Домой Блог Страница 84

Паралимпиаданың күміс жүлдегеріне – автокөлік

de64c6128e6e99b38e11653b60597449Рио-де-Жанейрода өткен Паралипиада ойындарының күміс жүлдегері Раушан Қойшыбаеваға автокөлік пен 11,5 млн. теңгенің сертификаты табысталды. Бұл туралы Талдықорғандағы «Жастар» саябағында өткен Қала күні мерекесінде белгілі болды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі. Автокөлік кілтін Алматы облысының әкімі А. Баталов тапсырды.

Салтанатты шара аясында облыс басшысы спортшылар Раушан Қойшыбаева мен Гүлбану Әбдіхалықованы құттықтап, оларға мықты денсаулық, отбасылық бақыт, еңбектеріне табыс тіледі.

Осы күні күміс жүлдегер Раушан Қойшыбаеваға Амандық Баталов жаңа автокөліктің кілті мен 11,5 млн. теңге ақшалай сыйлық тапсырды. Ал Паралипиадалық ойындарда 7-ші орыннан көрінген Гүлбану Әбдіхалықоваға 1,5 млн. теңгенің сертификаты берілді. Олардың жаттықтырушылары да назардан тыс қалмай, оларға да бағалы сыйлықтар ұсынылды.

ОҚО әкімі ҰОС ардагерінің шаңырағында болды

14484697_1074526855996986_5370143001578354060_nБүгін өңір басшысы Б.Атамқұлов 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай, Ұлы Отан соғысының ардагері Сәрсен Әбдінұровтың шаңырағында болып, мерекемен құттықтады, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Кездесу барысында облыс әкімі еліміз егемендік алған жылдары бағындырған биіктеріміз бен жеткен жетiстiктерiміз Сіздердің лайықты еңбектеріңізбен пайымды парасаттарыңыздың арқасы екенін айтып, Отан үшін кеудесін оққа тосып, бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмір сыйлаған қарт кісіге алғысын білдірді.

Өз кезінде қазыналы қарт Тәуелсіздік алған 25 жылда жас мемлекетіміз қарқынды дамып жатқанын тілге тиек етіп, Елбасыға және жергілікті билік өкілдеріне көрсетіліп жатқан құрмет пен қамқорлықтарына ризашылығын білдірді.

Айта кетейік, Сәрсен Әбдінұров 1922 жылы Түлкібас ауданы Қиырбастау ауылында дүниеге келген. 1942 жылы 20 қаңтарда армия қатарына шақырылып, Қазалы қаласында 368 қосалқы полктің командирлер дайындайтын курсын бітірген. 1943 жылы қараша айында Украинада, 1943-1944 жылдары 823 атқыштар полкінде болған. 1944-1945 жылдары Украина майданында соғысты. 1947 жылы елге оралған. Соғыста көрсеткен ерлігі үшін Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс мерейтойының медальдарымен марапатталған.

