Домой Блог Страница 23

6 желтоқсанда «Хан Шатыр»СОСО«Мен қолдаймын! #АИТВ-ның алдын алу» атты акция өтеді

c-22016 жылғы 10 қараша мен 10 желтоқсан аралығында Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес кампаниясы аясында Астана қаласында АИТВ-ның алдын алу бойынша айлық өтеді. 2016 жылғы 06 желтоқсанда «Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығында ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығы «Мен қолдаймын! #АИТВ-ның алдын алу» атты кең ауқымдағы акция айлықты қорытындылайды.

Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні алдында ЮНЕЙДС 2016 жылғы «Мен қолдаймын! #АИТВ-ның алдын алу» ұранын жариялады. Кампания АИТВ инфекциясының алдын алудың түрлі аспектілері мен халықтың нақты топтары арасына жұмылатын болады. Биылғы жылғы кампанияның ерекшелігі — ол әрбір адам АИТВ инфекциясының алдын алуға өзінің үлесін қоса алатындығында.

Акцияға қаланың барлық тұрғындары шақырылады. Акция барысында барлық келушілер АИТВ-ға жедел-тестіден өтуге мүмкіндік алады және 15 минут ішінде АИТВ мәртебесін біле алады. Акция аясында концерттік бағдарлама ұсынылады. Сондай-ақ, сұрақ-жауап викторинасы өтеді, дұрыс жауап бергендер сыйлықтармен марапатталады. Сонымен қатар, қалалық мектеп оқушылары арасында үздік суреттер мен бұқаралық ақпарат құралдарында АИТВ-ның алдын алу жөніндегі үздік мақала байқауының жеңімпаздары анықталады.

Астана қаласының ЖИТС орталығы 2016 жылы АИТВ-ның алдын алу, диагностикалау және емдеу аясында нақты бір нәтижелерге қол жеткізді. АИТВ-инфекциясын жұқтырған анадан балаға берілуіне жол берілмей, халықтың тестілеуден өтуіне қол жеткізу қамтамасыз етіліп, 4-ші буындағы заманауи жедел-тестілеу, АИТВ-ны ерте анықтау бойынша тест-жүйесі және өзге де жаңа технологиялар қолданылып, енгізілуде.

Акция бір ай бойы өтіп жатқан кешенді ақпараттық насихаттау ісінің бір ғана бөлігі болып табылады. Кампания аясында Қ. Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театрында «Көлеңкесіз жолаушы» спектаклі, сауда үйлерінде, базарларда семинарлар мен дәрістер, студенттер арасында бейне конференциялар, мектеп оқушылары арасында дебаттар, жастарға арналған денсаулық сақтау орталықтарында акциялар, АИТВ-мен өмір сүретін адамдар үшін қайырымдылық акциялары сияқты түрлі іс-шаралар жүргізілді.

Шымкентте шеберлік сабағынан өткен 56 дәрігерге сертификат табысталды

29c91308-1873-4939-bd7c-f3b0eaaecdccТүркия Республикасы Үкіметі жанындағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TIKA) Оңтүстік Қазақстан облысымен бірлескен жобалары аясында бастаған шеберлік сабағын аяқтап, оқу курсынан өткен дәрігерлерге арнайы сертификаттарын табыстады, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Делегация құрамын бастап келген TIKA төрағасының орынбасары Мехмед Сурейа Эр, ең алдымен, облыс әкімі Жансейіт Түймебаевпен кездесіп, шеберлік сабағының оң нәтижелі боларына сенім білдірді.

Оңтүстік Қазақстанға алғаш рет аяқ басқан мәртебелі мейман Мехмед Сурейа Эр аймақ басшысын 2017 жылы Түркістан қаласының Түркі әлемінің мәдени астанасы атануымен құттықтап, өзі қызмет ететін ұйымның алдағы уақыттарда Оңтүстікте іске асырғысы келетін туризм, білім беру салаларындағы жобалар ретімен бөлісті.

