Домой Блог Страница 17

Талдықорғанда бір күнде бірнеше нысан пайдалануға беріледі

20160909120441Ертең Талдықорған қаласында Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орай бірнеше нысан пайдалануға беріледі.

Ертең таңертең Талдықорған қаласының солтүстік-батыс ауданында  фельдшерлік амбулаториялық пункт, полиция бөлімшесі, кітапхана және ардагерлер бөлмесі орналасқан нысан ашылады.

Сонымен бірге  4 жекеменшік балабақша пайдалануға беріледі. Оның бірі  50 орындық «Аниса» және  40 орындық «Нұрай балабақшасы. Ал Талдықорған қаласына қарасты  Еркін аулында  17 орындық «Әдемі»  және 15 орындық «Какаду» мектепке дейінгі мекемелері бар.

Сондай-ақ Тәуелсіздік және Шевченко көшелерінің қиылысындағы үйлер ауласында спорттық алаңқай ашылмақ. Нысан спортпен айналысам деген жеткіншектер үшін демеушілер қаржысына салынған.

ҚазАқпарат

«Самұрық-Қазына» өкілдері ақтөбелік кәсіпкерлерге тендерде жеңіске жету құпияларын үйретті

Ақтөбеде отандық өнім шығарумен айналысып жүрген жергілікті тауар өндірушілерге тендерлерде жеңіске жету мүмкіндігін үйрететін дәріс оқылды.

Соңғы кездері елімізде шағын және орта бизнеске көрсетілетін қолдау артты. Тұтынушылар арасында шетелдік тауарларға сұраныс төмендеді. Бірақ, кәсіпкерлер үшін кедергілер әлі де жоқ емес. Жергілікті кәсіпкерлерге күмәнмен қарайтындардың қатарында жер қойнауын пайдаланушылар бар болып шықты. Өңірдегі мұнай мен кен өндірушілер сапаны және бағаны сылтау етіп, тапсырыстарын өзгелерге береді.

— Жергілікті тауар өндірушілерді жер қойнауын пайдаланушылар таңдамайды. Олар шетелдік компанияларды таңдайды. Оны тәжірибеден, зерттеуден байқауымызға болады, — дейді индустриалды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы Дәулетияр Тоғызбаев.

Отандық өндірушілердің конкурс құжаттарын толтыруда жіберетін қателіктерінен тендерге түскен кезде де жеңіліс тауып жатады. Сол себепті облыс әкімдігі кәсіпкерлердің сауаттылығын арттыру мақсатында арнайы білім жетілдіру сабақтарын өткізіп жатыр. Астанадан арнайы келген «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС-нің мамандары жергілікті тауар өндірушілерге дәріс оқыды. Байқау құжаттарын сауатты толтыруды үйретті, деп хабарлайды aktobenews.kz.

«Тәуелсіздік құрдастары» спартакиадасы

f07eb127d12fef915bb341fe1450f223«25 жұлдызды күн» акциясы аясында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 8-11 желтоқсан күндері аралығында Талдықорған қаласындағы «Жастар» Спорт сарайында 25 жасқа толған жастар арасында «Тәуелсіздік құрдастары» атты облыстық спартакиада өтуде.

Жарыстың салтанатты ашылуында жиналғандарды облыстық дене шынықтыру және спорт  басқармасының басшысы Т. Шарапиев құттықтады.

Спартакиадаға құқық қорғау органдарының, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала өкілдері, ауыл және қала жастары – жалпы жасы 25 толған жастар қатысуда.

Жарыс волейбол, мини футбол және үстел теннисі бойынша өтіп жатыр.

Мақтаралдық диқандар жаңа технологияларды ендірудің арқасында 3 есе көп өнім алды

uko-6Мақтарал ауданында соңғы үш жылда жерді терең қопсыту технологиясы 30 мың гектарға енгізіліп, нәтижесінде  шаруалар 2-3 есе көп өнім алуда. Бұл Тәуелсіздік жылдарындағы халықтың жеткен жетістіктері. Бұл туралы Мақтарал ауданының әкімі Ғ.Исмаилов ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында мәлім етті.

