Нұрым Досболов, «Байдың балалары» КТК капитаны:
— Команданың атауын не үшін «Байдың балалары» деп қойғансыңдар?
— Кез келген команданың атауына байланысты стилі, ұстанып отырған бағыты болады. Біз команданың атауының өзінде ерекшелік болуын ескердік. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің статусы мен команданың да статусын жоғары көтерейік деген мақсатта жеке өзім солай қойдым. «Кеменің басы қалай болса, аяғы да солай болады» дейді ғой, өзіміздің рухани әрі мәдени бай екенімізді көрсеткіміз келді.
Жалпы, 2008 жылдан бастап қазақша «КТК»-ға қатыса бастадым. Ол кезде әлі «Жайдарман» деп аталмайтын. КТК-да орталық лига, республикалық лига деген болады. 2008-2009 жылдары орталық лигадан екі рет екінші орын алдық. 2010 жылы орталық лиганың 1 орнын иелендік. «Жайдарманда» арнайы бір лигадан ұтып, одан жоғары лиғаға өтесің. 2011 жылы біз премьер лиганың чемпионы атандық. 2010-2011 жылдары Шымкент қаласының сол кездегі әкімі Арман Жетпісбаевтың тағайындаған кубогының қатарынан екі жыл жеңімпазы болдық. 2012 жылы «Б» корпусы» командасы жоғары лиганың жартылай финалына өтті. Сол жерде осы команданың карьерасы бітті. Одан кейін 2013 жылы оқуды бітіріп ОҚМУ-ге жұмысқа тұрғаннан кейін «Байдың балалары» деген команда құрдық. Премьер лига ойындарының 2014-2015 жылдары жартылай финалисі болып келе жатырмыз. Қалай дегенмен де, жас командамыз. Алда әлі талай жетістіктерге жетеміз деген ойдамын.
— Командаға жігіттер жинауда көбіне неге көңіл бөлесің? «Жайдарманшының» бойында қандай қасиеттер болуы керек?
— Ең бірінші тәртіп болу керек. Кез келген адамды қазбалап, кішкене қозғау салсаң өн бойындағы жасырынып жатқан өнері шығады. Бірақ, тәртіп болмай ешнәрсе болмайды. Бір-біріне деген сыйластық, командаға деген жанашырлық, одан кейін әрине білім мен ізденіс қажет. Ойлауы мүмкін, жайдарманшыларды секең-секең етіп жүреді, жеңіл әзілге құмар деп. Олай ойласа қатты қателеседі. Бізде газет оқимыз, жаңалықтар қараймыз. Қоғамда не мәселе өзекті болып жатыр, біліп жүруге тырысамыз. Одан бөлек, командаға өмірге жайдары, үнемі көтеріңкі көңіл-күйде жүретін, мұңаймайтын, дайындық барысында өзін көрсете алатын ойыншыларды аламыз. Қысқасы, ойыншының бойында ең бірінші тәртіп, білім, ізденіс болуы қажет.
— Жалпы, Оңтүстік өнерпаздар мен әзілге бай өлке. Облыста КТК командаларының көп болғаны дұрыс па?
— Негізі қазақша «КВН»-нің темірқазығын қаққан ол — осы Шымкент. Қазақша «КВН» деген нәрсенің бастауын 1999-2000 жылдары Оңтүстік өлкесінің тумалары бастаған. Қазір «Жайдарманның» 10-15 жылдық тарихы қалыптасты. Оның басында Есен Елеукен, Сейітжан Асилов «Нысана» театрының әртістері Дәнекер Оразбай секілді ағаларымыз тұр. Көбісі ойлауы мүмкін, батыстар мықты болып кетті, Шымкенттің «жайдарманшылары» әлсіреп кетті деп. Жоқ, қателеседі. Ол бір кезең ғой. Мысалы, бір кездері қызанақтың дәуірі болса, бірде қарбыздың дәуірі болатын кез. Шымкенттің «квнщиктері» ешуақытта нашар болмаған. Өзіңіз айтқандай, Оңтүстік — өнер ордасы. Іргетасымыз мықты болғандықтан сол бағытты ұстанып келе жатырмыз. Онда тұрған ештеңе жоқ. Ал, командалардың саны көп болсын, аз болсын дегенге келетін болсақ, саны бар сапасы жоқтан гөрі сапалы болған дұрыс. Әрине, Шымкентте жоғары лигада ойнап, жетістіктерімен көзге түсіп жүрген командалар бар. Жалпы, Оңтүстік жақсы өнер көрсетіп келеді.
