ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің ұйымдастыруымен 29-30 қазан күндері Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған шетелде тұратын отандастардың қатысуымен халықаралық өнер фестивалі өтеді. Фестиваль аясында жыр мүшәйрасы, термешілер сайысы және сурет көрмесі ұйымдастырылмақ.
Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеудің мәні мен бүгінгі таңдағы тарихи маңызын ашу мақсатында өтетін өнер додасы шетелдегі қазақ жастарының өнерін дәріптеуді, қазақ халқының мәдениеті мен салтын насихаттауды және жастарды төл тарихын құрметтеуге шақыруды көздеп отыр.
Байқау ережесі бойынша мүшәйра, терме және көрме сайыстарына 20-35 жас аралығындағы шетел қазақтары қатыса алады. Мүшәйра тақырыптары жеке-жеке Қазақ хандығының тарихы, тарихи тұлғалар бейнесі, елдік мәселелерге, шетелдегі қандастар тағдыры мен көші-қонына және еркін тақырыпқа арналуы тиіс. Термешілерге қойылатын талаптарға сай сайыскерлер елдікке шақыратын, бірлікке бастайтын елжандылық бағыттағы және еркін тақырыптағы терме орындауы тиіс. Ал, көрмеге қатысатын суретшілер көлемі 100*150 см болатын кескіндеме мен көлемі 40*90 см болатын графикалық шығарма дайындаулары шарт. Өтініштер 2015 жылдың 20 қазанына дейін festivalkaz@mail.ru электронды почтасы арқылы қабылданады.
Жеңімпаздар ақшалай сыйлықпен марапатталады.