Jas.kz  сайтының Словакиядағы тілшісі Дина Әділ шетелдік университеттердің ресейлік студенттерімен сөйлесіп, Украинадағы оқиғаларға байланысты оларға деген көзқарас қалай өзгергенін, олар қандай қиындықтарға тап болғанын және әрі қарай не істейтіндерін білді.

Мария, 25 жаста, Сорбонна университетінің аспиранты:

Марияның айтуынша, университеттер осы оқиғаларға байланысты ешкімге психологиялық қысым көрсетіп жатқан жоқ. Ресейлік студенттер мен Ресейден келген азаматтарға деген көзқарас өзгерген жоқ. Еуропа орыс азаматтарының құқығын бұзып жатыр деген жалған ақпарат деп ойлайтынын айтты.

Анна Могилевская, Братислава экономикалық университетінің студенті:

«Әзірге жергілікті халық тарапынан Ресей азаматтарына деген ашық агрессия немесе кері көзқарас байқалмайды. Бәлкім фейсбук парақшалар мен жеке чаттарда түсініспеушіліктер болып жатқан шығар, бірақ ашықтан ашық келіп ешкім нәсіліңе байланысты құқығыңды таптамайды. Словакияның словактары да, украиндері де, орыстары да Украина үшін алаңдап отыр.

«Қай жақтансың?» деп сұрағанда іштей біртүрлі қымсыну сезімі болады. Себебі, Ресейден екенімізді білген кезде сұрақтың астынан алады. Шынымда айтайын, өзіміз де есеңгіреп қалдық. Бұндай бассыздықты есі дұрыс адам қолдамайтыны айдан анық.

Жалпы Словакия мемлекеті орыстарға деген көзқарасы  Польша немесе Чехия сияқты мемлекеттерге қарағанда бұрыннан оң екенін айта кеткен жоқ. Естуімше, Чехиядағы кейбір жерлестеріміз қысым көріп жатқан сияқты»

Роман, Прага экономикалық университеті:

«Жақында университетіміздің профессоры ресейлік студенттерден емтихан қабылдамай санкция салғысы келді. Әрине, оның бұл әрекеті бірден қоғамдық резонанс тудырып, БАҚ беттеріне шықты. Қоғамдық сынға қатты іліккеннен кейін, ел алдына шығып кешірім сұрады.

Чехияның ешқандай университеті ресейлік студенттерді қудалап, оқудан шығарып жатқан жоқ. Керісінше, көші-қон полициясы ештеңеге алаңдамаңдар деп сабырға шақырды. Студенттер жеке дискриминацияға ұшырап жатса,  тиісті мекемелерге хабарласуына болады. Тек бұдан былай, Ресей азаматтарына Чехия есік ашпайтыны өкінішті»

Естеріңізге салсақ, 28 Ақпан күні Ресейдегі адам құқықтары жөніндегі уәкіл Татьяна Москалкова Ресей студенттері «Украинадағы жағдайға байланысты» Франция, Чехия, Бельгия және Еуропаның басқа мемлекеттерінің университеттерінен шығарыла бастағандығы туралы жазған болатын. Алайда чехиялық студенттер бұл ақпаратты жоққа шығарды.

Брно университетінің (Masarykova univerzita) студенті Светлана Мазур оқу орнының басшылығы өзінің ресейлік студенттеріне психологиялық қолдау көрсеткенін және Факультет деканынан қолдау хат алғанын айтты. Университет ректоры Мартин Бареш  те орыс студенттерінің қандай қиын жағдайға тап болғанын түсінетіндерін және мемлекет пен азаматтар әрқашан бірдей бола бермейтінін еске салды.

Светлананың айтуынша, Брно қаласында көптеген орыс студенттер бар және олардың ешқайсысы қоғам тарапынан қуғын-сүргінге ұшырамаған. Сондай-ақ, Масариков университеті украин студенттеріне арналған қаржылық көмек бағдарламасын да іске қосты. 

«Москалкованың сөздері мені қатты ашуландырды. Чехияның Ресей билігінен айырмашылығы, олардың маған қандай да бір қамқорлық жасауы. Ал сіз бізді шығарып жатыр деп өтірік айтасыз. Чехияда оқытушылар студенттерге  кемсітіп қарамайды. Жасымызға және ұлтымызға қарамастан әріптестеріндей сыйлайды», – дейді Светлана Мазур. 

Прагадағы Карлов университетінің Әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы (Univerzita Karlova v Praze) Томаш Карасек Украинадағы жағдай туралы мәлімдеме жасады. Онда «Ресей мен Беларусь студенттеріне есік ашық» делінген. Бірақ ресейлік оқу орындарымен келісімдер тоқтатылады.

Карасек факультетте «Ресейдің Украинаға деген агрессиясын мақұлдау немесе Кремльге қолдау білдіру» құпталмайтынын атап өтті. Белгілі бір жағдайларда мұндай әрекеттерді қылмыс ретінде қарастыруға болады. Қазір Карлов университеті Украинаны қолдап отыр. Факультеттердің бірінде қайырымдылық, гуманитарлық көмек жиналды, университет украин студенттері, қызметкерлері және олардың отбасылары үшін пайдалы ресурстар жиналған сайтты іске қосты.

Павел Подбельный, АҚШ

«Шыққан тегімізді жасырудың мәні жоқ. Жалпы өмірімде алғаш рет елім үшін ұялып тұрмын.  Күн сайын көптеген адамдармен сөйлесемін. Негатив пікірдің басым көпшілігі Ресей президенті Владимир Путинге және оның жақын адамдарына, соның ішінде кейбір олигархтарға ғана бағытталған.

Ресейден келген иммигранттарға деген көзқарас өзгерген жоқ. Түгелдей орыс ұлты зардап шегіп жатыр деген пікірлерді естіп жатырмын және бұнымен келіспеймін. Оның барлығы бір адамның шығарып жатқан саяси ойыны деп ойлаймын. Әрине, кез-келген әңгіме «сіз Ресейденсіз бе? Болып жатқан оқиғаларға көзқарасыңыз қандай?» деген сұрақтармен басталатыны жасырын емес.

Мен бірнеше күн бойы Бостондағы соғысқа қарсы шеруге қатыстым, онда көптеген орыстар болды. АҚШ-та осы соғысты қолдайтын бірде-бір орысты көргенім жоқ»

Германиядағы Дортмунд атындағы Техникалық университетінің студенті Анна да елде болып жатқан оқиғаларды баяндап берді. Оның айтуынша, оқу орны өзінің ресейлік студенттеріне көмек көрсеткен. Деканат тарапынан қолдау хат келгенін де айтты. Оның ішінде, университет басшылығы өзінің студенттерінің психологиялық жағдайын басты назарда ұстайтынын және сырттан қысым көрген жағдайда қайда жүгіну керек екендігі туралы ақпарат та берген. Одан бөлек, Украиналық немесе Ресейлік студенттердің біреуі қаржылық тұрғыдан қиналып жүрген болса, материалдық көмек көрсетуге дайын екендігін мәлімдеген. 

«Өкінішке орай, Еуропа тұрғындары Ресейдегі шынайы жағдайдың қандай екенін білмейді. Оларға, мән-жайды айтып беруге тура келді. Шынайы таңдау, демократияның жоқ екенін ашық айтты. Ресейлік студенттерді оқудан шығарып, дискриминация жасап жатыр деген пікірді естіп күлкім келеді. Бұның барлығы Ресей тарапынан руссофобияны өршітіп, «Біздің халық қорлық көріп жатыр» деген ойды тарату мақсатында айтылып жатқан пікір деп ойлаймын» – дейді Анна.