Домой Блог Страница 77

«Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» Заңының орындалуы қай деңгейде?

Өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы заңдылықтарды бұзу оқиғалары Алматы облысында әлі де бар. ҚР «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» Заңының талаптары көбіне медициналық және білім беру мекемелерінде бұзылып, өлшем құралдары тексеріссіз қолданылады. Бұл жөнінде Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Техникалық реттеу және метрология комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Әбжапарұлы Әкімов мәлімдеді.

— Мемлекеттік метрологиялық бақылау ұйымдастыру және жүргізу шеңберінде 2016 жылдың 9 айы ішінде 97 тексеріс жүргізіліп, 48 заң бүзушылық анықталды. Осы уақыт аралығында заңды тұлғалар 11 304 930 теңге көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған, — деді Ә. Әкімов.

Сондай-ақ, ҚР Мемлекеттік рәміздерін орнату және қолдану қағидалары бойынша аталған департамент облыстың 11 ауданында түсіндіру жұмыстарын жүргізген. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы. Техникалық талаптары» атты №989-2014 ҚР СТ Ұлттық стандартына өзгерістер енгізіліп, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын өндіруді жақсартуға көп мүмкіншілік береді. Мәселен, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасының түсінің талаптарына өзгерістер енді. Конструкторлық сызбалары қайтадан қарастырылды. Сонымен қатар, Мемлекеттік Елтаңбаны сапалы өндіру мақсатында үш жылдық кепілдік мерзім енгізілген.

Әсет Исекешев қалалық Ардгерлер кеңесімен кездесті

c-4Астана әкімі Әсет Исекешев Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сансызбай Есіловпен және ардагерлер ұйымының мүшелерімен кездесті.

Елордада ардагерлер мен зейнеткерлерге әлеуметтік қолдау көрсету жөніндегі кешенді шаралар қолға алынды. Зейнеткерлер қоғамдық көлікпен тегін жүреді, Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен мүгедектер ай сайын жергілікті бюджет есебінен коммуналдық төлемдер мен телефон үшін абоненттік төлем жасау және т.б. үшін ақшалай түрде әлеуметтік көмек алып тұрады.

— Президент өзінің Жолдауларында мемлекеттің халықтың әлеуметтік осал топтарына әлеуметтік қолдау көрсетуге қаржы аямайтынын және мойнына алған барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындайтынын атап өтеді. 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап зейнетақы төлемінің көлемі 9% артты, мүгедектік, асыраушысынан айырылу бойынша және жасына қарай төленетін мемлекеттік әлеуметтік төлемдердің мөлшері 7% өсті, — деді Ә. Исекешев.

Оның айтуынша, елордада ҰОС ардагерлері баспанамен қамтылды, қалалық әкімдік зейнеткерлер мен ардагерлерге қолдау көрсетуді жалғастырады.

Өз кезегінде, ардагерлер мен зейнеткерлер әкімге қала тұрғындарын мазалайтын мәселелер жайлы айтып берді. Жақын арада қалада ардагерлердің бос уақытын тиімді өткізуіне арналған шағын орталықтар ашылады. Мұқтаж азаматтарды дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етуге де баса назар аударылды. Жиналғандар дәрілік заттардың бағасының негізсіз өсуіне жол бермеудің маңызды екендігін атап өтті. Кездесу соңында қала әкімдігінің тиісті басқармаларына тапсырмалар берілді.

Б. Атамқұлов ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып тағайындалды

b-atamkulov_600ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен жаңадан құрылған Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің басшылығына Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов тағайындалды, деп жазады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Бұл қызметіне дейін Оңтүстік Қазақстан облысын басқарған Б.Атамқұлов 1964 жылы 19 мамырда Алматы облысы Ұзынағаш ауылында туған. Қазақ политехникалық институтының түлегі.

