Домой Блог Страница 92

ОҚО-да «Алтын сақа» балаларға арналған қысқаметражды фильмдер фестивалі өтті

14370233_194604650961772_3344855635968034303_nБүгін Шымкенттегі облыстық опера және балет театрында  «Алтын сақа» балаларға арналған қысқаметражды фильмдер фестивалі  ұйымдастырылып, өткізілді, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Оңтүстік Қазақстан облысында алғаш рет өткен фестивальдің мақсаты — киноиндустрия саласын дамыту,  жас буын режиссерларға шығармашылық серпін беру, олардың кәсіби деңгейін көтеру,  әлеуметтік мәселелерді көтере отырып, көрермендерге ой тастау, балаларға арналған қысқаметражды фильмдер мен анимациялық туындыларды, бейнероликтерді жарыққа шығару.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Өскелең ұрпақтың тәрбиесіне оң ықпалын тигізуі тиіс патриоттық тақырыптағы фильмдер өндірісі қажет, Қазақстандықтардың жас буынын адамгершілік рухта тәрбиелеуге бағытталған анимациялық фильмдер жасау маңызды» деп айтқан болатын.

Осыған байланысты, балаларға арналған қысқаметражды фильмдер  фестивалін ұйымдастыру арқылы балалар мен жасөспірімдердің жүрегінде отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру болып табылады деді ұйымдастырушылар.

Фестивалде республикалық «Балапан» телеарнасының директоры Ләйлә Сұлтанқызы және Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының доценті, кинотанушы, киносыншы, Өнертану ғылымының кандидаты Гүлнәр Амангелдіқызы қазылық етті.

Фестивальдің ережесіне сәйкес 30 тапсырыс келіп түсті,  оның 23-і ережеге сай іріктеліп алынды.  Оның ішінде 13 қысқаметражды, 7-і анимациялық фильмдер, үшеуі әлеуметтік роликтер болып отыр.

Қазылар алқасының шешімімен қысқаметражды фильмдер бойынша бас жүлдені «Қуат» (реж:Нұрбол Абсеметов) алса, І   орынды «Айсұлу» фильмі  (реж: Нұртазаев Дархан), ал жүлделі ІІ орын «Қаhарман» фильмі (реж: Мүтәлиев Хамид), III орын- «Мен қорқамын» қысқаметражды фильмі (реж:Бақытжан Көшеров) иемденді. Сондай-ақ, анимациялық фильмдер бойынша І орын — «Түлкі мен қырғауыл» фильмі (реж: Еркінбек Дариха, Өмірқұлова Жұлдыз),  ІІ орын «Асар» фильмі  (реж: Жүнісов Береке), ІІІ орынды  «Наурыз» фильмі (реж: Бурибеков Оңласын) алды.

Талантты жастарымыздың еңбегін бағалаған мамандар «Өзекті тақырыпты қозғағаны үшін» номинациясымен — «Табиғатты аялайық» анимациялық фильмі алса, «Ерекше монтаж жұмысы үшін» номинациясымен — «Жылдамдық» әлеуметтік ролигі. Ал «Ерекше операторлық жұмысы үшін» номинациясымен «Жемқорлық» әлеуметтік ролигі марапатталды.

Фестивальге қатысқан   фильмдер «Оңтүстікфильм» мекемесінде, балалар үйлерінде, интернаттарда 23 қыркүйектен 3 қазанға дейін көрсетіледі.

Байқауда жеңімпаз атанған фильмдер 5 қазаннан бастап жергілікті және республикалық «Балапан» телеарнасынан көрсетілімдері ұйымдастырылады.

ОҚО-да кәсіпкерлерді шетелдік сарапшылар оқытуда

cdvvmo-y_ikОңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері «Аға сарапшылар қызметі» (неміс тілінде – SES) бойынша Германия елінің тәжірибелі мамандары көмегімен өндірістегі біліктілігін арттыруда. 1 айдан 6 айға дейінгі аралықта шетелдік сарапшылар әлемдік стандартқа сай тәжірибемен бөліседі, деп жазады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. Бүгінде Шымкент қаласына 3 шетелдік маман шақырылған. Оның екеуі керомогранит өндіретін отандық «Зерде-Керамика» зауытында қызмет көрсетуде.

