ОҚО әкімі діни конфессиялардың өкілдерімен кездесті
Қоғамдық кеңестің отырысы өтті
Кеше Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында Алматы облыстық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.
Қоғамдық кеңес отырысында бір мәселе: «Алматы облыстық мәслихатының 2015 жылғы 14 желтоқсандағы «Алматы облысының 2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджеті туралы» № 51-287 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Алматы облыстық мәслихаты шешімінің жобасын жариялы түрде талқылау» мәселесі қаралды.
Қазақ-түрік лицейлерінің атауы өзгереді
Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай еліміздегі қазақ-түрік лицейлерінің атауы өзгеретін болды.
«Ұлт көшбасшысының тікелей қамқорлығының арқасында Қазақстанда «KATEV» халықаралық қоғамдық қоры білім беру саласында өзіндік орнын тапты деуге болады. Осының нәтижесінде қазақ-түрік лицейлерінің жұмысы жанданды. Қор басшылығының шешімімен (Қордың Құрылтайшылар кеңесі мен Қордың Ғылыми-әдістемелік кеңесі), оқушылар, ата-аналар мен лицей директорлары ҚТЛ атауына «ребрендинг» жасау, яғни «Білім – инновация лицейі» деп өзгерту туралы бастаманы қолдап отыр. Лицей атауын өзгерту Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орайластырылған», — деп мәлімдеді қордың баспасөз қызметінен.
Айта кетсек, «KATEV» халықаралық қоғамдық қоры Қазақстан мен Түркия арасында білім беру саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мақсатында құрылды. Қазіргі таңда «KATEV» ХҚҚ басқаруында 27 мемлекеттік қазақ-түрік лицейі бар.
ОҚО әкімдігінде селекторлық жиын өтті
Облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың төрағалығымен аудан, қала әкімдерімен және облыстық басқармалар басшыларының қатысуымен селекторлық мәжіліс өтті. Күн тәртібінде облыстың 2016 жылдың 9 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы, «Нұрлы жол» және «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламаларының орындалу барысы қаралды, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Бірінші мәселе бойынша сөз алған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Р.Мулкеманов есепті мерзім ішінде өнеркәсіп өнімінің көлемі 574,2 млрд. теңгені құрап, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 319,6 млрд. теңгеге, құрылыс жұмыстарының көлемі 125,3 млрд. теңгеге жеткенін баяндады. Десе де, басқарма басшысының айтуынша, өңірге инвестиция тартуда нәтиже төмен. Яғни, 9 айда негізгі қорға 240,8 млрд. теңге инвестиция бағытталып, 2015 жылдың тиісті кезеңіне 82,4% құрады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе аясында облыстық құрылыс басқармасының басшысы С.Полатов биылғы жылға жоспарланған 14 нысанның 7-нде құрылыс жұмыстары өндірістік кестеге сай жүріп жатқанын жеткізсе, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 9 жобаны іске асыру жоспарланғанын айтқан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы М.Марайым бөлінген қаржының 96 пайызға игеріліп, жұмыстар жыл соңына дейін толық орындалатынын баяндады.
Селекторлық отырыста «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасының орындалу барысы бойынша баяндама жасаған облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ә.Темірбаева жыл басынан бері 54570 адамға бағдарлама қатысушысы ретінде қолдау көрсетілгенін хабарлады. Оның ішінде, 19965 адам өздігінше жұмыспен қамтылып, жылдық жоспардың 113 пайызын құраған.
Баяндамашыларды мұқият тыңдаған аймақ басшысы күн тәртібінде қаралған әрбір мәселе бойынша сала жетекшілеріне тапсырмалар жүктеді. Әсіресе, Жансейіт Қансейітұлы экономикалық индикаторлар бойынша жұмыстардың тиісті деңгейде орындалып, облысқа қаржы тартуда инвесторларға жағдай жасалу қажеттігін атап өтті. Құрылыс нысандарын салып, коммуналдық жүйелерді реттеуде мерзімінен кешіккен мердігерлерді анықтап, жалпы тізімнен шығаруды айтса, жұмыспен қамту мәселесінде берілген тапсырмалар орындалмай жатқан аудан, қалалардың тізімін жасап, әкімдіктің аппаратына беруді тапсырды.
