Ірімшік — сүттен жасалатын тағам түрі. Ол дайындалу әдісіне қарай — ақ немесе қызыл ірімшік болуы мүмкін.
Ақ ірімшік дайындау
Майлы шикі сүтке айран ұйытқысын қосып, оны ірітеді. Сосын іри бастаған сүтті отқа қойып, баппен қайната бастайды. Іріген сүт қайнай бастаған кезде, бетіне ірімшігі қалқып шыққанша үздіксіз былғап тұру керек. Сары су мен ірімшік бөлініп қалған кезде, ірімшігін сүзіп алып, сығады. Пайда болған қамыртәрізді массаны кесіп, бөліктерге бөледі де, өреге жайып қояды. Кей жерлерде, әдетте, өздігінен құрғақ келетін ақ ірімшікті — қаймақпен, сүтпен, кілегеймен, сары маймен араластырып береді. Ал оны шала кептіріп, келіге түйіп ұнтақтап алса — ұзақ жолға алып шығуға болатын ас болады.
Қызыл ірімшік дайындау
Қайнап жатқан сүтке мәндірдің үлпершек жағын салып, ыдыстың бетін жауып, 2-3 сағат ұйытады. Мәндір — ірімшікті тез және шымыр ұйыту үшін, уыз емген жас төлдердің жұмыршағынан алынған табиғи ұйытқы.
Мәндірдің өзі мынадай жолмен алынады. Анасының уызын қанып ішкен жас төлдің жұмыршағында уыз өңезі маңыздырақ болады. Туғанына 2-3 күн болмай терісін пайдалану үшін сойылатын төлдің осындай өңезін қырып алып, оған біраз айран жағып, шаңыраққа іліп қояды. Бірер күннен кейін өңез ашып, қатып қалады. Осы ұйытқыны жылы сүтке малып қойса, сүт балдырдай болып тез ұйып қалады. Ұйыған сүтті баппен және ұзақ қайнатады. Сары суы бөлінген ірімшікті қалқып алып, кептіреді. Мәндірмен осылайша дайындалған ірімшіктің түсі қызғылт-сары болады.
Шырақ Байкенова