Тәуелсіздіктің 25 жылдығындағы жеткен жетістіктерін баяндаған Ғ.Исмаилов 1991 жылы ауданның бюджеті 107,0 мың теңгеден 2016 жылы 31 426,0 млн. теңгеге жетіп, 294  есеге артқанын, жалпы ішкі өнім 643,0 млн. теңгеден 112 004,1 млн теңгеге жеткенін атап өтті. Сондай-ақ, ауданда соңғы бес жылда тамшылатып суғару әдісі ендірілген жерлер мен жылыжайлардың алқабы еселеп өскенін атап өтті

2011 жылы Мақтаралда тамшылатып суғару әдісі 0,4 мың гектар жерге ендірілген болса, бүгінде 1,6 мың гектарға жетіп отыр. Ал, жылыжайлардың көлемі 2011 жылы 33 гектарды құраса, 5 жылдың ішінде 2,5 жарым есеге өсіп, жалпы көлемі 83,6 гектарға жеткен. Биыл жылыжайлар есебінен 1500 тонна өнім өндіріліп, Республика тұрғындарын қыс және ерте көктем уақытында сапалы көкөністермен қамтамасыз етуге қол жеткізілген.

Егін шаруашылығы бойынша жүргізілген жүйелі әртараптандырудың арқасында 1991 жылмен салыстырғанда бақша дақылдарының көлемі 20 мың гектарға артып – 23 мың гектарды, көкөніс 4,0 мың гектарға артып – 5,4 мың гектарды, картоп 0,8 мың гектарға артып – 1,1 мың гектарды құраған. Тәуелсізіктің алғашқы жылдары 16,5 мың тонна – көкөніс, 32,6 мың тонна – бақша, 1,9 мың тонна – картоп өндірілген.  Ал осы жылы 126 мың тонна – көкөніс, 607,9 тонна – бақша, 17,1 мың тонна – картоп жиналған. Сондай-ақ, биыл жоспар орындалып, шаруалар гектарынан 25 центнерден өніп алып, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына зор тарту жасап отыр.

«Шаруалардың өнімін сақтап, әрі қарай сату үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында 2015 жылы Жетісай қаласында «Мақтарал ЭкоПродукт» ЖШС-нің сыйымдылығы 3000 тонналық және Мырзакент кентіндегі ЖК Ердешовқа тиесілі 2 мың тонналық қоймалары салынып пайдалануға берілді» — дейді Ғ.Исмаилов. Одан бөлек, Мақтаралдың қақпасында орналасқан Азаттық ауылынан заманауи үлгідегі сауда логистикалық орталығының құрылысына 9 гектар жер резервке алынғанын да әкім атап өтті.

 Тәуелсіздіктің 25 жылдығында Мақтарал ауданының инфрақұрылымында да көптеген өзгерістер байқалады. Жалпы, 1991-2016 жыл аралығында автомобиль жолдарының қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 55%-дан асқан. Егемендіктің алғашқы жылдары ауданның газбен қамтылуы 10,6%-ды құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 65%-ға жетіп отыр. Сондай-ақ, аудан халқы 100% сумен қамтылған. Өңірдің өндірістік инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында «Бизнесті дамыту жол картасы 2020» бағдарламасы аясында 111 млн. теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде.

Әсет Исекешев: біздің оқушылар идеялардың ерекшелігі жөнінен студенттердің келесі буынын басып озды

cЕл тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу шеңберінде Астана әкімі Әсет Исекешев елорданың жас дарындарымен кездесті, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі. «Дарынды балалар — ұлт байлығы» кездесуінің мақсаты — оқушылардың интеллектуалды-шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал ету, елордалық білім саласында белсенділік таныту ынтасын қалыптастыруға жағдай жасау, көшбасшылық үлгісін, креативтілікті және патриотизмді насихаттау.