Шығарылатын өнімнің сапасын арттыру және оны өңірде сұранысын жандандыру мақсатында «Зерде-Керамика» компаниясы ОҚО Кәсіпкерлер палатасы көмегімен «Аға сарапшылар» бағдарламасымен 2 шетелдік маман жұмысқа шақырды. Компанияның комерциялық директоры Артур Пазылбеков шетелдік маманның құрылыс саласын қыр-сырын ашып, зауытты әрі қарай қарқынды дамытуға көмек беретініне көз  жеткізген соң аталмыш бағдарламаға қатысуға ниет білдірген.

«Өнім түрлерін арттыру және оның сапасын жоғарылату,  сондай-ақ инвесторлар тарту мен шетелдік өнімге тәуелді болмау мақсатында біз «Аға сарапшылар» бағдарламасына қатысып, Германиядан білікті мамандарға ОҚО Кәсіпкерлер палатасы көмегімен сұраныс білдірдік. Бүгінде шетелдік маман зауыт қызметкерлеріне өнімді қалай сапалы әрі қолжетімді ету жолдарын үйретуде. Жылдар бойы жинаған тәжірибесін іс жүзінде көрсетуде» — деді  Артур Пазылбеков.

Жоғары санаттағы шетелдік маман Ульрих Клоке бар өмірін маркетинг, бизнес идеяларды жүзеге асыру, сатылымды ұлғайту, нарықтық талдау жасау сияқты саларды зерттеуге арнаған. Аталған бағдарлама бойынша Намибия (Африка), Сербия және Болгария елдерінде мамандарды оқытқан. 1974 жылдан бері Гемания елінде құрылыс заттары дүкенін ашып, керамогранит өңдеумен айналысқан. Қазақстанға алғаш рет табан тіреген сарапшы құрылыс затын шығаратын осындай өндіріс ошағының бар екенін білмеген көрінеді.

«Мен Қазақстанға алғаш рет келдім. «Зерде-Керамика» кәсіпорының жұмысы шетелдік стандарттарға сай жүргізіледі екен. Жергілікті жердегі істің ахуалына талдау жүргіздім.  Бүгінде зауыт өнімінің сапасын арттыру және оны қолжетімді ету үшін өз рецептураларымды ұсындым» — деді шетелдік аға сарапшы Ульрих Клоке.

 Осындай тәжірибелі маманның бірі отандық ірі тігін фабрикасында жұмыс істеуде. «Алтын адам» маркалы тігін фабрикасы — республикамыздағы ерлер және әйелдер костюмін тігетін таңдаулы кәсіпорын. Күніне 500 костюмді сатылымға шығаратын фабрика өз өнімін еліміздің барлық өңірлеріне жеткізеді. Фабрикада жылына 26 400 дана костюм, 52 800 дана шалбар тігіліп, бүгінде 103 адам жұмыс істейді. Дуалды оқыту жүйесімен жас мамандар дайындалып, біліктілігін арттырған соң жұмысқа кіріседі. Фабрика басшылығы кәсіпорын жұмысшыларын заманауи киім үлгілерін жоғары дәрежеде тігіп үйренуі үшін шетелден маман шақыртуға бел буған.

«Біз шетелдік мамандарға әрқашан зәруміз. Себебі сән саласы бір орында тұрмайды, үнемі жаңарып отырады. Бізге шетелдік эксперт әйелдер сырт киімдерінің жаңа үлгілерін ұсынып жатыр» — деді кәсіпорын менеджері Айжан Қалмұратова.

Шетелдік сарапшы Ятта Хайдельманн Финляндия елінің тумасы. Сән саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен. Атақты Erwastil, Хиршберг, Finnkarelia Mode GmbН сән үйлерінде модельер-конструктор қызметінде жұмыс жасаған. 2014 жылдан бері «Аға сарапшылар» бағдарламасы бойынша Бангладеш елінде және Қазақсттанның өзге де қалаларында дизайнерлерді оқыта бастаған.

