Домой Блог Страница 66

ОҚО-да Қоғамдық Кеңестің кезекті отырысы өтті

600_135Кеше облыс әкімдігінде Оңтүстік Қазақстан облыстық қоғамдық кеңестің отырысы өтті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Кеңес отырысына облыс әкімінің бірінші орынбасары – Д.Сатыбалды, облыс әкімінің аппарат басшысы – Е.Әлімқұлов, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық басқарма басшылары және БАҚ өкілдері қатысты.

Отырысты облыстық қоғамдық кеңес төрағасының міндетін атқарушы, облыстық мәслихаттың депутаты Ө.Мелдеханов ашып, жүргізіп отырды.

Кеңестің күн тәртібінде төрт мәселе қаралды. Олар:

1) «2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы»

(облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы);

2) «Азаматтардың жекелеген санаттарына амбулаториялық емдеу кезінде тегін дәрілік заттарды қосымша беру туралы» Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының 2008 жылғы 11 сәуірдегі №6/86-ІV шешіміне толықтырулар енгізу туралы» (облыстық денсаулық сақтау басқармасы);

3) «Cу қорғау аймақтары мен белдеулері және оларды шаруашылықта пайдалану режимі туралы» облыс әкімідігінің қаулы жобасы туралы; (облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы);

4) «2016 жылға асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнiмдiлiгiн және өнім сапасын арттыруға  субсидиялар көлемдерін  бекіту туралы» Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2016 жылғы 5 сәуірдегі №101 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» облыс әкімдігінің қаулы жобасы туралы; (облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы).

Отырыс барысында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының, денсаулық сақтау басқармасының, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, ауыл шаруашылығы басқармасының басшылары баяндама жасап, жалпы нормативтік-құқықтық актілеріне өзгерістер енгізу себептері бойынша мәлімдеді.

Сонымен қатар, мәжіліс барысында қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан баяндамашыларға сұрақтар қойылып, ұсыныстар енгізілді.

Кеңес отырыс қорытындысымен күн тәртібіндегі мәселелер бойынша коғамдық кеңес мүшелері тарапынан бірауыздан мақұлданып, облыстық мәслихаттың қарауына ұсынылды.

Астанада «Бәріміз бірдейміз — кемсітуді білмейміз» байқауының жеңімпаздары анықталды

c-1Қазақ ұлттық өнер университетінде «Бәріміз бірдейміз — кемсітуді білмейміз» атты қалалық конкурстың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Байқаудың басты мақсаты  мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық әлеуетін дамытуға және олардың қоғамға араласуына қолдау көрсету.

«Кәсібінің үздігі» аталымында Камалиден Оспанов — 1-ші, Сәуле Айдарханова  2-ші, Қорған Конкулов 3-ші орын алды.

«Үздік студент» аталымы бойынша Алтыншаш Мұқатаева 1-ші орыннан көрінсе, Мейрамкүл Батырханова  2-ші, Рузи Шихов 3-ші орынға табан тіреді.

Жанмұхаммед Серіктің отбасы «Ең тату отбасы» аталымында жеңімпаз атанса, осы номинацияда 2-ші орыннан Дәмелі Загитованың отбасы, 3-ші орыннан Дос Төлегеновтың отбасы көрінді.

«Үздік жасампаз» аталымы бойынша 1-ші орын алғандар  Елизавета Данилова және Александр Фролов болса, Сәуле Сыздықова — 2-ші, Фархат Катренов 3-ші орын иеленді.

«Біз бұл байқауға балалардың психоневрологиялық мекемесінің атынан қатыстық. Менің сегіз жасар ұлым Жанмұхамед би билеп, өнер көрсетті. Оған билеген ұнайды. Сондықтан бәріміз оған қолдау көрсетіп, байқауға дайындадық, сөйтіп, міне, он конкурсанттың ішінен бірінші орын алып отырмыз», деп мәлім етті біздің тілшімізге «Үздік отбасы» аталымында жеңімпаз атанған Гүлнәр Дайырбекова.

Ұйымдастырушылар байқауға қатысушылар саны жыл санап артып келе жатқанын айтады. Биыл шығармашылық байқау төртінші рет өтіп отыр.