ОҚО-да Қарттар күні мерекесі аталып өтті

b86beccc-1174-4504-b38e-9462a180d180Бүгін өңір басшысы Б.Атамқұлов 1 қазан — Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай ұйымдастырылған салтанатты шараға қатысты. Онда өңір басшысы қазыналы қарияларды мерекемен құттықтап, бірқатар ардагерлерді марапаттады, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.
«Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ардагерлер – біздің алтын қорымыз, мақтанышымыз» деп әрдайым өзінің ардагерлерге деген құрметін білдіріп отырады. Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен ақыл-кеңестеріңіздің орны біз үшін қашанда бөлек. Қадірменді ардагерлер! «Қарты бар ел – қазыналы ел» дегендей, Сіздер біздің қазынамыз болумен қатар, бағыт-бағдар беретін даналықтың сарқылмас бұлағысыздар», — деді аймақ басшысы.Сондай-ақ, мерекелік шарада облыс әкімі «Қарттарым-қазынам» облыстық акциясын өткізуді ұсынды.
Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында облыстағы ардагерлерімізге жан-жақты қамқорлық шараларын ұйымдастырып, барынша қолдау көрсетуді мақсат тұтқан шараға атқарушы, өкілетті, құқық қорғау органдары, кәсіпкерлер мен облыс тұрғындары шақырылды.
Айта кетейік, облыста  220 мыңнан астам зейнеткер болса, оның 300-і Ұлы Отан соғысының ардагерлері, 2942-і Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілгендер болып табылады. Ал 21 мыңға жуық тыл еңбеккерлері есепке алынған. Бүгінгі таңда мемлекетпен кепілдендірілген төлемдер көлемі жыл сайын көтерілуде, облыстық және жергілікті бюджеттер қаржысы есебінен де түрлі әлеуметтік қолдаулар ұйымдастырылып келеді. Атап айтқанда 3 мыңнан астам соғыс ардагерлері мен аз қамтамасыз етілген қариялық облыстық басылымдарға тегін жаздырылып келеді. «Қамқорлық» акциясы шеңберінде биылдың өзінде 10,9 мың жуық ардагер қоғамдық көліктерде тегін жүруге, коммуналдық қызметтерге жеңілдіктер алды.
Ардагерлерді сауықтыру мәселелеріне де ерекше мән беріледі. Мұқтаж азаматтарды сауықтыруда облыс орталығындағы «Ардагерлер үйі» мен «Мейір» ардагерлер үйінде жылына 8 мыңға жуық адам ем алып, демалады.

Талдықорғанның туған күніне – 100 метрлік бәліш

Бb68ec1c752f818c110d406705166a91fүгін Талдықорғанның Қала күні мерекесіне орай 100 метрлік алма қосылған бәліш пісірілді. Қала тұрғындары мен қонақтарын Алматы облысының әкімі Амандық Баталов құттықтады.

Биылғы жылы талдықорғандықтар дәстүрлі Қала күні мерекесін жаңадан салынған «Жастар» саябағында бірінші рет атап өтіп отыр. Саябақта көңілді жарыстар мен байқаулар, қаланың жетістіктері мен жоспарларын паш ететін түрлі көрмелер ұйымдастырылды.

Осы күні мерекеге орай арнайы 100 метрлік алма бәліші пісірілді. Бәлішті дайындауға 450 кг алма, 390 кг ұн, 177 кг қант, 90 литр сүт, 70 кг май, 5 кг ашытқы мен 300 жұмыртқа жұмсалған.

Талдықорғандықтарға арнаған құттықтау сөзінде облыс әкімі Амандық Баталов:

— Бүгінгі күні Талдықорған өзінің әсем де көрікті келбетімен алыстан көз тартады. Шаһарымыздың күн сайын жаңарып, көз алдымызда гүлденуі – бәріміз үшін зор қуаныш. Талдықорған қаласы өзінің тарихында біраз кезеңдерді өткерді. Соңғы облыс орталығы статусын алғалы бері қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайы жақсарып, қалаға көшіп келушілер саны да арта түсті. Жетісудың бас қаласында білім мен өнер кең қанат жайып, жастарымыз заман көшіне ілесіп, жаңашылдыққа бет бұрып келеді.

Қалада жаңадан әлеуметтік нысандар бой көтеріп, автомобиль жолдары қайта жаңаруда, қаланы көріктендіру, аббаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде, — деп атап өтті.

Мұнан кейін  облыс әкімі сөзін ізгі тілектермен жалғап:

— Жетісудың астанасы – Талдықорған қаласының күні құтты болсын!

Жасыл қала – Бақ қалаға, жастардың арманы орындалатын ғажайып мекенге айналсын! Тәуелсіз еліміздің бақ-дәулеті асып, береке-бірлігі арта берсін! – деді А. Баталов.

Бұл күні қалыптасқан дәстүр бойынша жыл сайын өтетін байқаулардың, атап айтқанда «Үздік ПИК», «Үлгілі үй», «Үздік аула сыпырушы», «Үздік қоғамдық көлік жүргізушісі», «Үздік мұғалім», «Үздік дәрігер», «Үздік учаскелік инспектор», «Қызмет көрсету саласының үздігі», «Үздік ұста» номинацияларының жеңімпаздарына құрмет көрсетіліп, марапатталды. Талдықорған қаласының Құрметті азаматтары қатары тағы бірнеше азаматпен толықты.