Мұнан соң, облыс әкімі Ж.Түймебаев пен Мехмед Сурейа Эр облыстық балалар клиникалық ауруханасының халықаралық технологиялар орталығының базасында  «Ана мен бала денсаулығын сақтау» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған шеберлік сабағына қатысқан 56 медицина қызметкеріне арнайы сертификат табыстап, дәрігерлердің жұмысына сәттілік тіледі.

Еске салайық, 2-4 желтоқсан күндері Түркияның медицина саласындағы білікті дәрігерлері Дерья Буйуккайкан, Илке Мункан Акын және Айлин Ардагил Акчакая облыстағы 56 медицина қызметкеріне тәжірибе алмасу семинарын өткізген болатын. Атап айтқанда, облыстағы балалар мен босанатын әйелдерге медициналық көмек беру қызметінің 36 дәрігері мен 20 орта медицина қызметкеріне – неонатологтарға, офтальмологтарға, педиатрларға, акушер мамандарға, неонатальдық мейірбикелерге теориялық және практикалық дәрістер өтті. Семинар нәтижесі бойынша емтихан тапсырған мамандардың 4-і жоғары балл жинап, тест сұрақтарына 90-100 пайызға дұрыс жауап берген.

Айта кету керек, Оңтүстік Қазақстан облысында жыл санап нәрестелер өлімі азайып келеді. Облыстық балалар клиникалық ауруханасының бас дәрігері Ә.Маймақовтың мәліметінше, өткен жылы өңірімізде 12 бала өлімі тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 11-ге төмендеген. Республикалық деңгейге шаққанда, былтыр аймағымыз бала өлімінің көптігі жөнінен елімізде үшінші орында болса, тиісті нәтижеге қол жеткізілгеннен кейін алтыншы орынға тұрақтады.

Ақтөбе облысының өндірістік өнімі артты

68c672be560851bde66fabc0ffc3b320Қаңтар айынан бастап 10 ай ішінде Ақтөбе облысы өндірісінің көлемі 959,7 млрд. теңгені құрады. 2015 жылмен салыстырғанда 98,4 пайызға сәйкес келеді.

2016 жылы облыста 10 инвестициялық жоба іске қосылды. Бұл жобалардың жалпы құны 16,9 млрд теңгені құрады. Жоба барысында 736 жұмыс орны ашылды. Осы 10 жобаның 3-еуі Индустриализация картасына енгізілді.

«Сайлан Ақтөбе» ЖШС, «Хромикс» пигмент-толтыру және құрамында хромы бар магнезиялық ұнтақ шығаратын цех ашылып, 20 жұмыс орны ашылды. Бұл цех жылына 6 мың тоннан «хромикс» өндіреді деп күтілуде. «КазинРусс-трейдинг ЖШС» мұнай өңдейтін зауыты ашылып, 131 адам жұмыспен қамтылды. Бұл зауыттың жалпы құны 230 млн теңге, ал қуаттылығы жылына 111,6 мың тонна дизель отыны мен жанар-жағармай шығарады.

Германияның «Weckenmann» компаниясының технологиясымен  салынған «Үй құрылысы комбинаты» ЖШС жылына 50 мың шаршы метр құрылыс құралдарын шығарады. Бұл зауыттың жалпы құны 2,5 млрд теңге. Зауыт ашылғалы, 103 адам жұмысқа қабылданды.

ҚазАқпарат

Астанада қысқы спорт маусымы ашылды

c-1Жексебі күні елордада қысқы спорт маусымы ашылды. Шаңғы жарысына 270 адам қатысты. Астана қаласының спорт басқармасы Спорттық-бұқаралық шаралар өткізу дирекциясымен және №2 БЖСМ бірлесіп ұйымдастырған шара ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылған.

«1985 жылы ашылған шаңғы роллерлік трасса – спортшылар ұнататын орын. Мұнда жазда велосипедшілер мен роллерлер, ал қыста шаңғшылар жиналады. Дәстүр бойынша шаңғы-роллерлік трассада қысқы маусым шаңғы жарысымен ашылады. Биылғы алғашқы жарысқа қатысушылардың жасы әр түрлі, балалар да ардагерлер де бар», — деді Спорттық-бұқаралық шаралар өткізу дирекциясының басшысы Сайрамбек Әбілқайыров.

