Домой Блог Страница 200

Қорқынышты фильм қарай алмайтындарға

Қорқынышты фильм қарай алмайтындарғаҚорқынышты кино кейіпкерлері өмірде жоқ екендігін біле тұра, қазір жаныңызға келіп қалардай қатты қорқасыз ба?  Онда мына кеңестер мен ақпараттар сіз үшін маңызда болмақ.

Қорқынышты фильмдер психикаға қатты әсер етеді. Себебі:
— Сіздің санаңыздың түпкі жағында тығылып жатқан барлық қорқыныш, уайым, реніш сияқты тыйым салынған эмоциялардың барлығы дерлік оянады.
— Жасөспірімдерге ерекше әсер етіп, оның мінезін өзгертіп жібереді. Мысалы, Қытайда жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен қорлық күрт көбейіп кеткендіктен, сол кездері «Өлім күнделіктері» атты фильмнің көрсетіліміне тыйым салынған.
— Вашингтон қаласында 2009 жылы биохимиктер өткізген тәжірибе барысында бөлінген антиденелер қайда барарын білмей, адамның өзін жегідей жеген екен. Тәжірибе бойынша адамдар тобын үш түрлі жанрдағы фильмге кіргізеді. Бастапқы драма мен документальді фильмді көргенде олардың бойынан еш өзгеріс байқалмаған көрінеді. Алайда қорқынышты фильмнен кейін ғалымдар көрермендердің ағзасында антиденелер күрт көбейіп кеткендігін байқайды. Естеріңізге сала кетейік, антиденелердің басты міндеті -ағзаны түрлі ауру қоздырғыштарынан қорғау. Бірақ қорқынышты фильм көру салдарынан бөлінген антиденелер ешбір ауруқоздырғышын таба алмағандықтан, өз міндетін атқару мақсатында басқа мүшеге шабуыл жасалғаны анықталыпты.

Дей тұра үрей туғызатын фильмдер соншалықты жаман емес. Олардың пайдалы жақтары да бар екен:
— Адамның жүйке жүйесіне арналған мықты тренинг. Бұндай жанрдағы фильм фанаттары өте шыдамды келеді екен. Яғни, олардың сағын сындыру қиын.
— Адреналин алу үшін жақсы әдіс. Психологиялық клиниканың профессоры Дэвид Раддтың айтуынша, мұндай фильм тамашалағандарда ләззәт алу процессі жүріп, реалды өмір мен реалды емес өмірді ажыратып отырады екен.
— Фобияңызды, психикалық ауытқуларды жеңу мақсатында көруге болады. Қорқынышты фильм қарау арқылы, бойыңыздағы қорқу эмоциясын жойып, түрлі жағдайға бірқалыпты қарайтын боласыз.

Ал енді кеңестерге келетін болсақ:
— Қарап отырғаныңыз тек қана фильм екенін үнемі есіңізге салып отырыңыз. Қарайтын қорқынышты фильмнің ең әуелі түсірілім алаңы кезіндегі видеоларын қарап алыңыз. Фильмнің қалай түсірілгенін біліп отырып қарасаңыз, жеңіл болады.
— Сатиралық қорқынышты фильмдерді қарап көріңіз.
— Қорқынышты көрсетілімдерінде ойыңызды басқа нәрсеге аударуға тырасыңыз. Мәселен, біреу шыңғырып жатса, «неге шыңғырады», немесе «не киіп алған» деп басқа жағынан ойланып көріңіз.
— Қорыққан кезіңізде күліп көріңіз. Ол миды реакциядан аулақ болуға көмектеседі.
— Фильм бастан-аяқ қорқынышты бола бермейтінін, адамдар өле бермейтінін ескеріңіз. Фильмдегі жайбарақат уақытта сіз ойланып, келесі жолы қорықпауға дайындалып алуыңызға болады.
— Қорқынышты фильмді күндіз қарауға тырысыңыз.
— Жаныңызға сізге жақын немесе қорқынышты фильмді жақсы көретін адамды алыңыз. Сонда ол өзін де сізді де қорқыта алмайды.

Автор: Бағила Ағайдар

«Лабутен» туралы білесіз бе?