Еңбек жолын 1985 жылы Завенягин атындағы Норильск тау-кен металлургия комбинатының Жез балқыту зауытында балқытушы болып бастаған ол шебер, рафирленген цехтың аға шебері т.б. қызметтерінде болып, жеке секторда – өнеркәсіп кәсіпорындарында жұмыс істеді. 2006 жылдан бастап – кеңесші, Ресейдегі Қазақстан елшісінің елші-кеңесшісі лауазымдарына тағайындалған Б.Атамқұлов, әр жылдары, Ирандағы Қазақстан елшісінің елші-кеңесшісі, Майндағы Франкфурт қаласындағы Қазақстанның бас консулы,  Малайзия, Индонезия Республикасы, Бруней-Даруссалам, Филиппин республикасында Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің жауапты хатшысы, Инвестициялар және даму министрлігінің жауапты хатшысы қызметтерінде болды.

2015 жылдың тамыз айынан бастап, бүгінге дейін Оңтүстік Қазақстан облысын басқарған Бейбіт Бәкірұлы 1 жыл 2 айдағы жауапты қызметінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын көтеріп, облысқа инвестиция тартуда ілкімді істер атқарды.

Түмен қаласында «Астана – Еуразия жүрегі» көрмесі ашылды

c-3Түмен қаласында «Астана – Еуразия жүрегі» көрмесі ашылды. Экспозиция қаладағы, жалпы аймақтағы жарқын мәдени оқиғалардың бірі. Түмен облысының әлеуметтік-саяси тарихы мемлекеттік мұрғатында жүзден астам экспонат көпшілік назарына ұсынылып отыр.

Көрменің мақсаты – деректі мәліметтер арқылы еліміздің бас қаласы туралы әңгімелеу. Кеңестік кезең қаланы телефондау мен радиофикация, көшелердің атауларын өзгерту, негізгі кәсіпорындар – «Қазақсельмаш», сорғы зауытын, Қазақ теміржол басқармасын құру туралы құжаттармен сипатталады.

1950-1960 жж. – тың және тыңайған жерлерді игеру кезеңі Қазақстан астанасының тарихында ерекше орын алады. Ақмола өңіріндегі тың игеру кезеңі бойынша азаматтардың өтініштері, алғашқы тың игерушілердің фотосуреттері ұсынылған, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Көрме бөлімдерінің бірі Қазақстанның жаңа астанасына арналады. Мұнда қаланы қайта атау туралы жарлықпен, елорданы салу барысы туралы материалдармен, қаланың төлқұжатымен, бас жоспарымен, Астананың суреттерімен және т.б. танысуға болады.

Сонымен қатар, қазақ халқының қолданбалы өнер бұйымдары мен тұрмыстық заттары да көрмеге қойылды: ұлттық киімдер, белгілі шеберлердің зергерлік бұйымдары, музыкалық аспаптар (домбыра, қобыз).

Қазақ халқының тұрмысы мен бай мәдениеті туралы кеңінен жеткізетін экспонаттарға Түмен тұрғындары үлкен қызығушылық танытып отыр.

Қазақстанның Түмендегі құрметті консулы Сеялхан Мақаш бір күн бұрын Астанада Қазақстан мен Ресей президенттерінің қатысуымен шекара маңындағы ынтымақтастық форумы өткенін атап өтті. Оның айтуынша, мұндай шаралар мемлекет басшыларының ниеттерін іске асырудың белгісі болып табылады.

Шара барысында облыстық дума депутаты Юрий Конев, Түмен облысы қазақтарының ұлттық-мәдени автономиясының төрағасы Есімхан Жантасов және Түмен облысының әлеуметтік-саяси тарихы мемлекеттік мұрғатының директоры Елена Долгушина сөз сөйледі.

Қазақстандық делегация басшысы, Астана қаласының мемлекеттік мұрағат директоры Балқия Баймағанбетова құрметті консулға шапан кигізіп, түмендіктерге қонақжайлылығы үшін алғыс айтып, екі ел арасындағы мәдени байланыстың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.

Шара аясында Астана туралы фильм көрсетілді, Түмен облысындағы қазақтардың ұлттық-мәдени автономиясы мен Түмен облысының әлеуметтік-саяси тарихы мемлекеттік мұрғаты арасында ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойылды.