Қатысушылардың жас санатына қарай жүгіру қашықтығы да әртүрлі — 9 жастан асқан балалар үшін — 60 м, 2001-2002 ж.т. үшін — 3-5 км, ересектер үшін — 10 км.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері кубоктармен, медальдармен және дипломдармен марапатталды. Айта кетейік, бүгін «ЭКСПО» ҰК да түрлі конкурстар мен викториналар өткізді.

Астанадағы ең ірі мұз қалашығы «Хан Шатыр» СОСО маңында ашылады

cҚыстың келуімен Астана тұрғындары мен қонақтарына арнап көптеген қызықтар әзірленуде.
Қалыптасқан дәстүр бойынша Астананың бақтарында және Есіл жағалауында мұз айдындары құйылып, мұз қалашықтары салынады. Ең үлкен мұз қалашығы «Хан Шатыр» СОСО маңында орналасатын болады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Сауда орталығының қасындағы алаңда мұз мүсіндеріне толы қалашықтан басқа, мұз айдыны, сырғанау төбешіктері, коньки мен шананы жалға беру бекеттері, шай ішіп, жылынатын орындар қарастырылатын болады.

Елорда әкімдігінің алдындағы мұз айдыны да ашық аспан астындағы қысқы қызық түрлерін ұнататындардың көңілінен шығатыны анық. Сондай-ақ, биыл Есіл жағалайындағы дәстүрлі мұз айдынынан бөлек, сағат түрінде безендірілген «Күн» субұрқағының қасында да коньки тебуге мүмкіндік бар.

Сонымен қатар, Ақбұлақ бұлағында, «Жерұйық» және Президент бақтарында да мұз айдындарын құю жоспарланған.

«Арай» бағында былтырғымен салыстырғанда үлкендеу сырғанау төбешіктері жасалады. Қаладағы ең әдемі мұз айдындарының бірі осында орналасады. Бақтың жарықтандырылуы әдемі және жастардың қыдыруына лайықты. Барлық мұз айдындарында конькиді жалға беру бекеттері, тамақтану орындары қарастырылады, бәрі әдемі форматта жасалады. Бақтарда коньки тепкен ыңғайлы сияқты, өйткені ол жердегі ағаштар желден қорғайды, балалармен коньки тебуге жақсы», — дейді Астана қаласы Коммуналдық меншік Қоры директорының орынбасары Ғани Хасенов.

Оның айтуынша, барлық жұмыстар 20 желтоқсанға дейін аяқталады.

Қ.Қуанышбаев атындағы театр артистері «Әміре» қойылымының премьерасына шақырады

Ертең, 6 желтоқсанда Бейбітшілік және келісім сарайының сахнасында «Әміре» драмасының премьерасы өтеді. Көрермен назарына кезекті жаңа премьераны Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының ұжымы ұсынады. Қойылым Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында өтеді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

1925 жылы Парижде өткен Бүкіл дүние жүзілік «ЭКСПО» көрмесіне қатысқан тұңғыш қазақ тағдырына арналған туындының табиғатында тобыр мен тұлғаның, өмір мен өнердің, аманат пен қиянат ұғымдарының қақтығысы бедер алады. Кейіс дүниеден береке таппаған Әміренің – Ән-Әміреге айналып өнер көгінен үн қатқаны баяндалады.

Спектакльдің бас кейіпкері «Әміре» бейнесін театр артистері Қасымхан Бұғыбай мен Асылбек Қапаев сомдайды.

Пьеса авторы – жазушы, драматург Рахымжан Отарбаев. Спектакльдің қоюшы режиссері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, режиссер – Нұрлан Жұманиязов. Спектакльдің бас суретшісі – Берік Бурбаев. Хормейстері – ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Амантай Жұмашев.

Спектакльдің басталуы: сағат 18.30-да.

ОҚО-да сыбайлас жемқорлыққа қарсы заманауи саясат тақырыбында жиын өтті

6877919f-ba51-4d7f-9042-ac85fad27068Оңтүстік Қазақстанда «Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы заманауи саясаты» тақырыбында мәжіліс өтті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Жиынға Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев пен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев, облыстық басқарма басшылары, құқық қорғау органдары басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, діни конфессиялардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет ұйымдарының басшылары қатысты. Сонымен қатар, семинар жұмысын бейнеселектр арқылы қала және аудан әкімдері, мектеп директорлары мен бас дәрігерлер, жастар мен қоғам өкілдері, барлығы 1200-ден аса адам көре алды.