Астанада конькимен жүгіруден Әлем кубогының ІІІ кезеңі өтеді

c2016 жылдың 2-4 желтоқсанында «Алау» мұз айдын сарайында Әлем кубогының ІІІ кезеңі өтеді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылып отыр.

Шараны ұйымдастырушылар – Астана қаласының әкімдігі, ҚР мәдениет және спорт министрлігі, сондай-ақ «Ұлттық конькимен жүгірушілер федерациясы» РҚБ.

Спорттық журналисттер мен фотокорреспонденттерді аккредитациялау басталды, ол үшін белгіленген үлгідегі нысанды толтырып, nfk_pr@mail.ru электронды поштасына жолдау керек.

Өтінімдер 4 қарашаға дейін қабылданады.

Айта кетейік, жақында Астанада конькимен жүгіруден ҚР Кубогы өткен болатын. Жарыстың қорытындысы бойынша Әлем кубогының кезеңдеріне қатысатын ел құрамасына кіретін спортшылар анықталды.

«Жастар театры» — Талдықорғанда

c1f62790dcde02e5355536a463208528Талдықорғанға Астана қаласының «Жастар театры» гастрольдік сапармен келді.

Гастроль кезінде талдықорғандық театрсүйер қауымға бірнеше қойылым ұсынылуда. Атап айтқанда, С. Жүнісовтің «Тырау, тырау, тырналар», Б. Соқпақбаевтың «Көзіме бір көрінсең бала ғашық», С. Дүйсембиевтің «Махаббат миниатюралары», Н. Гогольдің «Ревизор» шығармалары, сол сияқты балаларға арнап М. Әуезханұлының «Ақыл патшалығында» атты ертегісі қойылып жатыр.  Спектакльдердің барлығы да І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өтуде.

Театрдың көркемдік жетекшісі, ҚР мәдениет саласына еңбек сіңірген қайраткер Нұрқанат Жақыпбайдың айтуынша, театр құрылған 9 жылдың ішінде өнер ұжымының репертуары 40-қа жуық қойылыммен толықты. Оның арасында классикалық шығармалардың қойылымы да, заманауи интерпретациялар да бар. Актерлік труппа жастардан қалыптасқан, мұнда жасы 30-ға дейінгі өнерпаздар өнер көрсетуде, бірақ жастығына қарамастан олар талантымен танылып үлгерген. Театр түрлі республикалық және халықаралық фестивальдардан 10 Гран-при жүлдесін жеңіп алған.

Алдағы уақытта «Жастар театры» Орта Азия бойынша өтетін VI Халықаралық фестивальға қатысып, үздіктер қатарынан көрінсек деп үміттеніп отыр. Онда қазылар алқасының назарына У. Шекспирдің «Асауға тұсау» комедиясын ұсынбақ. Фестиваль Б. Римова атындағы облыстық драма театры сахнасында 23-28 қазан аралығында өтпек.

Жалпы, «Жастар театрының» гастрольдік сапары 15 қазанда басталып, 20 қазанда аяқталады.

ОҚО әкімі өңір кәсіпкерлерімен кездесті

600_133ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдегі бизнес өкілдермен кездесу өткізді. Жиынға 160-тан астам шағын және орта бизнес өкілдерімен қатар, ірі кәсіпкерлер де қатысты, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Бейресми кездесудің басты мақсаты – аймақтағы кәсіпкерлермен жақын танысып, осы салада қордаланған өзекті мәселелерді ортақтасып шешу болып табылады.

Жиында облыс әкімі өңірдің индустриалды-инновациялық даму жұмыстарында Елбасының берген тапсырмаларын толықтай орындап, бұл ретте, қағазбастылықтың азайып, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу қажеттігін айтты. Аймақ басшысының кәсіпкерлікті қолдауға айрықша көңіл бөлгені жиналғандарды қуантып, өздерін алаңдататын мәселелерді әкімнің тікелей алдында баяндады.