Шараның салтанатты бөлігі облыс өнерпаздарының мерекелік гала-концертімен жалғасты.

Қала күнін тойлау Қазақстан эстрадасының жұлдыздары «Рензо», «Лашын» топтары мен Димаш Құдайбергеновтің қатысуымен өтетін жастарға арналған би кешімен, отшашумен аяқталады.

Қала күні аясында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, жалпы құны 69,5 млн. теңге болатын,  көлемі 135 тоннадан астам азық-түліктің 46 түрі саудаланды.

www.zhetysu.gov.kz

Астанада Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының күндері өтіп жатыр

Астанада ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» акциясы аясында Ақтөбе мен Маңғыстау облыстарының күндері өтіп жатыр, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Бүгін «Хан шатыр» сауда ойын-сауық кешенінің алаңында Ақтөбе облысының 12 ауданы мен Ақтөбе қаласының кәсіпкерлерінің қатысуымен жәрмеңке басталды. Оған Астана әкімі Әсет Исекешев пен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев та ат басын тіреді.

Жергілікті ауыл шаруашылық өнім өндірушілер 100 тонна ет, 25 тонна балық, 100 тонна көкөніс, 24 тонна сүт өнімдерін, 17 тонна өсімдік майын және т.б. жалпы алғанда, 400 тоннадан астам өнім әкелген.

Жәрмеңкеге азық-түлік өнімін өндіретін 120-дан астам ауыл шаруашылық кәсіпорны қатысуда. Маңғыстау облысының тауарөндірушілері де өз өнімдерін көпшілікке ұсынуда.

Облыстардың мәдени бағдарламасы ертең де жалғасын табады. 2 қазанда сағат 11.00 ҚР Ұлттық академиялық кітапханада халық жазушысы, ҚР еңбек ері Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығы мен өміріне арналған «Әбіш әлемі» журналының тұсаукесері өтеді. Шара барысында облыстық кітапхананың «Аңызға айналған Абыз» атты кітап көрмесі және облыстық тарихи-өлкетану мұражайының «Ұлы дала Абызы» жылжымалы көрмесі ұйымдастырылады.

Сағат 18.00 М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында Н. Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының ұжымы Әбіш Кекілбаевтың шығармасының желісі бойынша дайындаған «Шыңырау» спектаклі көрсетіледі. Ал Конгресс-холлда Ақтөбе облысының әкімдігінің ұйымдастырумен гала-концерт өтеді.

Елордалық спортшылар спорттық марафон өткізді

a4982ff8d47a0a941df57d9b8d2Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Құтқарушылар күніне орайластырылған «Қауіпсіздік әр үйге» спорттық марафонына 30 астам адам қатысты, қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Олардың бәрі де тәуелсіз еліміздің төл құрдастары. Шара Астаналық саябақта суда құтқару станциясының жанында өтті. Ерлер 5 км қашықтыққа, ал әйелдер 3 км жүгіреді. Сондай-ақ, шара барысында өрт сөндіру техникасының көрмесі ұйымдастырылды.

-Бүгін күн салқын, сонда да марафонды көтеріңкі көңіл күймен өткіздік. Шараға еріктілер мен «Жас құтқарушы» клубынан балалар да тартылды. Олар елорда тұрғындарына төтенше жағдайлар туралы жаднамалар таратты. Жалпы акция ТЖ саласында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге, күнделікті өмірде қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттілігін азаматтарға түсіндіруге бағытталған, — деді Астана қаласының төтенше жағдайлар департаменті бастығының м.а. Мейрамбек Қайсанов.

Сонымен қатар, акция аясында сүңгуір –құтқарушылар судан құтқаруды іс-жүзінде көрсетті.