Аға эксперт дәстүрлі нақыштарды сақтай отырып заманауи үлгідегі сырт киімдерді қалай жасауға болатынын үйретуде.

«Адами капиталды дамыту, маркетингтік сарапатама жасау, сату мен бизнес мақсаттарды жүзеге асыру — әр кәсіпорының дамуына түрткі болатын бірден — бір себеп, — деді ОҚО Кәсіпкерлер палатасының Адами капиталды дамыту бөлімі басшысы Берік Кенжебаев. ОҚО Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлерді оқыту мен біліктіліктілігін арттыру, сонымен қатар бизнесті дамыту мақсатында 2013 жылдан бастап «Аға сарапшылар қызметі» бағдарламасын жүзеге асыруда. Бұл бағдарламаның басты ерекшелігі шетелден келетін сарапшылардың келіп-кету шығындарын, визалық және жалақы шығындары бағдарламамен төленеді, кәсіпкерлерден тек сарапшыға жергілікті тұратын орынмен қамтамасыз ету талап етіледі, – деді Б.Кенжебаев.

Айта кетейік,  аталмыш бағдарлама көмегімен  «HILLCorporation» ЖШС, «Оразалиева» ЖК, «Food Production» ЖШС, «Амангелді» ЖШС,  «Arsenal sad» компаниялары және тағы басқа жергілікті өндіріс орындары шетелдік мамандар қызметіне жүгінген.

Астанада Павлодар мен Жамбыл облыстарының күндері өтеді

48267fc4057518cd86f8efcba61Астанада қыркүйектің 23-25 күндері ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Жамбыл облысының мәдениет күндері өтеді. «Тарихи терең Тараздан тағзым» шарасы аясында үш күн бойы астаналықтар аймақтың тарихымен, мәдениетімен және негізгі жетістіктерімен танысады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Бұл күндері ауыл шаруашылық тауар өндірушілер жәрмеңкесі, тарихи өлкетану музейі экспонаттарының көрмесі, филармония әртістерінің қатысуымен мерекелік концерттер өткізіліп, спектакльдер мен қойылымдар қойылады.

23 қыркүйекте сағат 11.00 қала тұрғындары мен қонақтары М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында С. Маршактың «Кошкин дом» атты балаларға арналған ертегісін, ал сағат 19.00 Ш. Айтматовтың повесінің желісі бойынша дайындалған «Пегий пёc, бегущий краем моря» қойылымын тамашалайды. 24 қыркүйекте сағат 18.00 Ф. Буляковтың «Выходили бабки замуж» атты комедиясы сахналанады.

Сонымен қатар, сағат 16.00 Бейбітшілік және келісім сарайында облыс өнерпаздарының «Ұлы дала ұлысым» атты концерттік бағдарламасы да көпшілік назарына ұсынылмақ.

24 қыркүйекте сағат 18.00 «Жастар» театрында облыстық қазақ драма театрының М. Әуезовтың повесінің желісі бойынша Н. Оразалиннің «Қилы заман» тарихи драмасы, ал 25 қыркүйекте сағат 16:00 «Еңлік-Кебек» трагедиясы қойылады.

24 қыркүйекте сағат 10.00-18.00 аралығында ҚР Ұлттық музейінде Әулие ата жерінің артефактілерін, қолөнершілер мен көркемсурет туындыларын тамашалауға болады.

24-25 қыркүйекте  жәрмеңкеге облыстан жалпы құны 300 млн теңгенінің 315 тонна өнім әкелінеді. Елорда тұрғындары мен қонақтарына сапалы, экологиялық таза және пайдалы өнімнің 30 түрі ұсынылады. Азық-түлік өнімдері базардағы бағадан 8–15% төмен сатылады. Жәрмеңке қалалық әкімдік алдындағы алаңда өтеді. «Қазақстанда жасалған» акция аясында ауыл шаруашылық және өндірістік көрме ұйымдастырылады.