Мәжіліске төрағалық еткен Ж.Түймебаев Мемлекет Басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мәселесіне баса назар аударылғанын айтып, бүгінгі талқыланатын — Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен ұйымдастырылған басты тақырыптың өзектілігіне тоқталды.  

«Жемқорлықтың мемлекеттік басқарудың тиімділігін, елдің инвестициялық тартымдылығын төмендететіні, әлеуметтік-экономикалық дамуды тежейтіні баршаға мәлім. Осыған орай, жемқорлықтың пайда болуына ықпал ететін жағдайларды жою, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, сонымен қатар, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – бүгінгі қоғамның ең басты мәселесі. Мемлекетіміздің қозғаушы күші кәсіби мемлекеттік аппарат, яғни мемлекеттік қызметшілер болып табылады. Сондықтан да, мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама талаптарын қатаң сақтау аса маңызды. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа алып баратын жол қарапайым әдеп нормаларын сақтамаудан туындайтынын атап өткен жөн», — деді Ж.Түймебаев.

Мұнан соң, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында құрылған облыстағы Әдеп жөніндегі уәкіл Әмірдин Әлішев сөз сөйлеп, өңірімізде осы бағытта атқарылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады. Айтуынша, уәкілдік құрылған уақыттан бері 68 мемлекеттік қызметші мен басқа да азаматтар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын көтеріп, жауаптар алса, Кентау және Қазығұрт ауданынан түскен 2 арыз Әдеп кеңесінің қарауына жолданып, бір мемлекеттік қызметшіге «қызметіне толық сай еместігі туралы» тәртіптік шара көрілген. Сонымен қатар, Әдеп жөніндегі уәкілге сымтетік арқылы 7 адам хабарласып, мемлекеттік қызметшілермен шешімін тапқан.

Сонымен бірге, отырыста Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев баяндама жасады. Агенттік атынан жасалған мәліметтерде елдегі сыбайлас жемқорлықпен күрес саясатының жүзеге асырылу аспектілері ғана емес, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалық жинақты ендіру нәтижелері тыңдалды.

«Transparency International үкіметтік емес халықаралық ұйымының үш жылда бір жүргізетін «Әлемдік жемқорлықтың барометрі» зерттеу нәтижелері Қазақстанда  жемқорлықпен күресте оң өзгерістердің байқалып, пара берген азаматтардың саны азайып келе жатқанын көрсеткен. Бұл еліміздегі сыбайлас жемқорлықпен күреске қарсы бағытталған нәтижелі жүйелі жұмыстың бар екенін тағы да дәлелдейді», — деді А.Шпекбаев.

Төраға орынбасары, сондай-ақ, Оңтүстіктегі білім беру, денсаулық сақтау және жер қатынастары салаларында жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың азаймай отырғанын мәлімдеп, Агенттіктің облыстағы департаментіне, Ұлттық бюроға аты аталған сала жетекшілігінің жұмысын Әдеп жөніндегі уәкілдікте қарау тапсырылғанын жеткізді.

Жиын қорытындысы бойынша сөз алған облыс әкімі осынау маңызды іс-шара үшін Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаевқа алғысын білдіріп, отырысбарысында айтылған ескертулер мен ұсыныстардың барлығы назарға алынып, олар бойынша тиісті шешім қабылданатын хабарлады.

Сыбайлас жемқорлық көрсеткіштері бойынша өңіріміздің республикада 8-орында екенін атап өткен аймақ басшысы халықтың әлеуметтік жағдайы түзеліп, оңалғанда аталған олқылықтардың азаятынын жеткізді.