Атап айтар болсақ, «Диойлгаз» компаниясының жетекшілігі «Тассай» индустриялды аймағынан бөлінген жер телімінің құжаттарын рәсімдеудегі қағазбастылық пен оны беруді кешеуілдетіп жатқанын айтты. Өз кезегінде, осы мәселе бойынша жауап берген облыс әкімі таяуда 14 қаулыға қол қоятынын, онда аталған «Диойлгаз» компаниясының да бар екенін жеткізді. Мұнан бөлек, апта соңына дейін жер учаскесін беру бойынша қаулының дайын болатынын айтты.

Кездесу барысында айтылған және сол жерде шешімін тапқан мәселелердің бірі «Марай Е 7» және «Карлс Крона» кәсіпорындарының электр энергиясымен қамтылмай отырғаны еді. Мәселеге қанық болған Жансейіт Түймебаев 3 тәулік аралығында аталмыш кәсіпорындарға электр қуатын жеткізуді тапсырды.

Бұдан өзге, отырыста инженерлік коммуникациялар мәселелері мен өнімді өткізу, шет елден келетін жұмысшыларға виза алу мәселелері сынды кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін көптеген проблемалар қозғалды.

Жиын қорытындысы бойынша, облыс әкімі жүйелі түрде жұмыс жасауды және облыс әкімінің жанынан кәсіпкерлер кеңесін құруды тапсырды. Сондай-ақ, айына бір рет кәсіпкерліктің түрлі салаларына байланысты бизнесмендермен жиын өткізуді ұсынып, мемлекет пен кәсіпкерлік құрылымдары күштерін біріктіретін болса, күткен межені бағындыруға болатынын баса айтты.

Отырыс нәтижесін бойынша Жансейіт Түймебаев белгілеп берген бірқатар тапсырмалар мынадай:

Бірінші. Кәсіпкерлердің күрделі мәселелерін жинақтап, облыс әкімінің жанынан құрылған кәсіпкерлер кеңесінде шешім шығару;

Екінші. Оңтүстік Қазақстан облысында шығарылатын тауарлар мен қызмет түрлерін дамыту бойынша жұмыс тобын құрып, өнімдерді республикалық, халықаралық көрмелер мен форумдарда және де өзге де іс-шараларда көрсету;

Үшінші. Астана мен Алматы қалаларында үздіксіз жұмыс істейтін сауда-көрме орталығын құрып, онда Оңтүстік Қазақстан облысының өнімдерін өткізіп, саудалау;

Төртінші. Мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысын электронды форматқа көшіріп, құжат айналымын өзгерту. Облыс әкімдігі барлық рұқсат етілген құжаттардың мерзімін қадағалап отырса, мерзімінен кешіккен аудан әкімдіктері мен қала әкімдіктері немесе мемлекеттік органдар жауапкершілікке тартылатын болады;

Бесінші. Сондай-ақ бизнестің әлеуметтік жауапкершілгін дамытып, әлеуметтік-мәдени салаға қолдау көрсету;

Алтыншы. Мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігіне айрықша назар аударылады. Тапсырмалар орындалмаған жағдайда нақты шаралар көрілетін болады;

Жетінші. Білікті кадрларды даяулаудың нәтижелі жүйесін құру үшін жергілікті ЖОО мен колледждерді тарту керек. Сонымен бірге, дуальді оқыту жүйесін дамыту үшін индустриалды аймақтарда колледждер өкілдігін құру жайын қарастыру тапсырылды. Сондай-ақ, әкім кәсіпорындардың қажеттілігіне байланысты тікелей грант бөліп, осы мәселені қайта қарауды жүктеді;

Сегізінші.  Кәсіпкерлік саласында алға қойылған мақсаттарды орындау үшін өңірдің стратегиялық жоспарын әзірлеу керек.

Жиналыс барысында көтерілген барлық мәселелер облыс әкімінің жіті бақылауына алынды.