Түркістандағы 9 қабатты екі үй кезектегі азаматтарға беріледі

Түркістандағы 9 қабатты екі үй кезектегі азаматтарға беріледіБүгін «Бәйтерек» Холдингінің еншілес ұйымы «Қазақстан Иппотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ-ның өкілдері Түркістан қаласындағы «Отырар» атты жаңа ықшам ауданнан бой көтеріп жатқан тоғыз қабатты екі үйдің құрылыс жұмыстарымен таныстыру мақсатында шара ұйымдастырды, деп хабарлайды Түркістан қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Осы жылдың басында бастау алған «Нұрлы жол» аясындағы құрылыс жұмыстарының негізгі бөлігі атқарылған. Құрылыс мердігері «Отау Строй» ЖШС өкілдерінің айтуынша әрқайсысы 72 пәтерлік екі үйді жыл соңына қарай пайдалануға бермек. Тарқатып айтсақ, жалпы 144 пәтердің 36-сы бір бөлмелі (39,68 шаршы метр), 72-сі екі бөлмелі (55,21 шаршы метрге дейін), 36-сы үш бөлмелі пәтерлер (68,48 шаршы метрден бастап). Пәтердің бір шаршы метрінің құны 900 теңгеден аспайды. Пәтерлер тұрғын үй кезінде тұрған азаматтарға беріледі. Түркістан қаласы бойынша 3930 адам баспана алу үшін өтініш білдіріп, тұрғын үй кезегіне тіркелген.

Айта кетерлігі, қазіргі таңда бұл жаңа ықшам ауданнан «Қолжетімді тұрғын үй — 2020» бағдарламасы аясында бес қабатты екі үйдің құрылысы жүргізіліп жатқандығын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Сонымен бірге, тағы да бес қабатты 8 үйдің іргетасы қалануда. Оған қоса, аталған үйлерге қажетті инфрақұрылымды қалыптастыру жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Енді үй кезегінде тұрған түркістандық тұрғындар жыл соңына қарай жаңа баспанаға қол жеткізетін болады.

Оңтүстіктің туристік бизнес өкілдері халықаралық туристік көрмесінде 20-дан астам әріптестік келісімге қол жеткізді

img-20160929-wa0027Кеше Астана қаласында «Astana-Leisure» қазақстандық халықаралық туристік көрмесі өз жұмысын бастады. Жыл сайын өтетін көрме Венгрия, Вьетнам, Германия, Грузия, Индия, Қытай, Корея, Мальдивы сынды алыс және жақын шет елдерінің 114 туристік бизнес ұйымдарының өкілдерін біріктірді.

Көрменің жұмысына Оңтүстік Қазақстан облысы делегациясы Кәсіпкерлік, индустриялды-инновациялық даму басқармасының жетекшілігімен туристік және қонақ үй  индустриясының 15 өкілі қатысты, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Көрмеге келушілер Оңтүстік Қазақстан облысына орасан зор  қызығушылық танытуда. Бірінші күннен бастап, облыстың туристік бизнес өкілдері шетелдік және басқа облыстардағы әріптестерімен өзара ынтымақтастық туралы 20-дан астам келісімдерге қол жеткізді.

Елордада «Жыл мұғалімі — 2016» конкурсының жеңімпазы марапатталды

Бүгін Мұғалімдер күніне арналған салтанатты шара барысында «Жыл мұғалімі — 2016» қалалық конкурсының жеңімпазы марапатталды. Аталған байқауда дарынды балаларға арналған №9 мектептің биология пәнінің мұғалімі Ләзім Қасымова үздік атанды, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Шара барысында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев үздік педагогты және жиналған қауымды құттықтап, сөз сөйледі.

— Мұғалім болу әркімнің қолынан келе бермейді, бұл қызметте қуаныш та, қиындықтар да болады, сіз осы кәсіпке өміріңізді арнап, болашақ ұрпақты тәрбиелеп, оқытып келесіз. Жылдан жылға түлектеріміз, мектеп оқушылары жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Осы үшін зор алғысымды білдіремін, мерекелеріңізбен, — деді Ермек Аманшаев.