«Лабутен» туралы білесіз бе?«На лабутенах»…
Осы әнді тыңдап, клипін көрген шығарсыздар. Ленинград-Экспонаттың бұл клипі егжей-тегжейлі ойластырылған, әр ұсақ-түйекке мұқият мән беріп түсірілгендігі көрініп тұр. Сірә, соның нәтижесінде, аздаған уақыттың ішінде бұл туындыны 30 млн.-нан астам адам тамашалады.

Қыздар үшін киім, аяқ киім, аксесуарлардың маңыздылығы айтпаса да белгілі.  Сонда осы клипке арқау болған «лабутен» дегеніміз не?

Лабутен — биік өкшелі туфли түрі. Бұл бренд биік талғамның белгісі болып есептеледі. Адам фантазиясы ұшқырлығының нәтижесінде пайда болған басқа да туындылар тәрізді бұл туфли түрі де кездейсоқ пайда болған. Кристиан Лубутен өз көмекшісінің қолынан туфли мен қызыл бояуды көрген кезде туған идея. Әрі қарай фантазия өз дегенін жасаған.

Дизайнердің тегімен аталған сөзді орыс сәнқойлары қате атап, солайша лексиконда қалып қойса керек. Бұл туфлидің ерекшелігі: оның қай түсте екендігі маңызды емес, бастысы табаны қызыл түсте болуы керек және биіктігі 12 сантиметрден кем болмауы керек. Ал қазіргі ең танымал түстер: қызыл, қара, ақ және қоңырқай түс (бежевый).

Қызыл түсті лабутенді ақ, қара және қоңырқай (бежевый) түсті киімдермен киген жөн.

Қара түсті лабутенді ресми стильдегі киімдермен киген дұрыс. Әрине, қара түсті стандарт деп қарайтынымыз да бар.

Ақ түсті лабутен пәктік пен нәзіктікті бейнелейді. Сондықтан қалыңдық бейнесіне керемет сәйкес келеді.

Ал ең актуальді нұсқа қоңырқай түсті лабутен. Джинсымен де, әр түрлі белдемшелермен де керемет үйлеседі. Басқа да стильдермен сәйкестендіруге болады, себебі түсі — стандартты.

Ал әр түрлі кештерге баратын болсаңыз, жылтыр лабутен оптимальді нұсқа.

Ал бағасына келсек, жеткілікті мөлшерде қымбат тұрады. Түпнұсқалары 400 доллар.

Назерке Сүлен

Креативтілікті дамытатын 5 жаттығу

Креативтілікті дамытатын 5 жаттығуКездейсоқ болсын, болмасын, қараңғы түнекте пайда болған кішкене ұшқын үлкен отқа себепші бола алады. Сол ұшқынды креатив деп қарауға болады. Ол бір парақ қағаз бен қалам арқылы тұжырым немесе жарнама ұранын ойлап табуға мүмкіндік беретін қалыпты жағдайдан тыс ойлау қабілеті.

Сонымен, кімнің креативті адам болғысы келмейді?! Бірақ оны қалай жасау керек екенін көбісі біле бермейді.

1. Екі кездейсоқтық.
Түсіндірме сөздікті алып, кездейсоқ екі сөзді таңдап алыңыз. Жай ғана кез келген беттен сөз таңдаңыз. Екі сөзді салыстырып, екеуіне ортақ нәрсені табуға тырысыңыз. Арасындағы байланысты пайдаланып, ақылға қонбайтын оқиға ойлап табыңыз. Бұл жаттығу миыңызды жақсы жаттықтырады.

2. Есі ауысқан генетик.
Фломастер мен ақ парақ алыңыз. Егер сіз сурет сала алмайтын болсаңыз, тіпті, керемет, себебі, бұл жерде сурет әдемілігі маңызды емес. Маңыздысы – процесс. Мейлінше көп жануарлардың бір белгісін бойына жинаған жаңа жануарды салыңыз. Сіздің қолыңыздан келеді. Мысалы, балықтың қабыршағы бар түлкі, тұяғы бар ұзынқұлақты қоян. Жаттығудың мақсаты – логика мен қалыптасқан ойларды жойып, креативтілікке көңіл бөлу.