Экспозиция Астана мен Түмен облысының мұрағаттарының арасындағы ынтымақтастық жөніндегі келісім аясында Астана қаласының мемлекеттік мұрағатымен ұйымдастырылды.

Оңтүстік Қазақстан облысына жаңа әкім тағайындалды

953d4b85-cc6d-4d92-ade9-fedf19d665e1Бүгін ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысына жаңа  әкім тағайындалды.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен өткен Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының кезектен тыс 6 сессиясында  облыс әкімін тағайындауды келісу жайы қаралды. Елбасының ұсынған  кандидатурасын депутаттар бірауыздан қолдады.

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Оңтүстік Қазақстан облысының  активіне облыстық мәслихаттың келісімімен және Мемлекет басшысының Жарлығымен тағайындалған өңірдің жаңа басшысы  Түймебаев Жансейіт Қансейітұлын таныстырды.

Жансейіт Қансейітұлы 1958 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында  дүниеге келген.  Соңғы жылдары Сыртқы істер министрлігінде, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігінде, Президенттің Протоколы қызметінде жауапты қызметтер атқарған.

Премьер-Министр сондай-ақ облыстың бұрынғы әкімі Бейбіт Атамқұловқа атқарған жұмысы үшін алғысын білдіріп, жаңа қызметіне табыс тіледі.

Айта кетейік, Президенттің Жарлығымен Б.Атамқұлов жаңадан құрылған ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі болып тағайындалды.

Жиынды қорытындылаған Бақытжан Сағынтаев облыстың жаңа әкіміне Мемлекет басшысы жүктеген «Нұрлы жол» бағдарламасын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру, бюджет қаражатын игеру, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсарту, азаматтардың әл-ауқатын арттыру және Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеуге дайындық бойынша бірқатар маңызды және нақты міндеттер тұрғанын баса айтты.

Алматы облысында «Таза сенбілік» өткізіледі

 66543914d64d3d69cda8b795732dcce9Санитарлық тазарту, абаттандыру мен көгалдандыру күзгі қосайлығының басталуына орай Алматы облысында 2016 жылғы 8 қазанда облыс көлемінде «Таза сенбілік» акциясы өткізіледі. Бұндай шаралар облыс тұрғындарын өз өлкесіне деген зор махаббатын, ортақ үйіміздің таза, әдемі болуына және гүлденуіне, көркейуіне талпыныстарын арттырады деп сенеді ұйымдастырушылар.

Оңтүстік Қазақстан «ЭКСПО-2017» көрме қонақтары үшін ерекше туристік өнім ретінде жарнамалануда

d2f62d28-a112-4c52-ae58-53c98b81745aБұл туралы «Ontustik Tourism-2016» Халықаралық туристік форумы барысында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Туризм индустриясы департаментінің директоры Марат Игалиев айтты.

Оның айтуынша, 2014 жылы ҚР Президенті Н. Назарбаевтың ұсынысына сәйкес, «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне» мүше елдер арасында (Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Қазақстан) «Жібек жолы бойынша бірыңғай туристік маршрут» әзірленіп, аталған бағыттарға Түркістан қаласының туристік нысандары да енгізілген.

Сондай-ақ, ол «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрме қонақтары үшін Оңтүстік Қазақстан облысы ерекше туристік аймақ ретінде жарнамаланып жатқанын жеткізді.

Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі туризм саласын жаңа қалыпта дамыту жөнінде сөз қозғаған департамент директоры Оңтүстік Қазақстан облысының мәдени туризм және турне бағыттарында жұмыс істеп жатқанын алға тартты.

Сондай-ақ, ол «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік дәлізінің бойына қоғамдық нысандар салу бойынша жасалған талдау нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан облысына жергілікті жердің тарихи мұрасымен байланысты 3 қызмет көрсету нысанын салу ұсынылып жатқанын хабарлады.

Жиында сөзін қорытындылаған Марат Игалиев Оңтүстік Қазақстан Ұлы Жібек Жолының жүрегі ретінде дамытуды позициялау мақсатында ұйымдастырылған шара туристтік әлеуеттің артуына және өңірлер арасындағы ынтымақтастықты жандандыруға серпіліс беретінін атап өтті.