ОҚО-да жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеуге атсалысып жүрген мемлекеттік қызметкерлер марапатталды

nagradaaaОҚО әкімі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен ОҚО әкімдігінде жастар мен өзінің әскери борышын өтеп жатқан жауынгерлерді эскери-патриоттық тәрбиелеуге атсалысып жүрген мемлекеттік қызметкерлерді марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Жиынға ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы Қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік құқығы жөніндегі орынбасары Сабыржан Сүлейменов пен 6506 әскери бөлімінің командирі Жамбыл Қульбаев және аталған саланың өзге де қызметкерлері қатысты.
Басқосуда С.Сүлейменов аймақ басшысына мерейтойлық медаль табыстады. Өз кезегінде, жасалған жоғары құрмет үшін өңір басшысы қонақтарға алғысын білдіріп, Тәуелсіз елдің ең басты қажеттіліктерінің бірі – оның қауіпсіздігі екенін, өскелең ұрпақты отансүйгіштікке, жаңа қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу баршаның міндеті екенін жеткізді.
Сондай-ақ,  ел шебін қорғаушылармен болған кездесуде І дәрежелі «Ұлттық ұлан» төсбелгісімен ОҚО әкімі аппаратының жұмылдыру және құқық қорғау органдарымен жұмыс жөніндегі бас инспекторы Мейіркүл Батырбекова марапатталса, ІІ дәрежелі «Ұлттық ұлан» төсбелгісі ОҚО ішкі саясат басқармасының басшысы Болат Төлегенге табысталды.

ОҚО-дағы жылу беру жұмыстары облыс әкімінің назарында

f86de0fc-c32e-446e-9f26-f99781dde95fОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев бірқатар сала басшыларымен бірлесе Шымкенттегі жылу беру қазандықтарын аралап көріп, жұмыс істеу жүйесімен танысты, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Атап айтқанда, өңір басшысы әкімшілік іскерлік орталығында орналасқан қуаттылығы 160 Гкал. болатын қазандықтың жұмысымен танысты. Қазіргі кезде, аталған жылу беру орталығы арқылы 24 көпқабатты тұрғын үй мен 6 бюджеттік мекеме осы жылдың 17 қазанынан бастап орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етіле бастады.

Өткен жылы іске қосылған бұл қазандықтың бүгінде өз қуаттылығымен жұмыс істемей отырғанын алға тартқан қала әкімдігінің жетекшілігі облыс әкімінен осы маңдағы көпқабатты үйлерге қосымша жылу құбырларын тарту үшін бюджеттен қаржы қарастыруды сұрап, тағы осы іспеттес қазандық салу қажеттігі туралы ұсынысын жеткізді.

Өз кезегінде облыс әкімі Ж.Түймебаев қаланың жылу беру жүйесін тиімді ететін арнайы сызба әзірлеуді тапсырып, жаңа қазандық салу бойынша ұсынысты келер жылдың бюджеті арқылы шешуді жүктеді.

Сонымен қатар, аймақ басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында қолға алынған ұзындығы 6,5 шақырым болатын магистралды жылу жүйесін қайта құру жұмысымен танысты. Бүгінде 6 шақырым жұмыстары біткен құбырдың құрылысын пысықтаған әкім жұмыстардың қазан айының 20-на дейін аяқталуы керектігін міндеттеді.

Мұнан соң, облыс әкімі бастаған жұмысшы топ «3-Энергоорталық» АҚ-да болып, ондағы жұмыс барысымен танысты. 1998 жылдан бастап халыққа қызмет етіп келе жатқан бұл орталық 2008 жылдан бастап қаланың оңтүстік бөлігін жылумен және жылу сумен қамтамасыз ете бастаған.

Аталған «3-Энергоорталық» сондай-ақ, қала тұрғындарын электр қуатымен қамтып отыр. Мұнда жаз айларында 70-85 МВт өндірсе, қыс мезгілінде 135-140 МВт өндіреді. Өңірдің электр қуатына қажеттілігі жазда 300-350 МВт болса, қыста 400-450 МВт-ті қажет етеді. Ал қалған қажетті электр қуатының 60 пайызын сырттан келетінін ескерген өңір басшысы облыста электр энергиясын өндіретін жаңа газ турбинасын салу бойынша ұсыныс енгізуді тапсырды.

Жылу жүйесінің дайындық барысын пысықтаған облыс әкімі сапар барысының қорытындысы бойынша бірқатар сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, тұрғындардың қазанның соңына дейін жылумен қамтылуын міндеттеді.