3. Ессіз сәулетші.
Жануарлардан сәулетке көшіп, үй саламыз. Тапсырмаға көшпес бұрын, кез келген 10 сөз таңдаңыз. Сәулетші ретінде сізге үйдің жобасына тапсырыс берді деп елестетіңіз. Бірақ, тапсырыс беруші міндетті 10 талабын айтты. Ол таңдап алған сөздеріңіз болады. Ол жерде әртүрлі сөз болуы мүмкін. Мысалы, «банан» — үйдің шатыры сары түсті болуы керек, «тарелка» — терезелерді дөңгелек қылыңыз, т.б. Суретті сала отырып, үйдің шынайы өмірдегі болуы мүмкін бейнесін елестетіп отырыңыз.

4. 10+10
Зат есім болатын бір сөзді таңдаңыз. Оған сәйкес келетін 5 сын есім жазыңыз. Мысалы, «көйлек» — жеңіл, әдемі, таза, көк, ұзын. Енді, оған сәйкес келмейтін 5 сын есімді жазыңыз. Міне, осы жерде бәрі тоқтап қалады. Ол оңай шаруа емес. Қабылдау мен түсінудің әртүрлі салаларын қарастырып, қажетті сөздерді табыңыз.

5. Есім, тақырып.
Сізді бір нәрсе қызықтырған уақытта оған есім ойлап табуға тырысыңыз. Ол қысқа да нұсқа, ұзын да астарлы болуы мүмкін. Жаттығудың мақсаты – есім сізге міндетті түрде ұнауы тиіс.

Ботакөз Қамзан

Өмірдің 5 сабағы

  1. Мүмкіндіктерді жасауыңыз және іздеуіңіз керек.
    Мүмкіндіктерді іздемеген адамға сәтті мүмкіндіктердің есік қағуы сирек кездеседі. «Университетте не үшін оқып жүрміз? -Мүмкіндіктер үшін». Бірақ сол мүмкіндіктерді өз дәрежесінде қолданып жүрміз бе? Ай, қайдам. Қандай да бір ұсыныс түссе, қорқып, бас тартуға дайын тұрамыз. Қателіктердің біз үшін сабақ болатынын ескеріп, мүмкіндікті қолдан жіберіп алмауға тырысыңыз.
  2. Көңілдің толмауы — көңіл толмайтын жағдайларға алып келеді.
    Егер бір заттың тек жаман жағын ойласаңыз, міндетті түрде соны көресіз. Айтады ғой, ағаштан түсіп жатқан жапырақты көрсең де қуан деп. Барлық жағдайға позитивпен қарамайтын болсаңыз, өміріңізде кездескен керемет жақсылықтарды да аңғармай, тек жаман жағын байқап қалуыңыз мүмкін. Сонымен қатар, көңілдің толмауы жалғасын табады, дер кезінде тоқтатпаса. Көңілді, қуанышты, риза болып жүргенге не жетсін!
  3. Сіздің қазіргі жай-күйіңіз болашағыңызды анықтамайды.
    Жеке үйіңіздің болмауы немесе кең сарайдай үйде тұруыңыз, бай не кедей екендігіңіз, орта балдың 4 немесе тым нашар болуы, тағы басқалар ешқандай маңызға ие емес. Ең бастысы өз бойыңыздағы талпыныс, талант, қалау. Егер бойыңыздан осы қасиеттер табылса, сіз ала алмайтын қамал жоқ. Кедейдің бай болуы, байдың кедей болуы туралы күнде естіп жүрміз емес пе? Яғни, бәрін жасайтын тек өзіміз, құрдымға кетсек те, биік белеске жетсек те.
  4. Егер сіз басқаларға көмек көрсетпесеңіз, өзіңізге де көмектесе алмайсыз.
    Ең қарапайым көмек түрлері де ғажайыптар жасай алады. Жәй ғана есікті біреу үшін ашып тұрғаннан да өзіңізді керемет сезіне аласыз. Біреуге көмегің тисе — өзіңнің де көңілің көтеріліп қалады емес пе? Соңында міндетті түрде сізге де біреудің көмегі тиеді. Өмір алма кезек. Үнемі өзіңді ғана ойлап, ешкімге қол ұшыңды бере алмасаң, жауап та солай болады.
  5. Хобби- ең жақсы жұмыс.
    Өзің айналысып жатқан іс тек ақша үшін емес, өз қалауыңды қанағаттандыру үшін болса, үлкен нәтиже берері анық. Бұны жұмыс деп айтуға да келмес. Жасап жатқан ісің өзіңе ұнайтын болса, оны дамытудан рахат аласың. Ерте ме кеш пе ол сіздің табыс көзіңізге айнала алады. Ал жасап жатқан іс тек ақша үшін болса, қалағаныңызға жете алмайсыз, себебі, ол кезде тек санға мән беріліп, сапа жайында қалады.