Талдықорғанда – тропикалық көбелектер көрмесі

f30077465ae26aaedb2dffc401ef34fbТалдықорған қаласындағы М. Тынышбаев атындағы тарихи-өлкетану музейінде ерекше көрме өтуде. Күздің күрең күндерінде жаздың жарқын түстерін еске түсіретін тропикалық көбелектер көрсетілімі жүріп жатыр.

Көрменің ерекшелігі сол, жеңілқанатты жәндік көрмеге келушілер арасында еркін ұшып, тіпті иықтарына да қонуда. Көбелектерді ұстап көруге, суретке түсіруге, тіпті тамақтандыруға да болады. Сонымен қатар көрмеде көбелектің қуыршағынан қалай кішкене көбелектің пайда болатынын да көруге болды.

Көрмеге Оңтүстік Американы, Индияны, Финляндияны, Галапагосты, Азия елдерін мекендейтін көбелектер әкелінген.

www.zhetysu.gov.kz

Тәжік этносының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні аталып өтті

154Сарыағаш ауданында  Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында тәжік этносының тілі, мәдениеті және салт-дәстүрі күні аталып өтті, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Іс-шарада Оңтүстік Қазақстан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратов барша қатысушыларды құттықтап, қоғамдық келісім мен тұрақтылық – біздің басты ұстанымымыз болуы тиіс екендігін айтып өтті.

Өз кезегінде облыстық тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Акабай Құдайқұлов  Қазақстанда әрбір этностың өз тілі мен мәдениетін сақтауына және дамытуына барлық жағдай жасалғанына ризашылығын білдірді.

Салтанатты  жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласып, елдің ынтымағы мен бірлігін нығайтуға үлес қосып жүрген азаматтар алғыс хаттармен марапатталды.

Айта кетерлігі, бүгінде Оңтүстік Қазақстанда 35 мыңнан астам тәжік этносының өкілдері тұрады.  Облыста 1995 жылы ашылған тәжік этномәдени бірлестігі ел бірлігін бекемдеу, қоғамдық келісімді сақтау бағытында өңірде атқарылған барлық кешенді іс-шаралардың жанынан табылып келеді.

Сыртқы жарнама орналастыру тәртібі мен шарттарына толықтырулар енгізіледі

c-2Көпшілік тыңдау өткізу аясында қалалық мәслихат депутаттары Астанада сыртқы жарнама орналастыру тәртібі мен ережелерін сақтауға қатысты проблемалық мәселелерді көтерді. Шараға Астана қаласының сәулет және қала құрылысы басқармасының, кәсіпкерлер палатасы мен бизнес қоғамдастық өкілдері қатысты, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. Тараптар бірқатар маңызды мәселелерді талқылап, сыртқы жарнама орналастыру саласындағы бұзушылықтарды жою бойынша ұсыныстар жасады.

Қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасының хабарлауынша, рейдтік іс-шаралар барысында бұзушылықтар анықталып, кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Аталған ведомствоның мәліметінше, бүгінде Астанада 50 жарнамалық компания қызмет етеді. Бірақ «Сыртқы жарнаманы орналастыру туралы» заң талаптарын бәрі бірдей сақтамайды. Өрескел бұзушылықтарға жол беріліп, жарнамалар елорданың сәулеттік келбетіне сай келмей отыр. Депутаттар барлық мәселелерді ескере отырып, жарнама қызметін лицензиялау ережелерін енгізуді ұсынды. Бұзушылықтар тіркелген жағдайда, компания лицензиясынан айырылмақ.

Мұнымен қоса, жарнама мәтіндерінің мазмұнына, әсіресе қазақ тіліндегі аудармасына да ерекше назар аударылады. Тілдерді дамыту басқармасына жарнаманың идеологиялық және тәрбиелік мәнін естен шығармай, мағынасы мен аударманың сапасына қатаң бақылау жүргізу тапсырылды.

Көпшілік тыңдау қорытындысы бойынша елорда шегінде болашақта еліміздің барлық өңірлерінде қолдану мүмкіндігімен бірыңғай ережелер әзірлеу ұсынылды.