Мұнымен қоса, 24-25 қыркүйекте Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары павлодарлық ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің өнімдерін сатып алу мүмкіндігіне ие болады. «Хан шатыр» сауда, ойын-сауық орталығының жанында өтетін жәрмеңкеде 100-ден аса кәсіпкер өз тауарын ұсынбақ. Жәрмеңкеде 90 тонна ет және ет өнімдері, 300 тонна картоп, 140 тонна көкөніс және 150 тоннадан астам ауыл шаруашылық өнімдері сатылады.

Павлодарлық кәсіпорындар елорда тұрғындарына азық-түлік өнімдерінің мол түрін, ұлттық тағамдар ұсынады. Сондай-ақ, павлодарлық колөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылады.

Жиналған қауым облыстық филармонияның шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасын тамашалайды.

Елордада үздік педагогтарды құттықтады

Елордада үздік педагогтарды құттықтадыМұғалімдер күні қарсаңында №78 мектеп-гимназияда мұғалімдерді, үздік педагогтар әулеттерін, жас мамандар мен тәлімгерлерді құттықтау салтанаты өтті, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Мұндай шаралар дәстүрді жалғастыруға, кәсіпорындар мен ұйымдарда қызметкерлерге жағдай жасауға және олардың еңбегінің беделін арттыруға септігін тигізеді.

Бүгін елорданың үздік мұғалімдері, жұмыс өтілі жүз жылдан асқан үздік еңбек әулеттері марапатталды.

Номинацияда педагогикалық өтілі 478 жылды құрайтын Носиевтер әулеті көш бастады. Бұл әулетте 26 мұғалім бар, олар тарих, қазақ тілі, әскери іс және т.б. пәндерден сабақ береді.

—  Мен Носиевтердің келінімін, атам мен енем – тарих мұғалімдері, күйеуім де. Мен тарихшылар әулетіне түсіппін, өзім ағылшын тілінен сабақ беремін, 67-ші гимназияда істеймін, еңбек өтілім 11 жыл. Біздің үлкен әулетімізде түрлі пәндердің мұғалімдері бар, бәріміз бір бірімізге көмектесеміз, — дейді Анаргүл Носиева.

Үздік еңбек әулеттерінің ішінде еңбек өтілі 200 жылды құрайтын Инертбаевтар, өтілі 219 жылды құрайтын Арғынбектар, сондай-ақ, 172 жылдан бері оқушыларды оқытып келе жатқан Әбдіқұловтар мен 159 жылдық өтілі бар Әміржановтар әулеттері бар.

Жұмыс өтілі 5 жылға дейінгі жас мамандардың ішінде Толқын Қазбекова, Раушан Әкімбекова және Маржан Өнербаева үздік атанды.

—  Мен ағылшын тілінен сабақ беремін, біздің заманымызда әрбір қазақстандық үш тілді меңгеруге тиіс деп санаймын. Оны жастайынан үйрету керек, — дейді Толқын Қазбекова.

Шара барысында еңбек өтілі 20 жылдан асқан үздік тәлімгерлер де құттықтауларды қабыл алды. Атап айтқанда, Құшай Тердікбай (еңбек өтілі 38 жыл), Нәйла Құдайбергенова (еңбек өтілі 25 жыл), Қарлығаш Құсайынова (еңбек өтілі 28 жыл) және Қайырбек Шамбеков (еңбек өтілі 21 жыл).

Айта кетейік, жыл сайын Астанада «Жыл мұғалімі», «Үздік мектеп», «Үздік мектепке дейінгі мекеме», «Үздік арнайы білім мекемесі» және т.б. байқаулар ұйымдастырылады.

Жұмысында жоғары жетістіктерге қол жеткізген 1464 педагог марапатталды. Соңғы үш жылда 1300 мұғалім республикалық және халықаралық форумдарға қатысқан, 193 мұғалім оқу ғылыми-әдістемелік оқу құралдарының авторы атанса, 400 жуығы республикалық ғылыми-әдістемелік басылымдарда өз мақалаларын жариялаған.

