Республикада мәслихат депутаттығына барлығы 1050 кандидат ұсынылды. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов мәлім етті.
Облыстық, Астана және Алматы қалаларының аумақтық комиссиялары ұсынған мәліметтерге сәйкес 2016 жылдың 1 ақпанындағы сағат 10.00-дегі жағдай бойынша республикада мәслихат депутаттығына барлығы 1050 кандидат ұсынылды. Олардың ішінде: 107-сі — облыстық, Астана және Алматы қалалық мәслихаттарына, 804-і — аудандық мәслихаттарға, 139-ы — қалалық мәслихаттарға. 2 кандидатты саяси партиялар, ал 1048-і өзін-өзі ұсынып отыр», — деді ол.
Оның атап өтуінше, қазіргі сәтте ұсынылған кандидаттардың басым бөлігі, нақты айтқанда, 239-ы Солтүстік Қазақстан, 197-сі Қарағанды, 132-сі Шығыс Қазақстан, 95-і Қостанай облыстарынан тіркелген.
«Ұсынылған кандидаттардың бесеуі Қазақстан Республикасы саяси партияларының мүшелері, 553-і партияда жоқ, тағы 492-сі өзінің партияға тиесілі екенін көрсетпеген. Ұсынылған кандидаттардың арасында 16 ұлттың өкілі бар. Ер адамдар — 693, әйелдер — 357. Орташа жасы — 41 жас», — деді Б.Мелдешов.
ОСК хатшысының мәліметтеріне қарағанда, 720 кандидаттың жоғары білімі, 257-сінің арнаулы орта және 72-сінің орта білімі бар. Кандидаттардың 56 пайызы мемлекеттік мекемелерде, ұйымдарда және кәсіпорындарда, 38 пайызы коммерциялық құрылымдарда жұмыс жасайды, 6 пайызы басқа кәсіппен айналысады. Округтік сайлау комиссиялары 28 кандидатты тіркеді.
Айта кетейік, Ортсайлауком бекіткен күнтізбелік жоспарға сәйкес мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсыну 2016 жылғы 19 ақпанға, ал тіркеу 23 ақпанға дейін жүргізіледі.