Алматы облысында бүгінгі таңда 432 мыңнан астам жас тұрады, оның ішіндегі 333 мыңға жуығы ауылдықтар.
Облыстағы мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға бөлінетін қаражат көлемі жылдан жылға ұлғаюда. Мысалы, осыдан үш жыл бұрын жергілікті бюджеттен 209,3 млн. теңге бөлінген болса, биыл жастардың игілігі үшін 435,2 млн. теңге қарастырылған.
Бүгінгі таңда облыс орталығындағы іргелі ғимараттардың бірінен саналатын Жастарға қызмет көрсету орталығы білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді, өзіндік ойлары бар, жалынды қыз-жігіттердің жиі бас қосатын орнына айналып үлгерді. Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Айдын Нұрмұханбетұлының айтуынша, Жастарға қызмет көрсету орталығына күніне 300-400-дей жас атбасын бұрады екен.
Ал заманауи құрылғылармен жабдықталған Жастарға қызмет көрсету орталығы өз кезегінде жастардың жаңа идеялары мен жобаларына бағыт береді, күш-жігерін біріктіріп, түрлі мәселелері бойынша көмек көрсетуде. Жастардың әрі демалатын, әрі білімін жетілдіретін, әрі пікір алысатын, оларды жан-жақты қолдауға барлық мүмкіндік жасайтын ортақ шаңырақта «Жұмыспен қамту жол картасы — 2020», «Қолжетімді тұрғын үй — 2020», «Серпін — 2050», «Дипломмен ауылға» бағдарламалары бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Жетісу жастары айтулы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне де атсалыспақ. Онда өткізілетін шараларға түрлі қызмет бағыттары бойынша 100 ерікті қатысуға ынта білдіріп отыр. Нақтырақ айтсақ, қалалық — 50, ауылдық 50 ерікті қыз-жігіт ағылшын тілінен оқытылып дайындалуда.
Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің «Көшбасшы – 2016» жастар сыйлығы бойынша «Үздік жас саясаткер» атанған, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті ғылыми зерттеу нәтижелерін коммерциализациялау офисының директоры Дамир Дигай мен «Үздік жас журналист» номинациясын қанжығасына байлаған, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің облыстағы меншікті тілшісі Самал Қабышева да өз ойларымен, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Алматы облысының өңірлік коммуникациялар қызметі