Астана қаласында Солтүстік Қазақстан облысының күндері өтеді
22 және 23 қазанда «Хан Шатыр» СОСО маңындағы аумақта Солтүстік Қазақстан облысының «Өңір берекесі» ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Елорда тұрғындары мен қонақтарына өңірдің және облыс орталығының 100-ден астам ауыл шаруашылығы құрылымдары мен қайта өңдеу кәсіпорындарының өнімдері қойылады. Астанада 741 тонна ауыл шаруашылығы өнімін сату жоспарланған, соның ішінде: ет және сүт өнімдері, балық, жеміс және көкөністер, шұжық өнімдері, бал және т.б. бар. Жәрмеңкеге 100-ден аса өнім түрлері ұсынылады.
Жәрмеңке аясында Солтүстік Қазақстан облысы шығармашылық ұжымдарының ұйымдастыруымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады.
Бұдан бөлек, елорда тұрғындары мен қонақтарына мазмұнды мәдени бағдарлама дайындалған. 18 қазанда сағат 18:30-да М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында көрермендер назарына Н. Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының «Мағжанның соты» қойылымы ұсынылады.
21 қазан күні сағат 18:30-да Қ. Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында С. Мұқанов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының әртістері «Елім-ай» тарихи дастанының желісінде «Дауылпаз баба — Қожаберген» спектаклін сахналайды.
Кішкентай көрермендер үшін «Жастар» сарайында 19, 20, 21 қазан күндері сағат 10:00, 12:00, 14:00-де облыстық қуыршақ театры «Әуеле, домбыра!» спектаклін қояды.
Балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін 21 қазан сағат 10:00-де «Менің досым — бағдаршам» атты қайырымдылық қойылымы көрсетіледі.
20 қазан сағат 11:00-де Астана қаласының мемлекеттік мұрағатында Солтүстік Қазақстан облыстық мұрағатының ұйымдастыруымен «Солтүстіктің байлығы: бірегей мұрағат құжаттарындағы тарих» көрмесі ұйымдастырылады. Іс-шара аясында қала тарихы, облыс ортылығының атақты тұлғалары туралы «Петропавл қаласы» атты деректі фильм көрсетіледі.
22 қазан сағат 11:00-ден бастап Бейбітшілік және келісім сарайында СҚО-ның мұражайлық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Туған жердің тартылысы» көрмесі, сондай-ақ жергілікті суретшілердің «Өңір маржаны» көрме экспозициясы ұйымдастырылады. Осы жерде ағашты оюлау, қайың қабығынан және киізден түрлі бұйымдар жасау сияқты қолданбалы өнер түрлерінен шеберлік дәрістері өтеді.
22 қазан сағат 11:00-де Ұлттық кітапхананың көрме залында С. Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың «Солтүстік Есіл өңірі өрісі биік өлке» безендірілген кітаптар көрмесі өтеді.
22 қазан сағат 17:00-де Бейбітшілік және келісім сарайында Солтүстік Қазақстан облысының үздік шығармашылық ұжымдарының «Мағжан елінен-Елорда төріне» атты гала-концерті өтеді.
ОҚО әкімі өнеркәсіп орындарын аралады
Өңір басшысы Жансейіт Түймебаев Шымкенттегі өнеркәсіп және агроэнеркәсіп кәсіпорындарын аралады. Ең алдымен, аймақ басшысы қаладағы облыстық кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында болып, мекеменің тыныс-тіршілігімен танысты, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Орталықтың көмегімен бұл күнге дейін 108 мыңға жуық кәсіпкер кеңес алып, 27 мыңнан астам азамат кәсіпкерлік мектебін тәмамдаған. Ал қаржыландырылатын жобалар 4 мыңға жуықтайды.
Кездесу барысында облыс əкімі кəсіпкерлер үшін əкімшілік кедергілерді жою үшін нақты іс шара жоспарын жасап ерекше қолға алу керектігін тапсырды.
Жұмыс сапары кезінде Жансейіт Қансейітұлы жалпы аумағы 89 га болатын «Тассай» индустриалды аймағында болып, жұмысын көрді. Болашақта мұнда 23 зауыт жұмыс істейтін болады.