Білім беру жинақтау салымдары бұдан былай өндіріп алуға жатпайды

565570fc1aeed%d1%81%d0%b67Ағымдағы жылдың 10 қыркүйегінде «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енді. «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» заңына сәйкес жасалған білім беру жинақтау салымы жөніндегі шарт бойынша клиенттің банктік есеп-шотындағы қаражатын өндіріп алуды жүргізуге жол берілмейді.

Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі аясында Қазақстан Республикасының азаматтары болашақта кәсіптік, жоғары және жоғары оқу орыннан кейінгі білім алу үшін оқудың ақысын төлеуге жұмсауға болатын ұзақ мерзімді салым аша алады.

Бұл салымға банктен сыйақы (14%) және жыл сайын мемлекеттен сыйлықақы (5-7%) есептеледі. Мемлекет сыйлықақасының мөлшері – жылдық 5%, басымдылықты санаттағы балалар: жетім балалар, мүгедек балалар, аз қамсыздандырылған, көпбалалы  отбасылардағы балалар үшін – жылдық 7%.

Бала мемлекеттік білім грантына ие болған жағдайда барлық жинақталған қаражат толығымен салымшының иелігіне өтеді.

2017 жылы мектеп құрылыстарына Ұлттық қордан 80 млрд-қа жуық теңге бөлінеді

shkola2017 жылы мектеп құрылыстарына Ұлттық қордан қосымша 71,7 млрд теңге беру қарастырылған, сонымен қатар мектептердің сейсмикалық тұрғыда нығайтылуына 8,3 млрд теңге бағыттау көзделіп отыр, деді ҚР ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Мәжілістегі үкімет сағатында, деп хабарлайды Baq.kz.

«Мемлекет басшысы 2018 жылға қарай үш ауысымды оқытуды жою, апаттық жағдайдағы мектептердің санын қысқарту және 2020 жылға қарай 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды толығымен мектепке дейінгі білім берумен қамтамасыз ету бойынша тапсырма берді. 2015-2016 жылдары 77,3 млрд теңге бөлінді, 2015 жылы – 19,4 млрд теңге, 2016 жылы- 57,9 млрд теңге 96 білім беру нысандарының құрылысы үшін бөлінді. Олардың ішінде — 77 мектеп және 19 балабақша бар», — деді Қ.Бишімбаев.

Оның айтуынша, бүгінгі күні білім берудің 41 нысаны пайдалануға берілді, оның ішінде 21 мектепті үш ауысымды оқытуды жою үшін пайдалануға берді, 6 мектеп апаттық жағдайда тұрған мектептерді алмастырды және 14 балабақша ел игілігіне тапсырылды.

«Жылдың соңына дейін қосымша 8 мектеп пен 4 балабақша салынатын болады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін 2017 жылы біз Ұлттық қордан қосымша 71,7 млрд теңге беруді қарастырдық, сондай-ақ мектептерді сейсмикалық нығайтуға 8,3 млрд теңге қарыстырылған», — деді министр.

БҒМ вице-министрі Бибігүл Асылованың алғашқы сұхбатындағы 4 басты жаңалық

50861dЖақында тағайындалған БҒМ вице-министрі Бибігүл Асылова алғашқы сұхбатын «Бiлiмдi ел – Образованная страна» газетіне берген екен. Білім саласының экономика және қаржы жағына жауап беретін вице-министр алдағы уақытта жүзеге асатын жобалар туралы толығырақ айтып өтіпті. Соның ішінде басты жаңалықтар: мұғалімдерге ағылшын тілін үйрету, мектепке дейінгі дайындық, мектеп құрылыстары және мұғалімдерді қағазбастылықтан құтқаратын, ата-аналарға балаларының үлгерімін қадағалауға көмектесетін Kundelik жобалары.