Назерке Сүлен

Гарвардтық оқытушының бақытқа жету жайлы 101 сабағы

fonstola.ru-158935Біз бен сіздің өмір күнделікті миллиондаған кішкене таңдаулардан тұрады. Ең үлкен жеңістер мен жер жарар атақтар күнде жасаған кішкентай әрекеттерден бастау алады. Күнмен келіспей, төсекте жата беру ма, ерте тұрып, таңдаулардың санын көбейту ме? Тағдырға өкпелеу ме, мәселелерді мүмкіндіктерге айырбастау ма? Сіз қайсысын таңдайсыз?

Тал Бен-Шахар 10 жылдан аса уақыт бойы бақытты зерттеген. Тіпті, жыл сайын мыңдаған студенттер қатысуға келетін курсының Гарвардта атағы жер жарады. Ол студенттеріне махаббаттың баяндылығы үшін қалай дұрыс таңдау қажет екендігі мен осы таңдауды жасататын пайдалы әдістерді айтқан. Өзінің «Сен нені таңдайсың?» атты кітабы 101 сабақтан тұрады.

Психологиялық зерттеулердің көрсетуінше, бақытымыздың 40%-ы біз жасаған таңдауларға тәуелді. Іс-әрекетіміз бен ойларымыз – біздің сезімімізге тікелей байланысты. Мәселен, бизнес-жоспарыңыз өтпей, күткен нәтижеге қол жетпеген жағдайда қалай әрекет ету керек екендігін өзіңіз таңдайсыз – ешқашан арыла алмайтын, тағдырдың қатал сынағы ретінде немесе келесі бір жаңа мүмкіндік ашылып тұрған жаңа тыныс ретінде. Оқытушы Тал бір нәрсеге қатты сенімді болды: «Егер, сіз айналаңыздағы оқиғаларға негативті көзқараспен қарауды таңдасаңыз, өзіңізге деген сыйластығыңыз төмендейді, болашаққа пессимизммен қарайтын боласыз. Ал, егер, әр іске жаңа бір тыныс ретінде қарасаңыз, өткеннен сабақ алып, таңдауыңызды жақсы жаққа бұруға талпынасыз».

Бақытты өмірді, бақытты сәттерге жету үшін жасайтын таңдаулар туралы оқытушы Талдан бірнеше кеңестер:

Кейінге қалдыру немесе іске көшу?

Көпшілігіміз прокрастинация аталатын ауруға шалдыққанбыз. Прокрастинаторлардың өте қатты стресске түсетіндігін, үнемі көңілсіз күйде, көп ауруларға шалдығатындығын психологтар дәлелдеді. Әдетте, біз өз күшімізге сенбегенде немесе жұмыс өте көп болған кезде кейінге қалдырып қоямыз.

Прокрастинациямен күресудің жолдары көп, Талдың ұсынысы, меніңше, ең эффектитісі. Ол «Бес минуттық старт» деп аталады. Оның мәні мынада: «Жарайды, мен жұмысты толықтай шешпеймін, тек 5 минутымды ғана арнаймын. Тек 5 минут қана».

Сонда ғана сіз жұмысқа жаппай сенімділікпен қарайсыз, 5 минуттан соң жұмысты бітіріп тастайсыз. Бірақ, 5 минуттан соң сіздің осы ынта-шынтаңызбен жасаған жұмысыңыз сізді өзіне алып кетеді. Бұл деген сіздің қызығушылығыңыз, ынтаңыз жұмысқа ауып, ол 30 минутқа, сағатқа, сіз жұмысты аяқтағанға сдейін созылуы мүмкін. Бес минуттық стартты күнінен 3-4 рет ұйымдастыруға болады.

Бітпейтін уайым немесе мәселенің шешімін табу?
Осы мақаламды жазып отырып, «бесминуттық старт» әдісін пайдаланып үлгердім. Қандай да бір келеңсіздік туындағанда, солар жайлы оймен басыңызды қатырып аласыз. Психолог Марк Уильямс айтқандай, мұндай бітпейтін уайым – келеңсіздікті шешудің жолы емес, қайта келеңсіздіктің бір бөлігі.