Кездесуде оқушылар өз ойларын ортаға еркін тастап, жетістіктерін айтып, келешек жоспарларымен бөлісті. Мысалы, «Нұр орда» мектебінің оқушылары робототехника саласында креативтілік танытты. Сегізінші сынып оқушылары түс гаммаларын сұрыптайтын роботтарды және екі минутта кубик жинайтын робот жасап шығарды. №75 мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы Самат Кәмілжанның жобасы да айрықша, ол қоқыс өңдейтін шағын зауыт жасаған.

«Қазір оқу процесіне инновациялық технологиялар енгізілген, 42 робототехника кабинетін жарақтауға қаржы бөлінді. Сондай-ақ, «Смарт-мектеп» жобасы жұмыс істеуде. Көрмеде робототехника бойынша қызықты жұмыстарды көрдім де, таң қалдым.  Біздің оқушылар идеялардың ерекшелігі жөнінен студенттердің келесі буынын басып озды. Кездесу барысында үздік интеллектуалдық жобаларды ынталандыру керек деген ой келді. Әкімдік инновациялар саласындағы үздік жұмыстарға грант түрінде 10 млн теңге бөлетін болады. Бір жыл бойы 5 млн-нан 5 грант және 500 мыңнан 10 грант бөлінеді. Мен жаңа ғана көрген жұмыстарға гранттар беріледі», — деп атап көрсетті Әсет Исекешев.

Сондай-ақ, Астана әкімі 2017 жылы белгілі бір мамандықтарға қолдау көрсетілетін 10 инновациялық мектеп құру жоспарланғанын айтты. Елордада білім алып жатқан 94 мектеп оқушыларының 68 800-і олимпиадаларға, ғылыми және интеллектуалдық жарыстарға қатысады, бұл оқушылардың жалпы санының 67% құрайды. 10 жыл бойы елордалық білім жүйесі оқушыларының командасы республикалық олимпиадаларда және ғылыми жарыстарда 1-ші жалпыкомандалық орын алып, «Үздік команда» атағына ие болған. Елорданың дарынды балалары халықаралық деңгейде де жоғары нәтижелер көрсетуде. 2015-2016 оқу жылында елордалық оқушылар халықаралық олимпиадаларда және ғылыми жарыстарда 268 медаль мен грамоталарға ие болды: соның ішінде алтын — 61, күміс — 92, қола — 102. Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда.

Алматы облысының полицейлері қарттарға қамқорлық көрсетті

20161207125027Алматы облысының полицейлері өздерін жаңа қырынан танытты. Бар өнерлерін ортаға салып, қарттарға құрмет көрсетті.

Текелі қаласындағы «Шапағат» қарттар үйіне арнайы барған тәртіп сақшылары жанды дауыста ән шырқап, күмбірлетіп күй орындап, жабырқаулы жандарға керемет әсер сыйлады. Қарттар үйінің тұрғындары өз кезегінде тәртіп сақшыларына қошемет көрсетіп, алғыстарын білдірді. Полицейлерді жиі келіп, өнер көрсетіп тұруға шақырды.

Айта кету керек, игі шара Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «25 қайырымды іс» акциясы аясында ұйымдастырылды. Бұған дейін Алматы облысының Ішкі істер қызметінің өкілдері бірнеше мекемеге арнайы барды. Оның ішінде «Айналайын» балалар үйі, Аналар үйі, «Қамқор» мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған орталығы да бар. Жуырда ғана олар «Қамқор» үйінің 25 тәрбиеленушісін кинотеатрға апарып, тосынсый жасады. Соңғы бірнеше жылда аймақ полицейлері «Қамқор» тәрбиеленішулерін қамқорлығына алып, көмек көрсетуді дәстүрге айналдыруда.

ҚазАқпарат

80 шахматшы бақ таласты

Ақтөбеде 80 жас шахматшы қатысқан жарыс өтті. ХVІІ облыс спартакиадаға облыстың аудандарынан және Ақтөбе қаласының мектептерінен әуесқой ойыншылар жиналды.