«Оңтүстік өңірі үшін бизнес бастап, ауыл шаруашылығын дамыту маңызды шаруа. Сондықтан, облыста кәсіп бастаймын деген азаматқа құжат рәсімдеуде әкімшілік жағынан ешбір кедергі болмауы тиіс. Ал бұл тапсырмаларды орындамаған кез келген құрылым басшысына кешірім жоқ екенін ескертемін. Сондықтан, жемқорлықтың алдын аламыз десек, еліміздің көркейіп, ондағы халық тұрмысының көтерілуіне бірлесіп қызмет етейік», — деді аймақ басшысы.

«ОҢТҮСТІК» қаржы орталығы төменгі пайызбен 1608 жобаны қаржыландырған

600_137Бұл туралы ОҚО аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «ОҢТҮСТІК» АИО төрағасы Арман Данаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, жалпы сомасы 5 429,9 млн. теңге болатын 4 114 азамат жұмыс орны ашылатын 1 608 жоба қаржыландырылды. Аталған жобалар іске қосылған уақытта жыл сайын 23 млрд. теңгенің өнімі өндіріледі деп жоспарлануда. Олар ауылшаруашылығы өнімдері, трактор, жиһаз, құрылыс заттары және т.б.

Яғни, орталық индустриаландыру картасына енген 6 жоба, мал шаруашылығын дамыту бағытында 661, көктемгі дала жұмыстары бойынша 839, интенсивті бау шаруашылығы бойынша 2 жоба, ал ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу саласы бойынша 3 жоба және басқа да бағыттарда 97 жобаға қаржылай қолдау көрсеткен.

«Жалпы 2009-2016 жылдары «ОҢТҮСТІК» аймақтық инвестициялық орталығы мен еншілес «Ырыс» микроқаржы ұйымы бірлесе отырып жалпы құны 41 889 млн. теңгені құрайтын 13 921 жобаны қаржыландырды. Нәтижесінде 36 419 жаңа жұмыс орындары ашылды, деп жазады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

2016 жылы орталық қаржыландырған жобаларының аудан, қала кесіндісі бойынша қазіргі таңда Ордабасы ауданы ең жоғарғы көрсеткішпен тіркеліп отыр. Яғни биыл аталған ауданда 1 214,0 млн. теңгеге 126 жоба несиелендірілген.

Сондай-ақ, компания басшылығы алдағы жылға өз алдына бірқатар міндеттемелер мен жоспарлар қойып отырғандығын мәлім етті. Айтылған деректер бойынша, орталық қосымша екі жаңа бағдарлама әзірлеп ұсынуды жоспарлауда. Олар ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу және бизнес инкубатор бағдарламалары. Оған қоса еңбек өнімділігінің сапасын арттыру мақсатында e-stable электронды платформасын ендіру.

Сонымен қатар, компания жұмысының траспаренттілігін арттыру мақсатында  электронды құжат айналымы жүйесін ендіру сияқты біршама жоспарлары бар.

ОҚО-да «Бірлігіміз жарасқан-Мәңгілік ел» аламан айтысының жеңімпаздары марапатталды

304455f9-5d63-4308-8395-2852fa9ae162Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірімізде өтіп жатқан «Бірлігіміз жарасқан-Мәңгілік ел» республикалық ақындар айтысын тамашалады.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай, ұйымдастырылған аламан айтыста елдің белесті жиырма бес жыл ішіндегі толағай табыстары мен жетістіктері әдемі ұйқастарқа құрылып, көтерілген келелі мәселелер, қыз бен жігіттің әзіл айтысы айтыс сүйер көрерменге айрықша көңіл-күй, рухани серпіліс сыйлады.

Азулы ақындардың кешегі тартысынан – І кезеңінен ақтық аламанға суырылып шыққан 5 жұп, яғни, 10 ақын – Қажымұқан Абзалов (ОҚО) пен Қанат Мырзахан (Жамбыл облысы), Жандарбек Наушабеков (ОҚО) пен Арзыгүл Қайымбекқызы (Қытай Халық Республикасы), Анар Жаппарқұлова (ОҚО) мен Сырым Әуесхан (Астана қаласы), Нұрлыбек Мейірманов (ОҚО) пен Тұрар Тілеулиев (ОҚО), Біржан Байтуов (ОҚО) пен Жандарбек Бұлғақовтар (Астана қаласы) әдемі айтыс жасап, көрерменнің делебезін қоздырды.

