Биыл 30 қазанда еліміздің 10 өңірінде бос қалған мәслихат депутаттарының орнына сайлау өтті. Солардың бірі – Алматы облысында сайлаушылар Іле, Көксу, Еңбекшіқазақ аудандары мен Қапшағай қаласындағы 29 сайлау учаскелерінде дауыс берді. Аумақтық және округтік сайлау комиссияларына сайлаушылар немесе кандидаттар тарапынан шағымдар мен өтініштер түскен жоқ. Бұл жөнінде Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Тимур Дәуітов мәлімдеді.
Облыс тұрғындары әдеттегідей үлкен белсенділік танытып, келген сайлаушылардың жалпы саны 27812 адамды немесе 88,1 пайызды құраған. Бос қалған мәслихат депутаттарының орнына барлығы 9 үміткер (3 кандидат «Нұр Отан» партиясынан, 6-уы — өзін-өзі ұсынғандар) ұсынылған болатын. Олардың бәрінің осы орындарға лайықтылығы тексеріліп, тіркелген.
Сайлау қорытындысы бойынша №41 Жетіген округтік сайлау комиссиясының хаттамасына сәйкес Алматы облыстық мәслихат депутаты болып Ғалиасқар Төлендіұлы Сарыбаев; №2 Измайлов округтік сайлау комиссиясының хаттамасына сәйкес Көксу аудандық мәслихатының депутаты болып Маман Қаманұлы Қаблисанов; №10 Қарашеңгел округтік сайлау комиссиясының хаттамасына сәйкес Еңбекшіқазақ аудандық мәслихатының депутаты болып Қайнар Жұмағожаұлы Жұмағожа сайланды.