Осындай сәттерде Тал мынадай кеңес береді: компьютерде жаңа файл ашып, келеңісіздікке қатысты бар ойыңызды жазасыз. Жазыңыз, оқиға қалай басталды? Неге басталды? Оның қайталанбауы үшін сіз не істей аласыз?

Осыны жасағаннан кейін, жеңілдеп қалатыныңызға сізге кепілдік бар. Бар эмоцияңызды шығарып тастап, таза баспен келеңсіздікке тура қарай аласыз. Сезім қағаз бетіне түскен соң, іске сіздің жеке «Меніңіз» кіріседі.

Негатив тарату немесе махаббатқа бөлену?
Барлығымызға оңай емес, бәріміз біршама күрделі қоғамда өмір сүрудеміз. Күнде бізді біреу немесе бір нәрсе ашуландырады. Осы сәттегі қалыпты жағдайымыз қандай? Жақсылық бумерангын жіберетін болсақ, әлем қадам-қадаммен өзгере бастайды.

Жақсылық бумерангын жіберу үшін, «жақсылық медитациясын» жасаймыз. Ол өте жеңіл, қарапайым әрі махаббатқа бөленуге көмектеседі.

Көзіңізді жұмыңыз, сізге ең қымбат жанды елестетіңіз. Оны қалай құшақтап жатқандығыңызды, жаныңыз қалай жарықтанып жатқанын, жүрегіңіз қалай махаббатқа бөленіп тұрғанын сезініңіз. Оның көзіне қараңыз да, жымиыңыз. Ол жанды елестеткенде жаныңыз қалай жадырап қалғанын, қалай жайлылық сізді жаулағанын сездіңіз ба? Керемет!

Осы қалыпта тұра беріңіз. Енді, қиялыңыздан жаңағы жанның бейнесін алып тастаңыз да, жақсылықтың, ізгіліктің күйін ұстап тұрыңыз. Жасай алдыңыз ба?

Қазір сізде жайлылық пен бейбітсүйгіштік сезілуі керек. Жайлылық қалпында ұзақ тұрғаннан кейін, сізді ашуландырған адамды не затты елестетіңіз. Жүрегіңіздегі махаббат пен жақысылықтың жарығын оған да беріңіз, бөлісіңіз. Осы қалыпта ұзақ тұрыңыз. Қалай жақсарып қалғаныңызды сездіңіз бе?
Уақытыңызды негативке арнамай жақсылықты таратуға жіберіңіз. Бақытты болыңыз.
Қалған кеңестерді «Сіз нені таңдайсыз?» атты кітаптан оқи аласыз.

Бағила Ағайдар

«Астана» әйелдер футбол клубы алдына үлкен міндеттер қойды

«Астана» әйелдер футбол клубы алдына үлкен міндеттер қойдыКөбі футболды ерлерге арналған спорт түрі деп санайды. Алайда биыл құрылған «Астана» әйелдер командасының пікірі басқаша. Нәзік жандылар арасындағы матчтар да тартысты өтеді, ал аяқдоп шеберлері кішкентайынан жаттығады.

Қыздар №8 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде оқытылады, ең кішкентай футболшылар сегіз-ақ жаста.

Елордада жоғары лигада өнер көрсететін кәсіптік әйелдер клубын құру ұзаққа созылды. Команда құрамы биыл қаңтар айында бекітілді. Командаға мектептің үздік шәкірттері енді. Олар күн сайын «Астана Арена» стадионында жаттығады.

Футболшылар тәжірибелі бапкерлердің жетекшілігімен шеберліктерін шыңдайды, дене шынықтыру машықтарын дамытады. Ел біріншілігінің бірінші туры аясында ертең олар Қазақстанның бес дүркін чемпионы — Шымкенттің «БИІК-Қазығұрт» ӘФК алаңға шығады.

Команда сапында әр жастағы спортшылар бар. Ең кішісі – Ұлпан Пазыл – 21 жаста. Ол футболды ұнататынын айтып, елордалық команда құрамына енгенін мақтан ететінін жеткізді.

«Астана» әйелдер командасының көшбасшысы — Мария Ялова.