Мұғалімдерге ағылшын тілін үйрету туралы 

Парламент Мәжілісіне ұсынылған 2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы аясында өз пәндерін ағылшын тілінде өткізетін мұғалімдерге жалақыны көтеру мәселесі қарастырылған. Қосымша жалақы екі базалық еңбекақыны құрайтын болады, яғни өз пәнін ағылшын тілінде өткізген мұғалімдерге 35 мың теңге үстемақы қосылады. Айта кетейік, мектеп мұғалімдеріне арналған ағылшын тілінің курстары осы жылдың қазан айынан басталады. Бүгінгі таңда министрлік пен жергілікті білім департменттері ағылшын тілін үйренуге құлықты мұғалімдердің тізімін дайындады. Бюджеттен бұл шараға 4 млрд теңгеге жуық ақша бөлінген. Курс ұзақтығы білім алушының тіл игеру деңгейіне байланысты болмақ. Жалпы курс келесі жылдың мамыр-маусым айларына дейін жалғасады деп күтілуде. Оған қоса, курсқа қатысушылардың Алматы, Астана қалаларына жол жүруі міндетті емес, бұндай курстар барлық облыс және аудан орталықтарында ұйымдастырылатын болады. Курс игеру барысында мұғалімдердің жұмыс орны мен орташа жалақысы сақталатын болады, оған қоса, оларға стипендия мен үй жалдауға кеткен шығын төленетін болады. Жоспар бойынша, 2017 жылы 6,5 мың мұғалім курстан өтсе, осы жоба аясында барлығы 38 мың мұғалім ағылшын тілін меңгереді деп күтілуде.

Мектепке дейінгі дайындық туралы

«Балапан» бағдарламасы 2010 жылы басталған болатын. Оның бастапқы кезеңі 3-6 жас аралығындағы мектепке дейінгі балалардың 55%-ын қамтыса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 83% құрайды. Егер 2010 жылы осы бағдарламаға бөлінген ақша көлемі 9 млрд теңге шамасында болса, 2017 жылы бюджетте бұл жобаға 97 млрд теңге, яғни 9 есе көп ақша қарастырылып отыр. Ал 3-6 жас аралығындағы мектепке дейінгі балаларды оқумен 100% қамтамасыз ету 2019 жылы жүзеге асады деп жоспарлануда. Айта кетейік, 300 орындық бір балабақшаға үкімет 800 млн теңгеден 1 млрд теңгеге дейін ақша жұмсаса, «Балапан» бағдарламасы бойынша тәрбие мен оқуға бір балаға кететін шығын орта есеппен 190 мың теңгеден 2012 мың теңгеге дейінгі соманы құрайды. Егер жеке кәсіпкерлерді тартатын болса, 1 млрд теңге көлеміндегі қаражатқа балаларға арнап 5 мыңдық орын ашуға болады екен.

Мектеп құрылысы туралы 

Алдымыздағы үш жыл ішінде (2017-2019) мектеп құрылысына 112 млрд тенге жұмсау көзделіп отыр. Оның ішінде, 16 мектеп құрылысына 25 млрд теңге республикалық бюджет қорынан болса, ( 2017 жылы – 15 млрд теңге 16 мектепке, 2018 жылы – 10 млрд теңге 2017 жылы басталған 11 мектеп құрылысының аяқталуына жұмсалмақ), 87 млрд теңге Ұлттық қордан бөлінеді (2017 жылы – 80 млрд теңге, оның ішінде 2016 жылы салына бастаған мектептердің құрылысын аяқтау үшін 31 млрд теңге, 8 млрд теңге Алматы қаласының 17 мектебін сейсмикалық күшейтуге, 42 млрд теңге жаңа мектептердің құрылысЫн бастау үшін, 2018 жылы – 7 млрд теңге 2017 жылы басталған мектеп құрылысын аяқтау үшін жұмсалынады)