Елорда басшысының орынбасары көп жыл еңбек еткен мұғалімдер мен жас мамандарға өз қолынан қызметтік пәтердің кілтін табыстады.

—  Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевтің шешімімен жыл соңына дейін әкімдік осы дәстүрді жалғастыратын болады. Меніңше, жыл аяқталғанша Тәуелсіздік күні қарсаңында баспаналы болатын мұғалімдер мен оқытушылар саны он есеге артады, — деді Ермек Аманшаев.

Салтанатты шара барысында түрлі номинациялар бойынша жеңімпаздар марапатталды.

Үстіміздегі жылы №26 «Үміт» балабақшасы үздік деп танылды. Мектептер арасында Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейі топ жарды.

«Қосымша білім беретін үздік ұйым» номинациясында М. Өтемісов атындағы Оқушылар сарайы көш бастады. Көлік және коммуникация колледжі үздік техникалық және кәсіптік білім беретін ұйым атанды.

Мамандандырылған ұйымдардың ішінде №3 Психологиялық-медициналық- педагогикалық консультация үздік болды, ал №17 мектеп-гимназия инновациялық мектеп атанды.

Мұнымен қоса, №66 мектеп-лицейдің бастауыш сынып оқытушысы Майя Жұбанышқалиева мен орыс тілі және әдебиетінің мұғалімі Қанипа Сәбитоваға «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі табысталды.

«12 жылдық білім беру жүйесін қолдау және ағылшын тілі орталығы» МКҚК директоры Бақыт Қадырова, №6 мектеп-гимназиясының математика мұғалімі Татьяна Анисифирова, №36 ОМ география мұғалімі Лилия Быстрова, №15 мектеп-лицейдің француз тілінің мүғалімі Наталья Пашкова, Энергетика және байланыс колледжінің орыс тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Әлия Закирова ҚР Білім және ғылым министрлігінің ведомстволық наградаларымен, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды.

ОҚО-да өтетін туристік форумына 10 мемлекеттің өкілдері қатыспақ

d08d949b-9c27-4f36-852e-866b473d530aБұл туралы бүгін ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Шымкент» ӘКК» ҰҚ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Мәлік Жүйріктаев хабарлады. Оның айтуынша, 6-7 қазан күні Шымкент қаласында өтетін «Ontustik Tourism-2016» халықаралық туристік форумына 250 шетелдік және қазақстандық қонақтар келмек. Атап айтқанда, форумға ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің, облыстар, Астана және Алматы қалалары әкімдіктерінің, Қазақстанның шет елдегі елшіліктері мен шет елдің Қазақстандағы елшіліктерінің, ҚР ұлттық компанияларының, Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі, шет елдердегі туризм министр өкілдері қатысуы жоспарлануда, деп жазады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Халықаралық шараның ұйымдастырылу барысы туралы жиынға «ОҚО  туризм индустриясының дамыту» орталығы қауымдастығының жетекшісі Гүлмира Ақбердиева және «Ontustik Tourism Center» туристік-ақпараттық орталығы директорының орынбасары Олжас Шынтаев қатысты.

Журналистермен болған басқосуда спикерлер аталған форум аясында «Оңтүстік Қазақстан облысы — Жібек Жолының жүрегі» тақырыбындағы бизнес-конференция мен «Silk Way Tourism Fair» туристік көрмесі, сонымен қатар, облыс бойынша ақпараттық турлар ұйымдастырылатынын жеткізді.

«Туризм саласындағы өңіраралық және халықаралық серіктестіктерді қарқындатып, туризм мен қонақжайлық қызмет саласында іскерлік қатынастар орнату және дамыту мақсатында ұйымдастырылып жатқан форумда  қатысушылар үшін әлеуетті бизнес-серіктестермен B2B кездесулер өткізіліп, меморандумдар түзіледі деп күтілуде. Сонымен бірге, «ONTUSTIKTOURISM-2016» туризм шарасында туристік және қонақүй бизнесі саласындағы отандық және халықаралық сарапшылардан қажетті кеңестер алуға мүмкіндік туады», — деді О.Шынтаев.