Бұл жарысты ұйымдастырып отырған «Ақтөбе-дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының мәліметі бойынша, жыл өткен сайын зияткерлік ойын түріне қызығушы балалар қатары да артып отыр. Мәселен, биылғы жарысқа өткен жылғыдан гөрі қатысқан оқушылар көп. Әрі олар шахмат ойнағалы бері есте сақтау қабілеті артып, сабақта есепті оңай шеше бастағандарын айтады.
Ал ұйымдастырушылардың айтуынша, облыс мектептерінде жаппай шахмат үйірмелерінің ашылуы оқушылардың қызығушылығын туғызып, шахмат ойнайтын баллаар санын көбейткен. Жалпы, ел мектептерінде шахмат үйірмелерін түгел ашу туралы тапсырманы осыдан 5 жыл бұрын Елбасы берген болатын. Сол уақыттан бері Ақтөбе облысының барлық дерлік мектептерінде бұл үйірмелер жұмыс жасап тұр.

Осы жолғы жарыстың жеңімпаздарынан облыстың құрама командасы жасақталады. Олар республкалық жас шахматшылар жарысында өңірдің намысын қорғайтын болады.

aktobenews.kz

ОҚО-да «Туған жерді түлету – перзенттік парыз!» шарасы өтті

ff319db8-eeb2-4a0b-8b8d-f5a4ef75edcbОңтүстік Қазақстанда ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Туған жерді түлету – перзенттік парыз!» салтанатты кездесуі өтті. Шараға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен елімізге танымал көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар мен қазақ эстрадасында өзіндік орны бар өнер майталмандары және кәсіпкерлер сияқты  түрлі салада қызмет етіп жүрген 150-ден астам азамат қатысты.

Тәуелсіздік тойында қастерлі Оңтүстіктің төрінде меценаттармен бас қосып, ортақ істі бірлесе жоспарлауды мақсат тұтқан өңір басшысы табанын жерге, арқасын елге тіреген азаматтарымыз әр қиырда аянбай еңбек етіп, абыройға бөленіп жүргенін облыс жұртшылығы мақтан ететінін жеткізді. 

«Татулық пен тұрақтылықты ту еткен Қазақ елінің ендігі мақсаты – әлемде дамыған отыз елдің арасынан өз орнын табу. Бұл жолда Елбасының жанқиярлық ерлігіне ел болып бірлесіп қолдау білдіруіміз қажет. Сондықтан да қасиетті Тәуелсіздіктің тойында ел перзенттерінің басын қосып, ортақ ісімізді ойласып алуды көздеп отырмыз. Ұлт көшбасшысы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөнінде жиі айтып, мемлекетті өркендету мақсатына лайықты үлесін қосқан кәсіпкерлерді назарынан тыс қалдырған емес. Бүгінгі басқосуымыз да Президент әкімшілігінің тікелей қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Ендеше «Туған жерді түлету – перзенттік парыз» деп аталатын жиынымызға қош келдіңіздер!», — деді Ж.Түймебаев.

Сонымен қатар, облыс басшысы барша жиналған жұртшылықты мерейлі мерекемен құттықтап, аймағымыздың өркендеп, дамуына сүбелі үлес қосқан көптеген кәсіпкерлерге «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі мен облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырды.

Салтанатты шарада туған жерді түлету туралы толғаныстары мен пікірлерін ортаға салған жерлестеріміз елге қызмет ету, туған өлкеге қамқорлық жасау – перзенттік борыштары екенін атап өтті. Мәселен, Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбай, жазушы, драматург Дулат Исабеков, Мемлекет және қоғам қайраткері Сергей Терещенко, «Атакент» корпорациясының төрағасы Халық Абдуллаев, «Қазатомпром» Ұлттық атом компаниясы басқарма төрағасының кеңесшісі Болат Жылқышиев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Байділдә Жылқышиев, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазиевалардың жан тебірентерлік сөздері, елді, өңірді көркейтудегі ұсыныстары жиналған көпшіліктің көкейіндегісін дөп басты. Ал меценат, кәсіпкерлер Серікжан Сейітжанов, Дінмұхаммед Ыдырысов, Бахриддин Әбіләзімов, Қайрат Молдасейітовтер таяу арада өңірімізде өздерінің бастамаларымен салынатын түрлі әлеуметтік нысандардың жай-жапсарынан хабар берді.

