Домой Блог Страница 55

Алматы облысының «БТК Групп» кірпіш зауыты 54 тоннаға дейін газоблок өндіруді көздейді

img_6870Кірпіш шығаратын «БТК Групп» зауытының іргесі 1997 жылы қаланған болатын. Бір жылдан соң алғашқы қызыл кірпіштерін шығара бастаған.

 Жобаның жалпы құны 600 млн. теңге, ал жобалық қуаты 54 тонна газоблок өндіруге негізделген, деп хабарлайды Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі.

Іле ауданының Ащыбұлақ ауылында орналасқан зауыт биылдан бастап газоблок өндіруді қолға алды. Газоблок шығару үшін ең алдымен құм, әк, гипс, цемент керек. Ал бұл қоспаларды алыстан іздеп қажеті жоқ, өз жерімізде бар. Мәселен, цемент – Шығыс Қазақстан, әк – Оңтүстік Қазақстан, гипс – Жамбыл облыстарынан, ал құм іргеміздегі Қапшағайдан әкелінеді. Демек, шағын зауыттың қанатын кеңге жая алатынына сенім мол деген сөз. Зауыт жұмысшылары он ай ішінде 20 мың газоблок шығарып үлгерді.

Жиырма бес жұмысшысы бар «БТК Групп» ЖШС «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы 200 млн. теңге көлемінде несие алып, қуатты құрал-жабдықтарға қол жеткізді. Қытай-Германия технологиясымен жұмыс істейтін аппараттардың құлағында ойнайтын маманданған сегіз инженер бар. Еңбеккерлердің орташа жалақысы 80 мың теңге. Бұл туралы БАҚ өкілдеріне Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі брифингте «БТК Групп» зауытының директоры Тоған Ботабеков айтып берді. Кезінде Мәскеуден білім алып, осы өзі қолға алған салада 40 жылдан  бері тер төгіп жүрген басшы келешекте бұл зауыт көкжиегін кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға ниетті. Және де 54 тоннаға дейін газоблок өндіруді көздеп отыр.

Алматы облысындағы республикалық жолдарды жөндеу аяқталуға жақын

9Алматы облысында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын, деп хабарлайды «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның баспасөз қызметі.

Кеген-Нарынкол автомобиль жолының 40 шақырымдық бөлігінде сыртқы-бұдыр бетін өңдеу бойынша орташа жөндеу жұмыстары 1 ай бұрын алдын-ала аяқталуда.

Кеген-Нарынкұл автомобиль жолы Райымбек ауданында Қытаймен шекаралас орналасқан. Осы бөліктегі жөндеу жұмыстары бұл аймақтың дамуына, сондай-ақ, ішкі туризді дамытуға ықпал етеді. Соңғы рет жолда орташа жөндеу жұмыстары 2007 жылы жүргізілді.

Сонымен қатар, ағымдағы жылы Алматы облысында Алматы — Көкпек — Көктал — Қорғас бағытындағы және жалпы ұзындығы 30 шықырымға созылған «Алма-Тау туристік базасына кіреберіс» республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бөлігінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта облыста жалпы ұзындығы 35 шақырымға созылған Көлсай көліне апаратын Жалаңаш-Саты автомобиль жолының кіреберіс бөлігінде күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Осы бөліктегі жөндеу жұмыстарын 2018 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

Алматы облысында тәлімбақта өсірілген 5 бүркіт еркіндікке жіберіледі

20161028091958Алматы облысында тәлімбақта өсірілген 5 бүркіт еркіндікке жіберіледі.

Алматыда «Сұңқар» жыртқыш құстар тәлімбағында өсірілген бес бүркітті еркіндікке жіберу шарасы өтті. «Өз үлесіңді қос. Табиғатты сақта» атты арнайы ұйымдастырылып келе жатқан жоба аясындағы шараға «Эфес Қазақстан» компаниясы қаржылай көмек көрсетуде. Зоология институтының ғалымдары  жыртқыш құстар тәлімбағының өкілдерімен  бес жыл ішінде бірігіп атқарған жұмыстарының нәтижесінде көп мәселеге көз жеткізгендерін айтады. Мәселен, тәлімбақта өсірілген бүркіттердің балапандары еркіндікке жіберлігенде, табиғатқа тез бейімделіп,  жақсы өседі. Ең бастысы бүркіттердің санын өсіруге аталған жоба айрықша үлесін қосуда.