Kundelik жүйесі туралы

«Kundelik.kz» жүйесін жасау және енгізу. «Kundelik.kz» білім беру жүйесін ақпараттандыру аясында мемлекеттік-жеке серіктестік шеңберінде жасалған Қазақстандағы бірегей жоба. Бұл жобаның ерекшелігі — жүйені жасау, енгізу және қолдап отыру үшін Қазақстан Республикасының бюджетінен бірде бір қаражатты қажет етпейді: еліміздің мектептері мен БҒМ аталмыш жобаны тегін алады. «Kundelik.kz» жүйесі мұғалімдерге қағазбастылықтан құтылып, оқушылардың статистикалық-аналитикалық мәліметтерін өңдеуге, сонымен қатар білім беру үдерісінің барлық қатысушыларының арасында жаңа сапалы деңгейдегі қарым-қатынастың орнауына негіз болмақ. Ақпараттық жүйенің көмегімен оқушылардың ата-аналары тегін түрде еліміздің кез-келген жерінен балаларының сабақ үлгерімін, мектептегі сабақ кестесін, үй тапсырмасы туралы ақпаратты, баласының сабаққа қатысуын оңай қадағалай алады. Сонымен қатар, білім беретін электронды ресурстарға қол жеткізе алады.

kerekinfo.kz

Жалпықалалық сенбілікте 7 мыңға жуық ағаш отырғызылады

Жалпықалалық сенбілікте 7 мыңға жуық ағаш отырғызылады12 қыркүйектен 12 қазанға дейін елорда аумағын санитарлық тазарту, абаттандыру мен көгалдандыру бойынша күзгі экологиялық айлық өткізіледі. 24 қыркүйекте «Астана – таза қала!» жалпықалалық сенбілігі ұйымдастырылады, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Жалпықалалық сенбілік аясында қалалық және республикалық ұйымдардың қатысуымен 7000 ағаш отырғызу жоспарланған, соның ішінде «Алматы» ауданында ҚР Ұлттық музейі аумағына, «Есіл» ауданында — «Хан Шатыр» СОО айналасына, сондай-ақ, Еңбекшілер көшесінен «Тельмана» тұрғын алабына дейін, «Сарыарқа» ауданында – Сарыбұлақ өзенінің жағалауына ағаштар егіледі.

Сонымен қатар, білім, денсаулық сақтау мекемелерінің, кәсіпорындар мен тұрғын үй кешендерінің аумағына да ағаштар отырғызылады.

Жалпықалалық сенбілік аясында Есіл, Ақбұлақ және Сарыбұлақ арналарын қоқыстан және тұрмыстық қалдықтардан тазарту мақсатында «Таза өзендер!» экологиялық шарасы өтеді. Есіл өзені «Газмашаппаратура», «Қартар үйі» («Көктал-1» ш/а), Ақбұлақ өзені – Еуразиялық университет корпусынан ЖЭО-2 дейін, Сарыбұлақ – «Бахус» сауда үйінің аумағында тазартылады.

Экологиялық айлық аясында көшелер, тротуарлар мен орамішілік аумақтар тазартылады, ағаштар отырғызылып, нөсер мен арық кәріз жүйелері тазаланады, сондай-ақ, саябақтар мен гүлбақтарда жасыл көшеттерді күту бойынша маусымдық агротехникалық жұмыстар жүргізіледі, гүлзарлар абаттандырылады.

24 қыркүйекте жалпықалалық сенбілікке 89 мыңнан астам адам шығады, оған қалалық кәсіпорындар мен ұйымдар, медицина және білім мекемелері қатысады, сондай-ақ, 429 жуық техника тартылады.

Апта сайын «Көше көркі –Астана көркі», «Қоршаған ортаны аялайық!», «Астана – әсем қала!» ұрандарымен халықтың, өндірістік кәсіпорындардың және басқа да ұйымдардың қызметкерлерінің қатысуымен сенбіліктер ұйымдастыру бойынша шаралар өтеді.

Елорда тұрғындары мен ұйымдары аулалар мен көшелерді абаттандыруға үлес қоса алады.

