілерге дәстүрлі түрде тегін аралып шығуға есік ашатын. Ол кезде ол акция «Музей көктемі» деп аталып, мамыр айында өткізілетін. Ал 2001 жылдан бастап Парижде «Халықаралық музей күні» 18 мамырда өткізіліп келеді, бұл күні көрмеге еркін кіру үшін көрмелер ашық болады. Кейіннен акцияларға тақырып бере бастады. Мереке Еуропаның басты астаналарында шапшаң өріс алды. Жыл сайын өтетін акция 2005 жылы қазіргі атауына ие болды: француздар «Музей түні» музейлік-көркемдік акциясын Халықаралық «Музей түні» деп атауға ұсыныс жасады, сол жылы Еуропалық Кеңес осы идеяны бекітті. Акцияны қолдаушы Халықаралық музейлер кеңесінің (ICOM) және Еуропалық Кеңестің қадағалауымен өткізіледі.

Бүкіл әлемдегі «Музей түнінің» негізгі ұраны – көрермендер үшін ашықтық және қол жетімділік. Соған сәйкес «Қастеев музейіндегі түн» мерекелік көркем-мәдени акциясының негізгі мақсаты да – өнерді дәріптеп, танымал ету, жастардың назарын аудару, ұмытылмас мереке ұйымдастыру. Негізгі шаралардан басқа шеберлік сабақтары, театр қойылымдары, концерт-перформанстар, маскарадтар, от шашу думаны және тағы басқа да думанды бағдарламалар ұйымдастыру жоспарланды. «Музей түнінің» биылғы жылғы тақырыбы «арт-мистерия» болмақ.

Негізгі шарт – маска. Өзінің маскасымен де келуге болады, сондай-ақ музейден дайын маска сатып алуға немесе шара аясында өтетін шеберлік сабақтарында өз қолымен жасап алуға да болады.

Baq.kz

«Жаралы періште» фильмінің тұсаукесері өтеді

"Жаралы періште" фильмінің тұсаукесері өтедіЭмир Байғазиннің «Жаралы періште» («Раненый ангел») фильмінің Қазақстандағы премьерасы 13 мамырда болады.

Кинокартина «Қазақфильм» киностудиясының, Францияның «Capricci Productions» компаниясының, Германияның «augenschein filmproduktion» компаниясының және «Arte» Франция-Германия телеарнасының бірлесіп өндірген жобасы. Жобаны дамыту сатысында Голландияның, Біріккен Араб Әмірліктерінің және Швейцарияның гранттарына ие болды, сондай-ақ «Arte» телеарнасының және Сараевадағы CineLink ХКФ сыйлықтарын алды. Кинотуынды Berlinale Residency бағдарламасына қатысты.

«Жаралы періште» әлемдік премьерасын 66-шы Берлин кинофестивалі аясында Panorama Special бағдарламасы арқылы Zoo Palast кинотеатрында өткізді. Азиялық премьерасы 2 мамырда Оңтүстік Кореяның Чонджу қаласында өткен халықаралық фестивальда болды, бұл жерде фильм Әділқазылардың арнайы сыйлығымен марапатталды.

Эмир Байғазиннің жаңа режиссерлік жұмысы сонымен қатар Франция прокатына 11 мамырдан бастап шығып отыр.
«Жаралы періште» — режиссер Эмир Байғазиннің жасөспірімнің күрделі әлемі туралы трилогиясының екінші кинокартинасы. Фильм төрт түрлі кейіпкердің каникул кезінде бастан кешкендерін баяндайтын 4 новелладан тұрады.

kinostan.kz

Деструктивті діни ұйымдардың ықпалынан зардап шеккен астаналықтар үшін сенім телефоны: 78-22-88

0

Егер де Сіз деструктивті діни ұйымдардан зардап шексеңіз немесе қандай да бір ұйым Сізді мазаласа сенім телефонына 8 (7172) 78-22-88 қоңырау шалу арқылы білікті психолог, дінтанушы және теолог мамандардың көмегіне жүгіне аласыз.

Толық ақпарат сенім телефоны арқылы немесе Астана қаласы әкімдігінің Дін проблемаларын зерттеу орталығынан КММ кеңес алсаңыз болады.

Құпия және тегін көмек беру – ол сенім телефонының негізгі қағидасы. Яғни, елордамыздың әр тұрғыны телефон соғу арқылы анонимді психологиялық кеңес алып, оның құпия сақталуына кепілдік алады.

діни экстримизм

Еуропа төрінде өтетін айтысқа Қазақстаннан Сырым Әуесхан қатысады

Еуропа төрінде өтетін айтысқа Қазақстаннан Сырым Әуесхан қатысадыАйтыскер ақын Сырым Әуезхан Германияның Кельн қаласында өтетін айтысқа қатысады. Бұл туралы ақынның өзі «Шалқар» радиосына берген сұхбатында айтты.

— Енді, біз əр айтыс сайын көрерменнің көңілінде сақталар сөз айтып, жадында жатталар жаңалық жасап кетуге тырысамыз. Алла нəсіп етсе, Кельнде де ерекше айтыс көрсетеміз деген үміттемін. Əзірге, жаңалығымыз құпия болсын…

Бұған дейін Түркияның Стамбул қаласында өнер көрсету нəсіп болған болатын.

Қазақ халқы қай кезде де қара өлеңнің қадіріне жеткен, аталы сөздің астарын ұғынған ел емес пе? Міне, осындай қазақылық қасиеті қанына сіңген Еуропа елдеріндегі қандастарымыз осы жылғы құрылтайларына Алаш ақындарының қатысқанын қатты қалап отыр екен. Əсіресе, айтыс ақындарының арасынан Мұхамеджан Тазабек, Жандарбек Бұлғақов жəне мені аттай қалап шақырып отырғаны себепті біз де дүниенің батысындағы аға-бауырларымызбен қауышар сәтті қалт жібермеуді жөн көрдік. Осы шараға ұйтқы болып отырған Еуропа қазақ федерациясы, Кельн қазақ мəдени қоғамына ризашылығымызды білдіреміз, — деді С. Әуезхан.

Айта өтейік, 2016 жылдың 14-15 мамыр күндері Германияның Кельн қаласында өтетін Қазақтар құрылтайына Еуропалық 14 мемлекеттен 2000-нан аса қандастар қатысады.

Ұларбек Дәлейұлы

Baq.kz