Оңтүстіктің өзгелермен салыстырғанда даму мүмкіндігі мол. Климаты, топырағы, халқы, табиғаты бәрі-бәрі өз үйлесімін тауып тұр. Енді тек нағыз іскер азаматтар бейтарап қалмай, бірігіп аймақтың дамуына күш салуы керек деп, өңір жанашырларын бірлесе жұмыс істеуге шақырған облыс әкімі туризм, ауыл шаруашылығы салаларында іске асырылатын бірқатар жобалармен бөлісті.

Мәселен, әкім көне Түркістан қалашығын жаңғырту бойынша эскиздік жоба әзірленгенін айтып, Қ.А.Яссауи кесенесінің аумағын абаттандыру жоспарланғанын жеткізді. Өңірімізді көркейтудегі жобалардың қатарына «Сарыағаш» курорты аумағын кеңейтіп, халықаралық деңгейге көтеру,  Шардарада жағажай туризмін дамыту мақсатында Шардара су қоймасы аумағында демалыс аймақтарын орналастыру үшін инвесторлар тарту, облыс аумағында тау-шаңғы туризмін дамытуға бағытталған халықаралық стандарттарға сай «Қасқасу» туристік рекреациялық кешенін іске асыру, өндірістік жылыжайларды көбейту, Шымкент қаласын дамыту сынды жоспарлар да бар.

Салтанатты кездесу соңы «Туған жерді түлету – перзенттік парыз» басқосуына қатысушыларының үндеу қабылдауына ұласты. ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері Нұрлан Өнербаев оқыған жүрекжарды сөзде Оңтүстіктің мол мүмкіндіктерін пайдаланып, елдің еңбексүйгіштігін еселей түсу үшін неғұрлым жаңа ұмтылыстар мен жарқын құлшыныстар қажеттігі айтылған. Сонымен бірге, үндеуді қабылдаушылар Оңтүстік Қазақстан облысының, шырайлы Шымкент шаһарының, түркі дүниесінің текті төрі саналатын Түркістанның, сондай-ақ, Сайрам, Отырар, Созақ, Бәйдібек, Арыс, Ордабасы, Мақтарал, Шардара, Сарыағаш, Қазығұрт, Төле би, Түлкібас аудандарының керемет көркейіп-гүлденуі үшін бәріміз бірлесе көмектесуге тиістігімізді айтып, еліміздің түкпір-түкпірінде, сондай-ақ шетелдерде, өңіріміздің өзінде еңбектеніп жүрген барлық түлектерді – мемлекет және қоғам қайраткерлерін, алуан түрлі салалардағы басшыларды, бизнес өкілдері мен күллі кәсіпкерлерді, ғалымдарды, ақын-жазушыларды, суретшілерді, өзге де өнер қайраткерлерін, өз өлкесін, қаласын, аудан-ауылын перзенттік махаббатпен сүйетін, терең тебіреніспен құрметтейтін барлық азаматтарды туған жерді түлетуге шынайы ниетпен, ақ пейілмен, перзенттік ықыласпен жәрдемдесуге шақырды.

Егемендіктің ширек ғасырлық тойына арналған торқалы той Оңтүстік Қазақстан облысы өнер шеберлерінің концертімен жалғасты.