Елімізде мектеп мұғалімдері ағылшын тілін үйренуге кірісті

d39ceb1043fd78419d74943e348f2ccdЕлімізде үштілді білім беру бағдарламасын жүзеге асыру үшін ҚР Білім және ғылым министрілігі мен Professional Development Centre компаниясы арнайы пилоттық жобаны қолға алды. Алдағы уақытта физики, химия, биология және информатика пәндерінің мұғалімдері ағылшын тілін жетік меңгеретін болады. Қанатқақты жоба Астана, Алматы, Қарағанды қалаларында жүзеге асырылып жатыр. Оған 75 ұстаз қатысуда. Ағылшын тілі University of Cambridge әдістемесі негізінде үйретіледі. Бұл туралы аталмыш компанияның департамент директоры Аида Уразаева арнайы баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп жазады Baq.kz.

«Үш тілде білім беру бағдарламасын дамыту аясында химия, физика, биология және информатика пәндерінің мұғалімдеріне ағылшын тілін оқытамыз. Бұл қанатқақты жобаны ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірігіп қолға алдық. Ұстаздарға арналған курс 3 қазанда Астана, Алматы Қарағанды қалаларында басталды. Ол 21 желтоқсанда аяқталады. Біз 75 ұстазға ағылшын тілін үйретеміз. Оқу процесінде шетелдің үздік тәжірибелері ескерілген. Мұғалімдер үшін арнайы оқыту әдістемесін жасап шығардық. Сондай-ақ, орталықта ағылшын тілін жетік меңгерген мұғалімдер жұмыс істейді. Олардың халықаралық сертификаттары бар. Біздің компания Cambridge Language Cambridge Language ASSESSMent-пен байланыс орнатқан», — деді ол.

Сонымен қатар, Аида Уразаева мұғалімдер күн сайын 4 сағат ағылшын тілін үйреніп жатқандығын атап өтті. Оның пікірінше, бұл әдіс аз уақыт ішінде ағылшын тілін жетік меңгеруге мүмкіндік береді екен.

Ал ұстаздарға ағылшын тілінен сабақ беріп жүрген маман Гауһар Кенжина оқыту процесінде шетелдің үздік тәжірибесі ескерілгендігін айтты.

«Мұғалімдер берілген уақыт ішінде ағылшын тілін тиісті дәрежеде меңгеріп шығады. Кейін олар тест тапсырып, University of Cambridge-тің халықаралық сертификатын алады. Бағдарлама 3 модульден тұрады. Яғни, Starter деңгейінен – А1 деңгейіне дейін. Кейін А2 деңгейінен В1 деңгейіне дейін меңгеріп шығады. Мұғалімдер 2,5 айдың ішінде ағылшын тілін түсініп, оқып-жаза алатын деңгейде болады. 4 пәннің мұғалімдері өз сабақтарына қатысты ағылшын тіліндегі терминдерді меңгереді. Біздің мамандар бұл іске үлкен жауапкершілікпен қарайды. Сондықтан осы бағыттағы жұмыстар жоғары деңгейде жүргізілуде. Бүгінгі таңда мұғалімдер курсқа 100% қатысуда», — деді Г. Кенжина.

Арнайы курсқа мұғалімдерді ҚР Білім және ғылым минисртлігі іріктеген екен.

«Ұстаздар бастапқы кезде тест тапсырған жоқ. ҚР Білім және ғылым министрлігі бізге мұғалімдердің тізімін берді. Сол бойынша оқытудамыз. Жалпы 2,5 айдың ішінде курсты 75 ұстаз бітіріп шығады», — деді Professional Development Centre компаниясының қызметкері Анар Елемесова.

Айта кетейік, Елімізде 2019 жылдан бастап үш тілде білім беру жүйесі енгізіледі.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 76,79, 86 қадамдары бойынша тек жоғары сыныптарда үш тілде оқытылады. 10-11 сынып оқушылары ағылшын тілінде оқиды. Оларға 4 пән беріледі. Оқушылар екі сабақты таңдап алуға құқылы. Олар – химия, биология, физика, информатика пәндері. Таңдау оқушының болашақ мамандығына байланысты болмақ.

 

Мектепке діни атрибутты киімдермен келуге рұқсат жоқ – вице-министр

d2df4dc6f7b354762a63760fdeb38e3fЕліміздің мектептерінде оқушыға діни атрибутты киімдер киюге рұқсат берілмейді. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз конференциясында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева мәлімдеді.

