31 мамыр саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Осыған орай C. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасы C. Сейфуллин мұражайымен бірігіп «Сталиншілдік және Қазақ зиялыларының қасіреті» атты ғылыми семинар өткізді.
Қазақ тариxында xалқымызды есеңгіреткен екі дүркін оқиға бар. Біріншісі – Аңырақай шайқасы болса, екіншісі – жаппай саяси репрессия. 1921-1954 жылдар аралығында үздіксіз жүргізілген саяси қуғын-сүргін нәтижесінде 100 мыңнан астам адам сотталып, 30 мыңға жуығы ату жазасына кесілген. 1931-1933 жылдары әдейі қолдан ұйымдастырылған ашаршылық салдарынан 2 миллионға жуық қазақ қырылған. Ал 1 миллионнан астам қазақ шетелдерге қашуға мәжбүр болды. Міне, осы алапат оқиғалар халқымызға үлкен демографиялық залал тигізді. Егер саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық орын алмағанда, біз 21 ғасырды 50 миллион қазақ болып қарсы алар едік.
Сәкен Сейфуллин ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен басталған шара, «Сталиншілдік және Қазақ зиялыларының қасіреті» атты ғылыми семинармен жалғасты. Оқу орданың зерттеушілері мен аға оқытушылары «Жазықсыз жапа шеккендер», «20-30 жылдардағы қоғамдық-саяси үрдістер» тақырыптары бойынша баяндамаларын оқыды. Сондай-ақ, Қазақстандағы мәдениет, әдебиет, өнер саласының талантты ұйымдастырушыларының бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтың еңбектері жайлы айтылды. 1933 — 37 жылдар аралығында Қазақстан үкіметінің халық ағарту комиссары қызметтерін атқарған кездері ол, білім саласын мықтап қолға алған. Жүргеновтың тікелей ат салысуымен “Қазақстанда мектеп жүйесін реттеу және қазақ орта мектептерін көбейту туралы” қаулы қабылданып, қазақ орта мектептерінің саны артты. 4 жылдың ішінде 400 жуық мектеп салынды. «Қазақ білім алу керек» деп, мектепте онжылдық білім беру жүйесін бекіткен. Абай атындағы опера және балет театры ашылды, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ашылды. Еліне елеулі еңбектер сіңірген тұлғаның құрметіне неліктен көркем фильм түсірілмеске. Неге ақындар айтысын ұйымдастырмасқа деген пікірлер айтылды. Сондай-ақ, 20-30 жылдарды толыққанды зерттегіміз келсе, Өзбекстанға бару керек. Сондағы мұрағаттарда құнды деректер бар делінді.
«Аталмыш шараны жылдағы 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне байланысты науқан деп есептемеу керек. Себебі осы уақытқа дейін жасалған зерттеулер мен жазылған еңбектер бар. Соларды саралай отырып, қорытынды жасауға тырыстық. Бұған дейінгі зерттеулердің кемшін қалып жатқан тұстары, әлі де зерттеушілердің назар аударатын тұсатрын талқылап, өңделген материалдарды көпшілікке қалай насихаттау керек деген мәселені басты назарда ұстадық.» Сонымен қатар, семинар барысында оқылған зерттеулердің барлығы «қазіргі заман тариxы» атты оқу-әдістемелік құралына еңгізілетінін айтты C. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Өмірбай Жолдыбекұлы.