Теріскейде «Шұғыла» бөбекжайы ашылды

%d1%81%d0%be%d0%b7%d0%b0%d0%ba1Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Теріскейде тағы бір жаңа балабақша ашылды. Аудан орталығы Шолаққорған ауылында жеке кәсіпкер Б. Досаев 75 орындық «Шұғыла» балабақшасын ашты. Ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі М. Исаев: «Созақ аудан білім беру саласына көп көңіл бөліп келеді. Заман талабына сай соғылған бұл ғимарат ел игілігіне қызмет ететін болады. Тәуелсіздік мерекесіне тарту болған балабақшаның ашылуы құтты болсын» деп барша жиналған қауымды құттықтады.

350 шаршы метр аумақты алып жатқан балабақша ғимараты заман талабына лайықталып, бүлдіршіндердің жас ерекшелігіне сай жабдықталған. Ойын бөлмесі, жатын бөлме, медициналық кабинетпен қамтылған. Жеке кәсіпкер Б. Досаев: «Заман талабына сай оқу және тәрибе жұмыстарына жаңаша көңіл бөлініп отыр. Мектепе дейінгі балаларға қоғамдық тәрбие беру мақсатында бөбекжай аштық. 75 орындық балабақшада 22 адамды жұмыспен қамтып отырмыз»- дейді.

Айта кету керек Созақ ауданында мемелекеттік «Балапан» бағдарламасының орындалуы 86,3 пайызды құрап отыр.

ОҚО-да Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған «Қазақстанда жасалған» тауар өндірушілердің көрмесі өтуде

%d0%ba%d0%be%d1%80%d0%bc%d0%b55Екі күнге жалғасатын шарада өңірдегі жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі, құрылыс заттары салаларының 70-тен астам кәсіпорындарының отандық өнімдері қойылды. 

Отандық тауар өндірушілер көрмесіне облыс әкімі Ж.Түймебаев және «Туған жерді түлету – перзенттік парыз!» атты шарасына қатысушылар — ҚР Парламенті депутаттары, орталық органдар мен ұлттық компаниялар, мәдениет қайраткерлері және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Жансейіт Түймебаев барша қатысушыларды Егемендігіміздің 25 жылдық мерекесімен құттықтап, ширек ғасырда өңірдің жеткен жетістіктерін баян етті.

«Жалпы, әлемдік дамудың күрделі кезеңдеріне қарамастан, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көрегендікпен жүргізіп жатқан дана саясаты арқасында, тарихы қысқа мерзімде еліміз әлеуметтік-экономикалық жағынан қарқынды дамып, әлемнің бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына енді.  Оның ішінде, Оңтүстік Қазақстан облысының жетістіктері де орасан.  Мәселен, 25 жыл ішінде жалпы өңірлік өнім 1,5 млрд.теңгеден 2,5 трлн. теңгеге дейін өссе, ондағы өнеркәсіптің үлесі 15 пайыздан 28 пайызға дейін артты. Осы қарқын ағымдағы жылы да сақталып, 10 айда өнеркәсіп кәсіпорындарымен 643,1 млрд. теңгенің өнімі өндірілді»,- деді Жансейіт Қансейітұлы.

Биыл Оңтүстік Қазақстан облысы өнеркәсіп өнімдерін  өндіруде өсу қарқыны бойынша республикада 3-ші орынды иеленген. Сондай-ақ, облыста тоқыма, мұнай өңдеу, машина жасау, фармацевтика, медициналық құрылғылар жасап шығару, құрылыс материалдары және басқа да саларда жаңа өнім түрлерін өндіру қолға алынған.

Бүгінгі көрменің маңызы ерекше. Мұнда облыс тауар өндірушілерінің жетістіктері паш етіліп, тұтынушылар мен өндірушілер арасында тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік тумақ.

Көрмеде  әлемдік стандарттарға сай  келетін кілем өнімдері, шұлық және үйге арналған тоқыма бұйымдары, ерлер костюмдері,  трансформаторлар, су сорғылары, дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар, медициналық құрылғылар, құрылыс заттары, жиһаз, азық-түлік өнімдері сынды облыстың тауар өндірушілері өз өнімдерін жұрт назарына ұсынуда.