Еркіндікке жіберілетін бүркіттердің бесеуі де жабайы табиғат аясына бейімделген. Ең бастысы азықтарын тауып, қоректене  алады.

Айта кету керек, «Сұңқар» жыртқыш құстар тәлімбағы Қазақстан бойынша жыртқыш құстарды өсіретін жалғыз  тәлімбақ. 1989 жылдан бастап табиғатта саны сиреп бара жатқан құстардың санын өсіру мақсатында жұмыстарын жандандыруда.

ҚазАқпарат

Талдықорғанда 7 мыңға жуық ағаш көшеттері отырғызылды

20161028170459Өткен аптада Талдықорған қаласында жалпықалалық сенбілік өтті.

Шара аясында қаланың бірқатар жерлеріне көшеттер отырғызылып,  тазалық жұмыстары жүргізілді. Жалпықалалық сенбілік жексенбі күні де жалғасты.

Ұйымдастырушылар осы аралықта қала бойынша 7 мыңға жуық көшет отырғызды. Сенбі күні Қаратал өзенінің жағалауына 900 түп ағаш отырғызылды. Айта кету керек, аталған шара «Талдықорған — бақ қала жобасы» аясында ұйымдастырылды.

Талдықорғанда халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

20161028173509-1Талдықорғанда екі күнге созылған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

«Заманауи сын-тегеуріндер мен қоғамның жаһандану жағдайында Қазақстандағы білім мен ғылымның инновациялық әлеуеті» атты шараға Түркия, Ресей, Қытай елдерінің профессор, ғалымдарымен қатар жалпы саны 250-ден астам адам қатысты.

Ауқымды жиынның басты мақсаты — еліміздегі білім мен ғылымның әлеуетін арттыру. Осы мақсатта ғалымдар өз ойларын ортаға салды. Бұдан бөлек, білімді одан әрі жетілдіру мақсатында шетелдегі ЖОО-ң өкілдері 36 мақала ұсынған.

Айта кету керек, халықаралық дәрежедегі конференцияның ұйымдастыушысы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу Мемлекеттік Университеті. Аталған білім шаңырағында 6 мыңға жуық студент 40 мамандық бойынша білім алуда. Ал, оларға 350 аса профессор, ғалымдар дәріс беруде.

Алматы облысының Ұйғыр ауданында Кәсіпкерлердің аудандық кеңесінің алғашқы көшпелі мәжілісі өтті

20161028182323Бұл жолғы кеңестің көшпелі мәжілісі Абат ауылдық округінде өтті.

Кеңес хатшысы, Ұйғыр ауданы филиалының директоры Мүслім Амангелді кәсіпкерлерге аудандық кеңестің жүргізіп отырған жұмысы, қолдаудың жаңа түрлері жайлы әңгімеледі. Бұдан соң кездесуге қатысушылар несиелерді беру шарттары және қарау мерзімдері жайлы сұрақтар қойды. Кәсіпкерлер уәкілетті органдардың құжаттар жинағын қарау және қалыптастыру уақытының көпке созылатындығына наразы. Аудандық кеңестің төрайымы Жамал Оқаева кәсіпкерлер де органдардың шарттары мен өтініштерін толық көлемде орындауы тиіс деп атап көрсетті.

«Мен де кәсіпкермін, несиеге қол жеткізудің қаншалықты қиын екендігін білемін, кейде құжаттарды жинау және өтінімдерді қарау бірнеше айға созылады. Бұл жерде, әрине, осы құрылымдардың және тұлғалардың жауапкершілігі жайлы айту қажет. Дегенмен, өтінімдері қабылданбаған кәсіпкерлер одан бас тартып, қаржыландырудың басқа құралдары мен тәсілдерін іздейтін кездері де болады. Мысалға жеке басыма келетін болсақ, мен несие алуды 50 мың теңгеден бастадым. Қазір маған 150 млн теңге дейінгі сомадағы несие беріледі. Сондықтан барлық кәсіпкерлерді белсенді, қажырлы болуға шақырамын», — деді Жамал Оқаева.