«Астана» әйелдер футбол командасы Қазақстан кубогының финалисті болып табылады, ертең сағат 12.00 команда шымкенттік футболшылармен кездеседі.

Өзгелердің пікіріне тәуелді болудан қалай құтылуға болады?

Өзгелердің пікіріне тәуелді болудан қалай құтылуға болады?Қаншалықты тәуелсіз болсақ та, бәріміз өзгелердің пікіріне құлақ асамыз. Оған көп көңіл бөлген сайын, ол біздің өмірімізге түбегейлі әсер етуі мүмкін. Адамзаттың табиғаты сол, біз елге сүйкімді, сыйлы болғымыз келеді. Бірақ ол үшін әрдайым ел не дейді екен деп жалтақтау дұрыс па? Елдің не ойлайтыны маңызды емес және мұнымен бас қатырудың қажеті жоқ. Бұл, әрине, ойыңа не келсе соны істеу керек дегенді білдірмейді. Өзіңізге маңызды деген адамдардың пікірін тыңдаңыз, саралаңыз, тек содан кейін ғана не істеу керектігін шешіңіз. Себебі туғандарыңыз да қателесуі мүмкін ғой. Егер сіз әлі де өзгелердің қыспағы мен пікірінен, сөгісінен арыла алмай жүрген болсаңыз, онда содан арылтуға көмектесетін ойлау жүйесін қалыптастырайық.

Адамдардың назары әрдайым сізде деп ойлайтын болсаңыз, қателесесіз

Айналаңыздағы адамдар көбіне өз істеріне және өз шаруаларына қам жейді. Оларды сіздің өміріңізден бұрын өз өмірлері толғандырады. Егер сіздің қызығушылықтарыңыз бен көзқарастарыңыз қандай да бір салада тоғысатын болса, онда бұл сіз ойлағандай жиі емес. Өзіңіз ойлаңызшы, өзгелердің не киіп келгеніне жиі назар аударасыз ба? Жейдесі кірлеген бе? Шалбарының тізесі шыққан ба? Сіз бұл туралы мүлде ойламайсыз немесе бір-екі минуттан көп уақыт құртпайтыныңызға сенімдімін. Міне, өзгелер де дәл солай жасайды.

Бұл сізді толғандырмауы тиіс

Өзгелер сіз жайлы не ойласа да – бұл олардың өз шаруасы. Бұл сізге ешқалай қатысты болмауы тиіс. Біреудің сіз жайлы пікірін естісеңіз де, бұл сізді басқа адам етпейді және көп жағдайда өміріңізді өзгерте алмайды. Өзгелердің пікірін өмірлік маңызы бар пікір деп қабылдаған кезде ғана олар сізге әсер ете алады. Ал бұған жол беруге болмайды. Сіз өзгелердің пікірін қадағалай алмайсыз, сондықтан оған назар аудармай, өзіңізді ғана ойлаңыз.

Сіз ешкімге ұқсамайтын, ерекшесіз

Осыны есіңізде сақтаңыз. Өзгелердің көзқарасына икемделмеңіз. Кеңестер үйін басыңызға кіргізген бойда өзіңіз өз болудан қаласыз. Айналаңызда адамдар көп, ал сіз жалғызсыз. Бәріне жағу қиын. Елге жалтақтамай, өз қалауыңызша өмір сүріңіз және ондай адам тек сіз ғана емес екенін біліңіз. Дәл сіздей адамды табу қиын. Өз ерекшелігіңізді бағалаңыз. Өзіңізді сыйлаңыз. Сонда өзгелер де сізді сыйлайтын болады.

Неге сіз оларды әлі де тыңдайсыз?

Егер біреу сіздің пікіріңізбен келіспесе немесе олардың көңілінен шықпайтын әңгіме айтсаңыз, өміріңіз қаншалықты өзгереді? Сіз бәрін дұрыс емес істеп жатыр деген сайын өзгеруге дайынсыз ба? Олай ойламаймын. Келесі жолы біреудің пікірін көңіліңізге алып қалсаңыз, бұл пікір бір аптадан кейін де сіз үшін маңызды бола ма деп ойланыңыз. Егер сізге тағылған ескерту сізді бір сағаттан артық мазаламаса, онда мұның бәрі бос уайым.