Аламан доданың марапаттау рәсімінде сөз алған облыс әкімі Ж.Түймебаев облысымыздағы мәдениет саласына қатысты атқарылған жұмыстардың барысын баяндай келе қазақтың төл өнері – айтыстың алаштың баласы үшін орны бөлек екенін жеткізді.

«Айтыс өнері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілуі Қазақ елі үшін үлкен мәртебе. Осындай баға жетпес, теңдесі жоқ сөз сайысы біздің Оңтүстікте жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Міне, бүгінгі өткізіліп отырған республикалық ақындар айтысы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне және Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналып отыр. Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіз елімізде мәдениеттің, ұлттық өнеріміз бен дәстүр-салттарымыздың өсіп-өркендеуін үнемі назарда ұстап келе жатқаны баршамызға аян. Бүгінгі өткізіліп жатқан ақындар айтысы осының айғағы», — деді Ж.Түймебаев.

Мұнан соң, екі күнге ұласқан жыр додасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі басталды. Атап айтқанда, аламан айтыстың бас жүлдесін оңтүстікқазақстандық Анар Жаппарқұлова ұтып алып, жеңімпазға Renault Sandero джипі табыс етілді. Жүлделі І орынға астаналық Жандарбек Бұлғақов лайықты деп танылып, оған Lada Granta теміртұлпары сыйланса, ІІ орын Оңтүстіктің намысын қорғаған Тұрар Тілеулиевке бұйырып, Nexia Sohc жеңіл көлігінің кілті табыс етілді. Ал жүлделі ІІІ орынды Қажымұқан Абзалов (ОҚО) иеленіп, оған 1,5 млн. теңге көлемінде қаржылай сыйлық берілді.

ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

Әкімдік қызметкерлері «Мейірімді қала» қайырымдылық шарасына қатысуда

2957f2206d33d130b32d379b450Астанада әлеуметтік осал топтарға көмек көрсетуге арналған «Астана — мейірімді қала» жалпықалалық қайырымдылық акциясы жалғасуда. Акция аясында қала әкімдігінің қызметкерлері, әкімнің орынбасарлары, басқармалардың басшылары, Астана әкімі Әсет Исекешев көмекке мұқтаж қала тұрғындарына қол ұшын созуда, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

10 жасар Нұрсұлтан Кәкімовке туа біткен ДЦП диагнозы қойылған. Сондай-ақ, оған соқырлықтың 4-5 дәрежесі қойылды. Оның анасы Гүлмира Таутанова №2 қалалық балалар ауруханасында мейірбике болып істейді, ол жалғыз 4 баланы тәрбиелеп отыр. Кәкімовтер отбасының қиын материалдық жағдайын ескере келе, елорда әкімдігімен материалдық көмек көрсетілді, сондай-ақ, мүгедекке арналған арба табысталды.

Көп балалы ана Гүлмира Кәкімова елорда әкімінен балаларға киім мен компьютер алуға көмек көрсетуін сұраған. «Асана — мейірімді қала» қайырымдылық акциясы аясында Әсет Исекешев Кәкімовтер отбасында болды.

Сонымен қатар, қала басшысы 87 жасар қала тұрғыны Плотникова Любовьтің жағдайымен танысты. Тыл еңбеккері көп жылдар бойы АТС монтері болып істеген. Қазіргі кезде жалғызбасты әйел қиын жағдайда тұрып жатыр. Оған материалдық көмек көрсетіліп, қажетті дәрі-дәрмек алуға қаржы бөлінді.

Еске салайық, Астанада 1 желтоқсанда «Астана — мейірімді қала» жалпықалалық қайырымдылық акциясы басталды. Түрлі бағыттар бойынша қолдау көрсетіледі, яғни, азық-түлік өнімдерін, көмір, киім-кешек сатып алу, дәріханадан дәрі-дәрмек сатып алу үшін сертификаттар және т.б.

Акцияға қатысуға ниет танытқандар Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік көмек басқармасына Иманбаев көшесі, 16, 1-ші кабинет мекен жайы бойынша келе алады.