Сондай-ақ жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерте алмай жүрген кәсіпкердің мәселесі де сол жерде шешілді. Аудандық кеңестің септігі тиіп, енді келесі аптада фермер ісі ауданның жер комиссиясы мәжілісінде қаралатын болады.

Арыздар, түйткілді мәселелер мен ұсыныстар арасында Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің атына алғыстар да айтылды. «Эврика» шаруа қожалығының басшысы Гаджиахмед Қадыров сарапшы Диас Оташбаевтың ҚР ҰҚК 2534 әскери бөліміндегі сот талқылауында қожалықтың құқығын қорғағанын айтты.

Кәсіпкерлердің аудандық кеңесі мүшелері енді ауданның шалғайдағы ауылдарында — Қалжат және Кіші диқан ауылдық округтерінде көшпелі мәжілістер өткізбек.

ҚазАқпарат

Талдықорғанда бата беру жарысы өтті

20161028185602Талдықорғанда бата беру жарысында Көксу ауданының тұрғыны Данияр Оралбеков  бас жүлдені жеңіп алды. Жеңімпазға 50 мың теңге қаржылай сыйлық табыс етілді.

«Батагөй» жарысына 20 адам қатысты. Облыстық деңгейде өткен шара осымен екі мәрте ұйымдастырылуда.  Байқау шартына сәйкес қатысушылар үш түрлі бата берді. Оның ішінде екі бата кездейсоқ тәртіпте  қоржыннан асық алу арқылы таңдалды. Ал бір бата өзінің қалауы бойынша берілді.

Бата-тілек сөздерді қарияларымыздың барынша жете меңгеруін, бата мен тілекті шатастырмауды мақсат еткен шарада  келген ақсақалдардың ешқайсысы жүлдесіз қайтқан жоқ. Ынталандыру мақсатында  әрқайсысына 10 мың теңгеден қаржылай сыйлық табыс етілді.

ҚазАқпарат

Алматы облысында нағыз «Диснейлэнд» салынуы мүмкін

20161029155705Инвесторлар «Қорғас» Халықаралық шекара маңындағы ынтымақтастық орталығының (ХШЫО) қазақстандық бөлігінде нағыз «Диснейлэнд» салуды ұсынды.

Бұл туралы арнайы пресс-тур барысында «Қорғас» орталығының президенті Қахарман Жазин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Диснейлэнд салу туралы ұсыныс жақында ғана жасалды. Әрине, маған бұның қаншалықты шынайы жоба болатыны белгісіз, дегенмен осындай өтінім берілді. Ең бастысы екі миллиондық халқы бар Алматы қаласы да алыс емес, іргелес аумақтар да қарқынды дамып жатыр, ендеше сөзсіз көңіл көтеруге арналған жақсы алаң жасауға болатыны түсінікті.

Көлікпен екі сағаттың ішінде Диснейлэндке жетіп, қыдырыстап қайту кім-кімге де керемет болатын еді. Мәселен, Парижден Диснейлэндке жету үшін 4 сағат кетеді. Жоба біздің азаматтарымызға арналған. Дегенмен, Үрімші жағында да мұндай ауқымдағы көңіл көтеретін демалыс орталықтары жоқ екенін ескеру керек.  Олар да осыған мүдделі болып, келушілер санын арттырады», — деді Қахарман Жазин.

Оның айтуынша, «Қорғас» ХШЫО-ның қазақстандық бөлігінде көңіл көтеруге арналған бірқатар инвестициялық нысандар салу жоспарланған. Мұнда жалпы инвестиция көлемі 150 миллион долларды құрайтын үш және бес жұлдызды отельдер, ауқымды сауда-ойын сауық орталықтарын қамтыған кешен салынады. «Қолөнершілер қаласы» атты қызықты жобаның құрылыс жұмыстары 50 пайызға атқарылған. Онда қолөнер шеберлері ұлттық кәдесыйлар жасаумен айналысатын болады.

«Біздің ойымызша, 2017-2018 жылдары көптеген нысандар пайдалануға беріледі», — деді Қахарман Жазин.