Сіз телепат емес екеніңіз анық

Егер сіздің қандай да бір балгерлік қасиетіңіз болмаса және сиқырлы шар сізге ештеңе көрсетпесе, онда адамдардың не ойлап жүргенін білмейсіз. Егер сіз қарапайым адам болсаңыз, онда өзгелердің ойында не болып жатқанын қайдан білесіз? Бар мәселе, айналаңыздағы адамдардың бар ойы тек сізде деп ойлайтыныңызда. Бұл эгоистікке жатады деп ойламайсыз ба? Егер өзгелердің не ойлап жүргенін білмейтін болсаңыз, онда олардың пікірі жайлы бас қатырмаңыз.

Шынайы болыңыз және осы шақта өмір сүріңіз

Күнделікті өзіңізді қалай сезінесіз, бұл тек сізге байланысты. Қоғам сіздің ісіңізді қолдамайды деген қорқыныш, уайыммен өмір сүресіз бе? Бұл туралы ойлауды доғарыңыз. Бұрынырақта біреу сізге ескерту жасағанынан немесе адамдар сіз туралы жаман ойлайтын болды деп ойламаңыз. Дәл осы шақта өмір сүріңіз және жаң-жағыңызға жалтақтамаңыз. Кең тыныстап, ойларыңыз бен істеріңізге тек сіз жауапты екеніңізді ұмытпаңыз. Тек осылай ғана сіз бақытты бола аласыз. Тек осылай ғана сіз әр адамның өз пікірі бар екенін ұғасыз және оның сізге әсер ету-етпеуін өзіңіз қадағалайсыз.

Сізді қолдайтын адамдармен көбірек араласыңыз

Бәрі қолдауды қажет етеді. Туғандарыңыз қарсы болса да, сізбен келісетін және кез келген бастамаңызға қолдау білдіретін достарыңыз бар болса тіпті тамаша. Физикалық және рухани денсаулығыңызды қолдау үшін сізге таңдау жасау қажет: өзгелердің кеңесі бойынша арманыңыздан бас тарту немесе өз жолыңызды табуға шабыттандыратын адамдармен араласу.

Өзгелер де қоғамның пікіріне алаңдайды

Айналаңыздағы адамдарды да өзгелердің пікірі алаңдатады. Сондықтан, келесі жолы біреу сізді сынайтын болса, өзіңізді соның орнына қойып көріңіз. Бәлкім, сіз ол армандап жүрген, бірақ жасауға батылы жетпеген істі іске асырған боларсыз. Ал енді ол сізді артқа тартқысы келетін шығар? Осыны есіңізде сақтаңыз және сол кезде сізге сынды қабылдау мен өзгелердің іс-әрекеттерінде не астар жатқанын ұғу оңай болады.

Өзіңізбен шынайы болыңыз. Айналаңызда сіз сияқты адамдар жүргенін ұмытпаңыз. Олардың да өз мәселелері бар, олар да сынға қалғысы келмейді, олар да мінсіз емес. Ешқашан қателеспейтін мінсіз адам болмайды. Жай ғана кейбір адамдар сүрініп кетіп, өмір бойы сол жерде тоқтап қалады, ал кейбірі қателігінен аттап өтіп, арманына қадам басады. Қоғамдық пікір дамуыңызға кедергі болмасын және әлемге бар қабілетіңізді көрсетіңіз.

Ал сіз өзгелердің пікіріне тәуелдісіз бе?

Болливуд режиссері Қазақстанда фильм түсіріп жатыр

Болливуд режиссері Қазақстанда фильм түсіріп жатырҚазақстанның табиғаты үнділерді қайран қалдырды. Қатты қызықтырғаны соншалық, енді еліміздің көз тартар көрікті жерлері үнді режиссері Джея Бидің жаңа фильмінде көрініс табатын болды. Ол Астана мен Алматыда екі жастың махаббаты жайындағы фильмінің желісін Арқа төрінде түсіріп жатыр, деп хабарлайды 24kz арнасы.

Былтыр Қазақстанға ресми сапарымен келген Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди еліне оралған соң қазақ даласының тамаша табиғаты, зәулім ғимараттары жайында айтып беріпті. Содан бері режиссер Қазақстанда кино түсіруді мақсат еткен. «Махаббат мезгілі» деп аталатын фильмнің басты кейіпкерлері үнді актерлері болғанымен, оқиғаның негізгі бөлігі Қазақстанда түсіріледі.