Биылғы жылы 4 761 мектепке міндетті мектеп формасы енгізілген болатын. Яғни, мектеп оқушыларының 76%-ы белгіленген мектеп формасын киіп жүр. Бүгінгі таңда мектеп жасындағылардың білім ордасына діни атрибутты киімдермен келуі алаңдаушылық туғызуда.

«Еліміздің мектептерінде оқушыға діни атрибутты киімдер киюге рұқсат берілмейді. Алайда сол үшін оқушыға зекіп ұрсуға, сабаққа қатыстырмауға немесе мектептен шығарып жіберуге ұстаздардың құқы жоқ. Баланың ата-анасы шақырылып, ескерту жасалады», -деді Эльмира Суханбердиева.

ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкиннің мәліметінше, елімізде діни атрибутты киімдермен келетін оқушылар саны 300-ге жеткен.

Айта кетейік, жыл басында ҚР Білім және ғылым министрлігі бірыңғай мектеп формасына қатысты ережені бекіткен болатын. Мектеп формасы пиджак, жилет, белдемше, шалбар, мерекелік жейдеден тұрады. Қыстың күндері трикотаж жилет, сарафан, водалазка киеді. Ұлдарға да, қыздарға да шалбар киюге рұқсат. Бұл барлық конфессия мен этностардан талап етіледі.

baq.kz

Алматыда Қазақша КВН ойындары өтті

Қазан айының 17-18 жұлдызында Республикалық Алматы Ашық лигасындағы Бірінші лига командалары арасында жартылай финалдық сайыстары өтті. Жартылай финалдық сайысқа 11 команда өткен болатын. Ойынның бірінші күні 5 команда өнер көрсетті.

Қазылар алқасының құрамы:

  1. Театр және киноактері – Алмат Сақатов
  2. Қазақша КВН ойындарының чемпионы, тележүргізуші, «Спарта» командасының ойыншысы – Мырзабек Еркебұлан
  3. БАС продакшн директоры, продюсер – Ақылбек Досжанов
  4. Ардагер КВНші, Чемпион, финалист – Бердалиев Еркебұлан
  5. Тек қана қыздар – Мереке Қалбаева

Ойын соңында қазылар алқасы өздерінің жылы лебіздерін білдірді.

Жартылай финалдық ойынымыздың бірінші күнінде  өнер көрсеткен командалар және ұпай сандары.

  1. Жетісай – 10
  2. «Чехов аялдамасы» Павлодар – 10
  3. «S класс» Орал — 8,8
  4. «Томирис» Алматы – 8,4
  5. «Намыс» Орал – 8,2

Тікелей финалға жолдама алған командалар:

  1. Жетісай – 10
  2. «Чехов аялдамасы» Павлодар – 10
  3. Резервпен: «S класс» Орал — 8,8

Ойынның екінші күні қазылар алқасының құрамына өзгерістер енген болатын. Қазылар алқасының құрамында:

  1. Театр және киноактері – Алмат Сақатов
  2. Қазақша КВН ойындарының чемпионы, тележүргізуші, «Спарта» командасының ойыншысы – Мырзабек Еркебұлан
  3. БАС продакшн директоры, продюсер – Ақылбек Досжанов
  4. Ардагер КВНші, Чемпион – Марат Достаев
  5. Қоғам қайраткері – Дәурен Бабамұрат

Өнер көрсеткен командалар және  ұпай сандары:

  1. «Студенттер қалашығы» Есік қаласы – 10,6
  2. «Жаңа толқын» Орал – 10,4
  3. «Қорғалжын құрамасы» Ақмола облысы – 9,6
  4. «Жем Сағыз» Ақтөбе облысы – 8,6
  5. «Классик» Алматы – 8,6
  6. «Жаңақорған құрамасы» ОҚО — 8

Финалға тікелей жолдама алған командалар:

  1. «Студенттер қалашығы» Есік қаласы – 10,6
  2. «Жаңа толқын» Орал – 10,4

Резервпен:

  1. «Қорғалжын құрамасы» Ақмола облысы – 9,6