ОҚО студенттері Ұлттық чемпионатта жүлделі орындарды иемденді

ОҚО студенттері Ұлттық чемпионатта жүлделі орындарды иемдендіАстана қаласында өткізілген «WorldSkills Kazakhstan 2016» Ұлттық чемпионатында Оңтүстіктің студенттері жүлделі орындарды иемденіп, желтоқсан айында Швецияның Гетеборг  қаласында өтетін EuroSkills чемпионатына жолдама алды, деп жазады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Бас қалада 12-15 қыркүйек күндері өткен Ұлттық чемпионатқа облысымыздан 7 құзыреттілік бойынша 7 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері қатысып, өз шеберліктерін жоғары дәрежеде көрсете білді. Мәселен, Шымкент қаласындағы №5 колледж студенті Ю.Мурзахметова «Киім дизайны» құзыреттілігі бойынша І орынды жеңіп алса, Шымкент қаласындағы №6 және Шардара қаласындағы №16 колледж студенттері Е.Жүсіп «Кондитер» және Ж.Таубай «Құрғақ әдіс құрылысы (сылақшы)» құзыреттіліктері бойынша  ІІ жүлделі орыннан көрінді, ал Кентау көпсалалы колледжінің  студенті Т.Аманкелді және №3 колледж студенті С.Тұрлы «Үздік маман» номинациясын ұтып алды.

Аталған жеңімпаздар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі  Е.Сағадиевтің сертификаттарына ие болды.

Қазақстанда 2014 жылдан бастап енген «WorldSkills Kazakhstan 2016»  чемпионаты кәсіби шеберлікті танытып жұмысшы мамандықтарды дәріптеу және оларды қолдау мақсатында өткізілген жоба. Қазіргі таңда бұл ассоциация 76 мемлекетті  қамтып, сонымен қатар 80% жер шарындағы халықты біріктіруде.

Чемпионат жеңімпаздарын шын жүректен құттықтап, келесі кезеңдерде толағай табыстар тілейміз!

«Еңбек жолы» конкурсына кәсіпорындардан 50 жұмысшы қатысты

4cae61ebb55002d9208e19201f1Астанада «Еңбек жолы» қалалық конкурсы алғаш рет өткізілді. Оған «Үздік еңбек әулеті», «Өндірістің үздік жас маманы» және «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациялары бойынша 50 өтінім берілді. Жеңімпаздардың есімдері ертең белгілі болады, деп жазады қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Қоғамда адам еңбегінің беделін өсіруге, жұмысшы әулеттердің көп жылдық дәстүрін нығайтуға бағытталған конкурсқа түрлі салалардағы кәсіпорын қызметкерлері қатысты.

Астана қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ермек Оспановтың айтуынша, конкурс қазақстандықтарды ел экономикасының дамуына елеулі үлес қосқан отандастарының жетістіктерін мақтан етуге шақырады.

— Еңбек кез келген мемлекеттің, кез келген адамның дамуының негізі, ал еңбек адамы – мемлекеттің басты тірегі болып табылады. Жұмыс орындарының сақталуы, еңбекақының уақытылы төленуі, жаңа жұмыс орындарын құру және т.б. тұрақты бақылауға алынды. Елорда әкімдігі, кәсіпорындар басшыларының және Астана қаласының кәсіподақ орталығының арасында өндірістік процесстерді тұрақтандыру, жұмысшылардың еңбек құқықтары мен кепілдерін, босаған жұмысшыларды әлеуметтік қорғау мен жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара ынтымақтастық жөніндегі 18 156  меморандум жасалды, — деді Ермек Оспанов.

Еске сала кетейік, Еңбек күнін мерекелеу аясында 23 қыркүйекте сағат 10.00 «Жастар» театры ғимаратында қалалық еңбек Форумы өтеді. Шара аясында «Еңбек жолы» қалалық конкурсының жеңімпаздарын құттықтайды.

—  Еңбек күні – өзінің күнделікті еңбегімен болашақты құратын, елінің, отбасының гүлденуіне үлес қосып жүрген азаматтардың мерекесі. Баршаңызға денсаулық, еңбекте табыс пен отбасыларыңызға амандық тілеймін, — деді Ермек Оспанов.

Биыл Еңбек күнін қыркүйектің соңғы жексенбісінде, 25 қыркүйекте аталып өтіледі.