Айта кетейік, «Қорғас» ХШЫО Алматы облысы Панфилов ауданының Қазақстан-Қытай шекарасында орналасқан. Орталықты құру арқылы екі елдің және үшінші елдердің азаматтарына іскерлік кездесулер, Қазақстан мен Қытайда шығарылатын өнеркәсіптік өндіріспен танысу мүмкіндіктері, сондай-ақ сауда келісімшарттарын жасасу үшін визасыз территория қалыптастыру көзделеді.

Арыстықтар қос мерекені атап өтті

img_0489Еліміздегі айшықты оқиғаның бірі еселі еңбек еткен дала еңбеккерлерінің күні. Жыл сайын күзде шаруалардың ала жаздай еткен еңбегінің жемісін айшықтайтын «Алтын күз» мерекесі тойланып, диқандар қошеметке бөленеді.

Осынау  «Алтын күз — 2016» және «Қала күні» мерейлі мерекесін арыстықтар салтанатты түрде атап өтті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Қос мереке аясында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, өнімдер тұрғындарға нарық бағасынан 20-30 пайызға төмен бағада ұсынылды.

Мерекелік шараға қатысқан қала әкімі М.Қадырбек шаруалардың өндірген өнімдерімен танысып, тұтынушылармен жүздесті. Аталған жәрмеңкеде ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ауыл еңбеккерлері өндірген өнімдерден ұлттық тағамдар әзірленді.

Жәрмеңке қалалық мәдениет үйінде салтанатты жиынға жалғасты. Салтанатты шара барысында шаһар басшысы Мұрат Болатұлы мерекеге орай тұрғындарға ізгі тілегін білдіріп, Елбасының тапсырмаларымен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда, қаламыздың жаңарып, гүлденуіне, әлеуметтік экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан азаматтарға «Арыс қаласының Құрметті азаматы», Тәуелсіз Қазақстанның 25 жылдығын толағай табыстармен қарсы алып, еліміздің ен байлығын тасқындатуға ерен еңбектің үлгісін көрсеткен дала еңбеккерлеріне «Еңбек даңқы» белгісімен, Алғыс хат және Құрмет грамотасымен марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті.

Ауыл шаруашылығы өнімін өндіруде жоғары нәтиже көрсеткені үшін «Алтын күз-2016» жеңімпазы Монтайтас ауылдық округі әкімдігіне «Нива» автокөлігінің кілті салтанатты жағдайда табыс етілді.

Сондай-ақ Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған қалалық «Мәдениетім мақтанышым» өнер фестивалінде қала, ауыл өнерпаздары өздерінің концерттік бағдарламалары мен көрмелерін халыққа ұсынған болатын.

Қос мерекенің қуанышты сәтінде «Мәдениетім мақтанышым» өнер фестивалінің Бас жүлде иегері Жиделі ауылдық округі атанып, өнерпаздарға «Гранта» автокөлігінің кілті табысталды.

Арыс аспанын әнге бөлеген мереке одан әрі концерттік бағдарламаға ұласып, қаламыздың әншілері жиналған қауымға өнер көрсетіп, ән-биден шашу шашты.

ОҚО-да Түрік этномәдени бірлестігінің «Менің Қазақстаным — менің жүрегім!» атты мерекелік шарасы өтті

999-5Шымкентте облыстық «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен «Менің Қазақстаным — менің жүрегім!» тақырыбында мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, облыстық мәслихат хатшысының міндетін атқарушы Әбілқасым Досболов сөз сөйлеп, бірлігі бекем елдің ғана берекесі артып, мерейі үстем болатындығына тоқталды. Сондай-ақ, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуда облыстық түрік этномәдени бірлестігінің үлесі мол екені айтылды.

Мерекелік шарада бірлестіктің белсенді мүшелері облыс әкімінің Алғыс хатымен, облыстық мәслихаттың Грамотасымен және «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің Алғыс хатымен марапатталды.

Барша жұртшылаққа құт мекен болған Оңтүстік Қазақстан облысында бүгінде 70 мыңға жуық түрік этносының өкілдері тұрады. 1989 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан түрік этномәдени бірлестігінің жанында жексенбілік мектеп, жастар қанаты мен ақсақалдар кеңесі құрылған. «Або», «Яшлар» ансамбілдері облыс көлемінде өткізілетін мәдени шараларда өнер көрсетіп келеді.