Джея Би, режиссер:

— Әдетте киноны Еуропада немесе Америкада түсіреді. Мен Қазақстанда түсіргім келді. Осы фильм арқылы елдеріңіз әлемге тағы бір танылады деп ойлаймын. Туризм саласының дамуына да түрткі болады. Қазақстанға туристер көптеп келеді. Себебі, сіздердің салт-дәстүрлеріңізбен етене танысқысы келетін адамдар көп. Ал фильмді үш айдан кейін экранға шығаруды жоспарлап отырмыз.

Астанада «Музейдегі түн-2016» акциясы өтеді

Астанада «Музейдегі түн-2016» акциясы өтедіҚазақстан Республикасы Ұлттық музейінде 18 мамыр күні сағат 18:00-01:00 уақыт аралығында Халықаралық музей күніне орай «Музейдегі түн-2016» акциясы өтеді, деп хабарлайды Ұлттық музейдің ақпараттық-имидждік қызметі.

Акция барысында Ұлттық музей қонақтары үшін көне және қазіргі Қазақстан тарихы мен мәдениетін таныстыратын барлық залдарға тегін экскурсиялар ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарлама ұсынылады. Мерекелік шара лазерлік шоумен аяқталады.

Айта кетейік, бүгінгі таңда «Музейдегі түн» акциясын өткізу әлемнің 40-тан астам елінде дәстүрге айналған. Қазақстандағы бірқатар музейлер де бұл атаулы датаны үлкен дайындықпен қарсы алады. Ұлттық музей аталмыш іс-шараны осымен екінші рет өткізгелі отыр. Өткен жылы дәл осы акцияға 23 мыңнан астам адам қатысқан болатын.

Астана қаласының тұрғындары мен қонақтарын игілікті бастаманың куәгері болуға шақырамыз.

Қайрат Нұртастың жаңа фильмінде басты рөлді әйелі сомдайды

Қайрат Нұртастың жаңа фильмінде басты рөлді әйелі сомдайдыҚайрат Нұртастың отбасымен етене жақын араласатын Сиви Махмұди әншінің кезекті туындысының құпияларымен бөлісті. Ол фильмде Қайрат Нұртастың әйелі мен төрт баласының ойнайтынын айтты.

Тілшілермен тілдесуге қолы тимей жүрген Қайрат Нұртас жаңа бейнебаян түсіріп жатыр. Аталған бейнебаянда басты рөлді халық күткендей жұбайы емес, белгісіз сұлу сомдайды. Бұдан кейін әнші түсірілім жұмыстары шілде айына жоспарланған фильмге түспек.

“Киноға кірісудеміз. Қазір сценарийі жазылып жатыр. Оны екі ай бойы жазамыз деп жоспарлаған болатынбыз. Көзді ашып-жұмғанша бір айы өтіп кетті. Шілде айында түсірсек, қараша-желтоқсан айларында көрермен назарына ұсынамыз. Бұл туындыда Қайрат Нұртас басқа қырынан танылады. Ал басқа құпияларды әзірге айтпай қоя тұрайын”, – дейді Гүлзира Айдарбекова.
Продюсер жасырғанымен, бұл құпияны өнер жұлдыздары жақсы білетін болып шықты. Қайрат Нұртастың отбасымен етене жақын араласатын Сиви фильмге кімнің, қалай түсіп жатқанын айтып берді.

“Көп жылдан бері жасырып келген соң өзгеше етіп ашқысы келеді. Гүлзира апамыз халықпен таныссын деген оймен кино түсіріп жатыр. Мұнымен қатар, ақша жинасақ деген де ойлары бар. Сонша жасырған соң еңбектері еш кетпеуі керек қой. Құдай қаласа, кинода жұбайы мен төрт баласы ойнайды. Басты рөлді Қайраттың әйелі мен төрт бала-шағасы сомдайды”, – дейді Сиви Махмұди.

Сиви Қайраттың әйелінің бұл рөлді алып шыға алатынына толықтай сенімді.

Әнші 2013 жылы “Өкініш” атты өмірбаяндық туынды ұсынған. Аталған фильмде әке-шешесі мен бауырлары, өнердегі достары ойнаған болатын.

alashainasy.kz