Айта кету керек аталған аумақ Қазақстандағы ең үлгілі индустриялды аймаққа айналуға қауқары бар. Себебі мұнда кәсіпкерлерден 100% инвестиция тартылған. Фармацевтика, машина жасау және жиһаз индустриясы секілді салалардың кластерлік дамуына бағытталған аймақты аралаған облыс әкімі кәсіпкерлердің мәселелеріне қанығып, оны шешу жолдарын талқылау жөнінде жиналыс ұйымдастыруды тапсырды. Сонымен қатар сапалы инфрақұрылым тартуды жүктеді.
Мұнан бөлек, Ж.Түймебаев қаладағы су сорғыларын шығаратын «Karlskrona LC AB» ЖШС мен «Azala textile» тоқыма кешенінде болды. Жылына 6500 дана тиегіш сорғы мен дистік айналма бекітпелер шығаруға мүмкіндігі бар «Karlskrona LC AB» ЖШС-нің автоматтандыру деңгейі жоғары болуының есебінен 40 адам жұмыспен қамтылған.
Ал «Azala textile» тоқыма кешені жылына 2 824 тонна иірім жіп, 13 млн. погонды метр мата, 2 млн. төсек жабдығының жиынтығы және 7 млн. дана түкті тігін бұйымдарын өндіруге қауқарлы. Айта кету керек, тоқыма фабрикасы сынды өнеркәсіп орны елімізде әзірге, жалғыз.
Өз саласында бірегей кəсіпорынды аралау барысында өңір басшысы мемлекеттік отандық өнімге мемлекеттік тапсырысты күшейтуге нақты жұмыс жоспарын түзуді тапсырды.
Астанада ҚХА этномәдени бірлестіктерінің күндері ашылды
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу аясында елордадағы көлік және коммуникациялар колледжінде Астана қ. Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің күндері ашылды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Шараның мақсаты Астана қ. ҚХА қызметін насихаттау, жастарды этномәдени бірлестіктердің қызметіне тарту, Қазақстанда тұратын этностардың әлеуметтік-мәдени мұрасын қайта жандандырып, сақтау. Концерттік бағдарламада немістердің «Возрождение» қоғамының тәрбиеленушілері, «Қырғызстан-Астана» қоғамдық бірлестігінің өкілдері, және «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығының мүшелері өнер көрсетті. 2016 жылғы қарашаның соңына дейін ауқымды шаралар елордадағы алты жоғары оқу орнында өткізіледі.
«Біз бастап отырған шаралар кезегі студенттерді, мектеп оқушыларын толеранттылық пен отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған этномәдени бірлестіктердің қызметімен таныстыруды көздейді. Тәуелсіздік алғалы бері бауырлас халықтар достық пен келісім жағдайында өмір сүріп келеді. Бізде жексенбілік мектептер қызметі дамуда, ол біздің этносқа өз мәдениетімізді, салт-дәстүрлерімізді сақтауға мүмкіндік береді. Меніңше, мемлекеттің қамқорлығы деген осы», — деп атап көрсетті қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы, ҚХА мүшесі Шавкат Исмаилов.
Олимпиада ойындарының чемпиондары бір күнге дене шынықтыру пәнінің мұғаліміне айналды
Дүйсенбі, 2016 жылдың 17-қазаны елорда мектептерінің мыңдаған оқушылары үшін әдеттегі және үйреншікті түрде өтсе, № 54 мектеп-лицейдің бесінші сынып оқушылары үшін бүгінгі күн ерекше күн болды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Олар үшін дене шынықтыру сабағын Данияр Елеусінов пен Юрий Мельниченко өткізді. Оқушылардың айтуынша, 45 минут уақыт байқалмай өтіп кеткен, ал ең бастысы, бұл дәріс олардың жандары мен тәндері үшін пайдалы өтті.