— Көрермендерді өне бойы қызықты әзілдермен күлдіру оңай емес. Тапқыр, ұтымды әзілдерді қайдан аласыңдар, кімдермен ақылдасасыңдар?
— «КВН»-де ойнап жүргеніме 7-8 жыл болып қалды. Ешкімнен сұрап алмаймыз, жазып та бермейді. Басқа командадан көмектесетін, сырласатын жігіттер бар. Арнайы авторлармен жұмыс істейтін, соның ұсынған дүниесін қоятын театрлар бар. Ал «Жайдарманда» әркім әзілді өзі жазады. Оны қоғамнан, өмірден аламыз. Не мәселе өзекті болып жатыр, соны барынша астарлап жеткізуге тырысамыз. Бір-біріміздің ортамызға тастаймыз. Лига жақындаған кезде мәжіліс залына, бір-біріміздің үйімізге қонып дайындалатын кездеріміз болады.
— Команданы қаражат жағынан қолдау қалай?
— М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Жұмахан Мырхалықовқа алғысымыз шексіз. Ол кісі командамызға әрдайым демеушілік жасап өсуімізге, телеарнаға шығуымызға үлкен қолдау білдіріп келеді. Құдайға шүкір, барлық жарыстарға қатысар кезде жол шығынымызды универсиет қаржыландырып отыр.
— Студент жастардың басын қазір «Жайдарман» сияқты қызықты жарыстар топтастырып тұр. Жалпы, қазақ жастарына «КТК» не береді?
— Мен өзім де жаспын. Жеке өзімді айтар болсам, «Жайдарман» өмірімді көп өзгертті. Көп нәрсені үйрендік, эфирге шығып жатырмыз. Еліміздің басқа өңірлерінен қаншама достар таптық. Былайша айтқанда, үлкен мектеп. «Жайдарман» болмаса өмірім мұндай болмас па еді деп те ойлаймын. «Жайдарман» арқылы бір-бірімен отбасын құрып, дос тауып, тіпті осы арқылы театр құрып танылып жатқандар да бар. Кейбір студенттер шылым шегіп, сыра ішіп, уақытын құр босқа өткізіп жатады. Ал, «Жайдарман» — студенттік шақта таптырмайтын ең күшті ойын.
— Біздің кезімізде қазіргі смартфон, айфон сияқты технологиялық жетістіктер жоқ болатын. Ғаламтордың өзі қолжетімді емес еді. Ал қазіргі жастарға қандай проблема өзекті болып тұр?
— 2008 жылы оқуға түскен біздің кезімізде де ұялы байланыстың түр-түрі енді шығып келе жатты. Керісінше, ұялы байланыссыз қалған күшті еді. Сіздер хатты құстың қанаты арқылы жіберіп жүрген шығарсыздар (әзілдеді). Қазіргі жастардың бас ауруы «әлеуметтік желілерде неге мен аз лайк жинаймын?» деу ғана. Бары сол. Студенттер сабағын оқып, әке-шешесінің айтқанын тыңдап, бір-бірімен дұрыс жүрсе басқа ешқандай мәселе жоқ деп ойлаймын.
— Қай облыстың КТК командаларын мықты қарсылас деп есептейсіңдер?
— Ешқандай команданы қарсылас деп қарамаймыз және ешқандай команданы әлсіз деп қабылдамаймыз. Өзіміздің ұстанымымыз солай. Біздің жетекшіміз марқұм Зұлыпхар Баймұрза деген кісі бізді қайсар, жігерлі болуға үйретті. Айтады ғой, «қарсыласыңды мықты деп те таныма, нашар деп те таныма». Біздің қарсыласымыз — өзіміз. Өзіміз жақсы болсақ, барлығын жеңеміз. Өзіңіз айтпақшы, қазір ғаламтор қолжетімді болғандықтан барлық өңірдің командалары көп ізденеді. Бірақ, біз ешкімнен қорықпаймыз.
Әңгімелескен: Жансая СЫДЫҚБАЙ