«Бұл мектепке қайта келгеніме қуаныштымын, мен мұнда биыл бірінші қырқүйек күні келгенмін», — деді чемпион журналистерге сұхбат беру барысында. Ол туған білім ордасына қуана келетінін атап көрсетті. Данияр осы мектептің түлегі. Және бүгін ол қонақ емес, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі ретінде келіп отыр. Данияр 1996 жылғы Олимпиаданың алтын жүлдегері Юрий Мельниченкомен бірге балалармен алдымен денені ширату жаттығуларын, содан кейін бұлшық еттерді мығым етіп, қозғалыс үйлесімділігін дамытатын жаттығуларды жасады.
«Егер балалар осы жастарында дене шынықтырудың маңызы мен мәнін түсініп, әуестене шұғылданатын болса, денсаулықтары мықты болады. Біз үшін олардың спортшы немесе басқа салада жетістіктерге жететін қарапайым азаматтар болатыны маңызды емес, ең бастысы, табысты адам болғаны. Ал бұл үшін мықты денсаулық қажет», — деді Юрий Мельниченко.
Оқушылар отырып, секіріп жатқанда жоғарғы сынып оқушылары атақты спортшының автографын алып, онымен селфиге түсу үшін сабақтың аяқталғанын тағатсыздана күтті. Астана әкімдігінің және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту Қорының қолдауымен ұйымдастырылған «Физкульт-Ура» жобасының арқасында үстіміздегі жылдың сәуірінен бері ондаған мың елордалық мектеп оқушылары Дмитрий Баландин, Гюзель Манюрова, Серік Сәпиев, Ольга Шишигина, Валерий Тихоненко, Ермахан Ыбрайымов және Жақсылық Үшкемпіров сияқты үлкен спорттың жұлдыздарымен кездесуге мүмкіндік алды. Болашақта ұйымдастырушылар жобаны өзге аймақтарда да өткізіп, Ақтөбе және Қарағанды қалаларының мектеп оқушыларын да қуантуды жоспарлап отыр.
Астанада әйелдердің денсаулығын қорғау бойынша Ашық есік күні өткізіледі
Ертең, қазанның 17-і — Бүкіләлемдік сүт безінің қатерлі ісігі жөнінде ақпараттандыру күні елорданың Онкологиялық орталығында (Манас к-сі, 17) сағат 11.00-де онколог, маммолог мамандардың қатысуымен әйелдердің денсаулығын қорғау бойынша ашық есік күні өтеді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, алдын алу бөлімінің және салауатты өмір салтын ұйымдастырушы дәрігерлер үшін: «Сүт безінің қатерлі ісігі. Ерте анықтау» тақырыбында қалалық семинар өткізіледі.
Астана қ. Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының хабарлауынша, Астана қаласында аталған індетпен ауыру көрсеткішінің 165,8-ден (2014ж) 198,4-ге дейін (2015ж) өсу үрдісі, және өлім-жітім көрсеткішінің 100 мың халыққа шаққанда 82,8-ден 86,6-ға дейін өскені байқалып отыр.
Атап өтерлігі, 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» ҚР денсаулық сақтау мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде онкологиялық ауруларды басқарудың интеграцияланған моделін енгізу бағытында белсенді негізде жұмыс жүргізілуде.
Төлебиде 480 пәтерлі 8 көпқабатты тұрғын үй бой көтермек
Төлеби ауданы Ленгер қаласы 1 шағын ауданында «Өңірлерді дамыту -2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында, 8 көпқабатты тұрғын үй құрылысы басталды, деп жазады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
Ғимараттарға жер қазу жұмыстары басталғалы аудан басшысы Бұхарбай Парманов игі істің басы-қасында болып, жұмыстардың сапалы болуын жіті бақылауда.
Ленгер қаласынан бой көтеріп жатқан бес қабатты 8 үйдің әрбірі 60 пәтерден тұрады. Бүгінге дейін аталған баспаналардың мердігерлері мен инжинирингтік қызмет көрсетуші мекемелері анықталып, келісім-шарт түзу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда, нысандар құрылысын жүргізу үшін облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасынан рұқсат қағаз алынып, үйлердің жер қазу жұмыстарының қайта нығыздау жұмыстары жүргізілуде.
Айта кетейік, көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы 2017 жылы аяқталып, қыркүйек айына қарай пайдалануға беріледі деп күтілуде.